Елімізде жаңадан салынатын және ғимараттары жаңаратын музейлер көбейіп келеді Таңдаулы

Бейсенбі, 12 Сәуір 2018 01:35
Елімізде жаңадан салынатын және ғимараттары жаңаратын музейлер көбейіп келеді KAZMUSEUM.KZ -  

Еліміз тәуелсіздік алған жылы небәрі 97 музей болса, қазіргі уақытта оның саны 2,5 есеге дейін өсіп, музей саны 240-қа жетті. «Таяу уақытта бұл көрсеткіш 250-ге дейін жетуі мүмкін» деп жазады kazmuseum.kz сайты.  

Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, еліміздегі алдағы уақытта Ботай мәдениетіне арналған музей ашылады. Ботай қоныстарын профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен құрылған экспедиция зерттеген болатын.  Ғалымдар зерттеу кезінде “Ботай қонысында жылқы алғаш рет қолға үйретілген” деген тұжырымға келген еді. Демек, бұл музей біздің әлемдік деңгейдегі мақтанышымызға айналары сөзсіз.

Жаңадан ашылатын музейлердің қатарында Бозоқ қорық-музейі де бар. Әлкей Марғұлан, Кемел Ақышев тәрізді ғалымдардың еңбегіне арқау болған Бозоқ қалашығы музейге айналса Астана қаласының мәдени кеңістегі ұлғайып, тарихының терең екендігін көрсетуге зор мүмкіндік болатыны анық.

Ал, Атырау облыстық әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл Сарайшық тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылысы басталады. Облыстың Махамбет ауданында салынатын бұл кешенінің құрамында музеймен қатар, қонақ үй, демалыс орындары да болады деп жоспарланған.

Сондай-ақ, Астанада алдағы күзде Бейбітшілік және келісім музейі ашылады. Музейдің мазмұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың діндер мен ұлттар арасындағы татулықты көздейтін миссиясы жайында болмақ.

Ғимараттары кәсіби талаптарға сай келмейтін музейлерді жаңартуға қатысты жағымды жаңалықтар да бар.

Музейге арнап ғимараттар салу жағынан еліміздің Батыс өңірлері алға шығып тұр. Мысалы,  Ақтөбедегі 90 жылдық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының сапасы сын көтермей келген еді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен белгілі меценат Исламбек Сәлжановтың қолдауымен қазіргі уақытта облыстық музейдің жаңа ғимараты салынуда (Басты суретте - Ред.). Музейдің ашылуына таяу уақытта бәріміз бірге куә болуымыз мүмкін. 

Батыс өңірдегі Атырау облысындағы тарихи-өлкетану музейінің ғимараты алдағы уақытта заманауи талапқа сай салынған ғимаратқа орналасады деп жоспарланған.

Павлодар облысында да заманауи талапқа сай музей салу туралы ұсыныс айтылып, жобасы ұсынылған.

Айта өтейік, Kazmuseum.kz сайты жаңадан салынатын және ғимараттары жаңаратын музейлер туралы алдағы уақытта да хабарлап отыратын болады.

374 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper