Н.Назарбаев «Ұлы дала» музейін ашуды ұсынды

Сәрсенбі, 21 Қараша 2018 11:29
Н.Назарбаев «Ұлы дала» музейін ашуды ұсынды KAZMUSEUM.KZ -  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында  «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу туралы идеясын айтты, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді.

Сонымен қатар «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады.

Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ.

Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет», делінген мақалада.

Айта өтейік, бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Мақала негізгі екі бөлімнен және қорытынды бөлімнен тұрады.

227 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper