Қоянды жәрмеңкесіннен бері 200 жылға жуық уақыт бойы қаржы сақталған сейф музейге тапсырылды (ФОТО)

Дүйсенбі, 14 Қараша 2016 01:01
Қоянды жәрмеңкесіннен бері 200 жылға жуық уақыт бойы қаржы сақталған сейф музейге тапсырылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласындағы тарихи-өлкетану музейінің қоры тағы бірнеше құнды жәдігермен толықты. Жергілікті тұрғын, аудандық қазынашылық бөлімінің басшысы Мұрат Тойынбеков 19-ғасырдың ортасында жасалған үш бірдей көне сейфті тапсырды, деп хабарлады «Хабар 24» арнасы. 

Бұл бұйымдар қазынашылық бөлімінде бүгінгі күнге дейін пайдаланылып келіпті. Ал әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде сауда айналымынан түскен қыруар қаржы дәл осы темір сандықтарда сақталған деген дерек бар. Кілт салатын ұяшығын ашу үшін басатын кнопкасы бар. 1850 жылдары жасалған көне сандықтарды кез келген адам аша алмайды. Құпия құлыптары бар. Салмағы бір тоннадан асатын сейфтер осы күнге дейін өте жақсы сақталған. Оның бірі Мәскеуде құйылса, енді бірі Санкт-Петербургтағы «Сан-Галли» зауытынан шығыпты.

 «Қоянды жәрмеңкесінің жанындағы қазынашылық үйі деген Қарқаралының басынан арнайы, патша жарлығымен ғимарат ашылған. Сол үйге осы сейфтер әкелінген. 150-200 жылға дейін Қарқаралы өңіріндегі қазынашылық үйінде халыққа қызмет жасап тұрды», - дейді  Қарқаралы аудандық қазынашылық бөлімінің басшысы Мұрат Тойынбеков.

Көне сейфтер дәл осынау қазынашылық бөлімінің ғимаратында ұзақ жылдар пайдаланылып келген. Мұнда шамамен 19-ғасырдың ортасында жеткізілген болуы керек деп болжайды. Себебі шаһардағы ғимараттардың басым бөлігі сол жылдары салынған. Бұл архитектуралық ескерткіштер бүгінде мемлекет қорғауына алынды. «Енді келешекте Қарқаралыны ашық аспан астындағы музей қалаға айналдыруға әбден болады», - дейді тарихшылар.

Мұрат Тойынбековтің қызмет бөлмесінде тағы бір көне сейф сақтаулы. Жәдігер әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр, онда ол құнды құжаттарын сақтайды. Келешекте бұл сейфті де музей қорына өткізу жоспарында бар.  

 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Әсет Асайынов

976 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper