Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің табыстары

Дүйсенбі, 16 Наурыз 2020 19:22
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің табыстары KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбедегі облыстық өлкетану музейі 90 жылдық тарихы бар, өлкеміздің өткені мен бүгіні туралы сыр шертетін ғылыми-зерттеу, насихат орталығы. Осы жылдар ішінде «естелікті сақтаушы көне құндылықтардың ғибадатханасы» қоғаммен бірге өсіп, өркендеді.    

Облыстық музей 2018 жылдың күзінде Батыс – 2 ауданы, Ораз Тәтеұлы көшесіндегі жаңа ғимаратқа қоныс аударған еді. Бұл ғимараттың салынуына үлкен үлес қосқан   Қазақстандық кәсіпкер, меценат және қоғам қайраткері, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Исламбек Сәлжанов болатын.   

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне айналуы тиіс» деп айтқан еді. Ендеше өңірден шыққан кәсіпкердің мәдениетті қолдауы көпке үлгі.

«Алтын Қыран» компаниялар тобы мен «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қорын құрған Қазақстан ұлттық Кәсіпкерлер палатасының президиум мүшесі, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы атанған Исламбек Сәлжановқа жерлестерінің айтар алғыстары  шексіз.

 Қазіргі кезде музейде  10 зал  - «Табиғат»,  «Археология», «Құнды және сирек кездесетін жәдігерлер», «Қазақ хандығы», «Этнография», «1869-1940 жж. өлке тарихы», «Ерлік пен Даңқ», «1945-1991 жж. Ақтөбе өлкесінің тарихы», «Тәуелсіздік жолымен», Көрме залы  - қызмет көрсетеді.    

Бүгінге дейін жинақталған музей қоры - оның ең басты көрсеткіші мен мақтанышы. Мұнда 115 мыңнан аса  экспонат есепке алынған. Олар – минералогия, палеонтология, ботаника, археология, тұрмыс пен этнография, қол өнері мен зергерлік бұйымдар, нумизматика, сирек кітаптар, деректі құжаттар, фотоматериалдар коллекциялары.

Бекітілген жоспар бойынша, сондай-ақ қор жинау мен сақтау және ғылыми-зерттеу, көрмелер ұйымдастыру мен насихат жұмыстары одан әрі жалғасын тауып келеді. Ал, музейде арнайы Көрме залының болуы, экспозициялық көрме жұмыстарына ерекше мән беріліп, келушілердің сұранысын тудыратын көрмелер ұйымдастырып өткізуге мүмкіндікті арттырды.  

Жаңа музейдің қолданысқа берілуі жылжымалы көрменің, яғни, 2018 жылдың 14 қарашасында   Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының»  қорынан «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылу рәсімімен тұспа тұс келді. Көрме 2019 жылдың 19 қаңтарына дейін облыс жұртшылығына насихатталды, көрме экспозициясының негізінде шолу экскурсиялары жүргізілді. 

Экспозициялық-көрме жұмыстары музей ісінде маңызды болып табылады. Өйткені музейге келуші мен музей жәдігерлері көрме залында байланысқа түседі. Көрмелер белгілі бір тақырыптарға, бағдарламаларға сай жасалады. Музей көрмелерін жасақтаушылар көрме жасақтауда алдарына мақсат қойып, соны жүзеге асырады.     

Музейде жеке авторлық көрмелер, тақырыптық көрмелер, қордан алынып ұйымдастырылған көрмелер, есептік көрмелер ұйымдастырылып өткізіліп отырады.  

 Белгілі ғалым, этнограф Серік Әжіғалидың  «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері» фотокөрмесі, музей қорынан қазақ халқының ұлттық киімдер және зергерлік бұйымдар көрмесі қойылып, экскурсиялар ұйымдастырылды.

 «Ғасырлар мұрасы – халық қазынасы» көрмесіне ежелгі көшпелілер мәдениетінің материалдық құндылықтары мен жаңа замандағы қол өнер шеберлеріне тиесілі бұйымдар қойылды. Атап айтқанда, ат-әбзелдері, тұрмыстық заттар, орта ғасырлық оқымыстылар жайлы мәліметтер, сармат дәуіріндегі бағалы алтын әшекей дүниелер және бергі кездегі күміс сәндік бұйымдар т.б. жәдігерлер. Мақсаты Елбасы мақаласының маңыздылығын жастар арасында насихаттап, музей қорында сақталған, талай ғасырдың оқиғасына куә  тарихи-мәдени мұрамызды көпшілікке таныту және жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі құралына айналдыру болды.

  18 мамыр - Халықаралық музейлер күні қарсаңында өткен «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы барысында облыс, қала тұрғындарының сыйға тапсырған заттарынан уақытша көрме жасақталды. Акция  Ақтөбе қаласының 150 жылдығына, облыстық тарихи-өлкетану музейінің 90 жылдығына және Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласына арналды. Мақсаты: Ақтөбе өңірінің ежелгі тарихы бойынша, халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын қолөнер және зергерлік бұйымдар, қылқалам туындылары, тұрмыстық бұйымдар мен өзге ұлт өкілдерінің ұлттық, тұрмыстық заттарын, сирек кітаптарды жинақтау арқылы өлкеміздің өткені мен бүгінінің куәсін келешек ұрпаққа жеткізу.

 Облыстық музей қорында 115 мыңнан астам экспонат есепке алынған болса, оның 80% халықтың қолдауымен сыйға тапсырылған заттар.  Көрме залындағы қала тұрғындары сыйға тапсырған заттар көрмесі де ерекше қызығушылық тудырды. Көрмеде Ақтөбе қаласының алғашқы имамы Ахмет Фазыл Құрбанаевтың фотосуреті, Қобда ауданында діндар, молда болған әкелі-балалы Үбінияз ишан және Ұзақ Ешниязовтардың заттары, Әйтеке би ауданы бұрынғы тұрғыны Әбдин Тәжидің қасқыр ішігі мен баласына арнап өлкемізге танымал шебер ұста, ерші Құмақов Соңғыбайға жасатқан  ері, музей ісінің ардагері С.Сүйінтаева сыйлаған ұлы ақын Абайдың 150 жылдығына арналған панно, «Возрождение» неміс қауымдастығы ұсынған ұлттық киім мен кітаптар, 1986 жылы Чернобыль апатын жоюға қатысқан ақтөбелік ардагерлер сыйлаған қорғаныш киімі мен аспаптар,«Қазхром» АҚ-ның АФЗ жұмысшыларына арналған киім үлгісі, жерлесіміз атақты геолог-барлаушы Нәрен Имашевтің жеке заттары, Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасы болған Сапар Сагинтаевтың жеке заттары мен құжаттары, облыстық халық шығармашылығы орталығынан түрлі музыкалық аспаптар, қала тұрғындары М.Танирбергенова, А.Арыстанованың ыдыс-аяқ, қолөнер бұйымы, Қырғызстан және Кавказ елдерінен кәдесыйлар қойылып, келушілер назарына ұсынылды.

Шара барысында Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы, облыстық атқару комитетінің төрағасы болған, Еңбек Ері С.Сағынтайұлы,Мәдениет және қоғам қайраткері, мәдениет саласының ардагері, музей жанашыры Е.Ж.Құрманбеков, Н.Имашевтің немересі Н.О.Маметов, шебер А.Т.Түймебаев, 1986 жылғы Чернобыль апатын жоюға қатысқан ақтөбелік ардагерлер қоғамының өкілі  Б.Сатов, Ұлы Отан соғысының ардагері К.Өміртаевтың қызы Б.Өміртаева, белгілі суретші О.Хайруллин, қала тұрғыны Д. Жакупова, белгілі зергер Б.Т.Атраубаевтар сөз сөйлеп, музей қорына жәдігерлер тапсырды. Қонақтар мен акцияға белсенді қатысушыларға музей атынан Алғыс хаттар табысталды.

Акция жергілікті  телеарналар, «Тандем» радиосы және музей әлеуметтік желісі арқылы насихатталды.  

 2019 жылдың тамыз айында Елбасының бағдарламалық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында  «Шежірелі өлке шеберлері» тақырыбында  қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып өткізілді. Көрменің басты мақсаты: ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олар­дың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихат­тау. Ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған атақты халық шеберлері туралы жастарға айтып, таныстыру. Бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, кәсіп ретінде дамыту.

Көрмеге  елімізге танымал қолөнер шеберлері: ҚР Суретшілер одағының мүшесі, шеберлер Одағының мүшесі, дәстүрлі музыкалық аспаптардың шебері   Е.Әбіловтің, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Шеврон корпорациясының және де ЮСАИД-тің жоғары марапат иегері, Н.Жақыбаевтың,  ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы, зергер Болат Атыраубаевтың  және Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Л.Бердібекова, Г.Асқарова, Ұ.Назарова, Ж.Тұрдалина, Г.Аязбаева, Т.Аятхан, А.Көшетеров сияқты қолөнер шеберлерінің қолдарынан шыққан бұйымдар қойылды.

 Өткен жылдың қазан айында Темір ауданы Тасқопа елді мекенінің маңынан б.з.д. V  асырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны табылған еді. Мардымды жауап іздеген жұрт музейге сұрау сала бастаған болатын.  Осыған орай Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Ақтөбе облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі «2019 жылғы Ақтөбе облысындағы археологиялық зерттеулер» тақырыбында көрме ұйымдастырды. Ақтөбе облысының өңірлік ғылыми бағдарламасы облыс әкімі О.С.Оразалиннің бастамасымен жасалды. Бес ғылыми зерттеу жобасы жүзеге асырылды: «Ақтөбе өңірінің ежелгі бақташылары мен металл өңдеушілері», «Ерте көшпенділердің элиталық ескерткіштерін археологиялық тұрғыдан зерттеу», «Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Ойсылқара мен Моңғолсай тарихи-мәдени кешендері», «Доңызтаудағы Жезді қала-ордасы – Оғыз мемлекетінің бірегей ескерткіші», «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы» атты басылымын әзірлеу және баспадан шығару.

Көрме бойынша келушілерге экскурсиялар жүргізіліп, өлкенің бай тарихи-мәдени мұрасын насихаттайтын бес ғылыми зерттеу жобасы туралы деректер айтылды. Өйткені музей қызметкерлері өсіп келе жатқан жас ұрпақты ата - бабаларымыздың жасап кеткен мәдени қазына байлықтарының үлгілеріне қанықтырып, жеке адамның да, бүкіл қоғамның да рухани жетілуіне ықпал жасайды.

Бүгінгі таңда тарихи-мәдени құндылықтарымызды дәріптеуде аудиториямен жүргізілетін жұмыстың бірнеше түрлері бар. Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттауда жаңадан үрдіске енген озық әдістерді пайдалана отырып, өлкетану тұрғысындағы маңызы зор көрмелерге баса көңіл аударып, жиі ұйымдастырып өткізіп отырсақ үлкен-кішімізге берер тағлымы мол болмақ.   

 

Алмагүл САРЫБАЙ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің

экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар

бөлімінің меңгерушісі

195 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper