Алматы тарихы музейі туралы не білеміз? (ФОТО)

Сәрсенбі, 12 Шілде 2017 03:24
Алматы тарихы музейі туралы не білеміз? (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы музейі 2001 жылы ашылған. Бүгінде ол Жетісу өңірінің тарихи-мәдени мұраларының барлық саласын қамтыған ірі ғылыми және мәдени орталық. Музей коллекциялары 40 мыңға тарта экспонаттарды құрайды. Олардың арасында – бейнелеу өнерінің шығармалары, қазақ этнографиясының бірегей жинағы, сондай-ақ қазір Алматыда тұратын әртүрлі халық өкілдерінің этнографиясы, әр дәуірдің мәдениеті мен тұрмыстық заттарының коллекциялары, нумизматика, фотосуреттері, құжаттары бар. 

Алматы музейі құрамына мәдени және табиғи ландшафты сақталған, әулеттік патшаларды жерлеу кешені «Боралдай сақ қорғандары» да кіреді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алматы қаласының 1000 жылдығына орай, 2016 жылдың желтоқсан айында музейге ХIХ ғасырдың сәулет ескерткіші, бұрынғы балалар үйінің ғимараты беріліп, жаңа экспозициясы ашылды. Музей экспозициясы 9 залдан тұрады.

«Ежелгі және ортағасырлық Алматы тарихы» залы. Бөлімнің негізгі тақырыбы – үш мың жыл бұрын пайда болған шағын қоныстардан, Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қаланың әкімшілік билік, қолөнер, сауда, мәдениет және идеология орталығына айналған Алматының урбанизация үдерісі. ХІІІ ғасырдың соңындағы күміс тиындар – дирхемдер ХІІІ-XIV ғасырларда Қазақ хандығы құрылғанға дейін қала өмір сүргенін айғақтайды. Экспозиция бай ақпараттық-иллюстрациялық материалдарды көрсететін  мультимедиялық технологиялардың кең ауқымымен жабдықталған.

«Қазақ мемлекеттігінің бастауында», «Жетісу этнографиясы» залы. Экспозиция Қазақ хандығы қалыптасуы тұсындағы өңірдің тарихына, қазақтардың әскери өнеріне, қазақ этнографиясына арналған. Қазақтардың ортағасырлық әскери өнері жайлы баяндайтын экспозиция қазақ жауынгерлерінің Қазақ хандығы қалыптасуы кезеңіндегі жауынгерлік құрал-саймандарымен таныстырады. Қазақ халқының материалдық мәдениеті бөлімінде зергерлік өнердің бірегей үлгілері, Жетісу қазақтарының қолөнері мен шаруашылық салты туралы баяндайтын тұрмыстық заттары қойылған.

«Алматы тарихының Верный кезеңі» залы. Экспозиция қаланың ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы Жетісу облысының орталығы болған Верный қаласының дамуына арналған. Бұл уақытта қаланың жоспарлы құрылымы қаланып, сәулеттік келбеті қалыптасты және білім беру мен мәдени мекемелер жүйесі дамыды. Құжаттары,  шеберлердің жиһаз өнеріндегі сирек үлгілері және көрнекті верныйлықтардың есімдерімен тығыз байланысты ХІХ ғасырдың күнделікті тамаша заттары сол дәуірдің қайталанбас ахуалын бейнелейді.

«Алматы ХХ ғасырда» залы. «Алматы ХХ ғасырда» залының экспозициясы Қазақстанның астанасы болған қаланың ең маңызды кезеңдерімен:  Түрксіб құрылысы, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, ғылым мен мәдениеттің, кәсіби өнердің, альпинизмнің дамуы және астананың елордаға көшуімен таныстырады. 

«Түрксіб», «Қала тұрмысы», «Телевидение» инсталляциялары мен экспозициялық ансамбльдері және хроникалық-деректі материалдар мультимедиялық құралдармен ұсынылған.

«Кәсіби өнердің» дамуы залы

Бұл залда алғашқы хабарлардың түсірілуі мен белгілі дикторлардың фотосуреттері, мұрағаттық тарихи деректер және экспозициядағы телерадио аппаратуралары телевизия тарихының маңызын ашып, LED экран арқылы берілген.

Қазақтың музыка өнерінің дамуы бірқатар дарынды композиторлардың А. Жұбанов, М. Төлебаев, Е. Брусиловский мен шебер орындаушылар К.Байсейітова, Р. Бағланова, Б. Төлегенова, Е. Серкебаев және кино өнерінің майталмандары Ш. Айманов, Ә. Әшімов есімдерімен тығыз байланысты. Бұл кезең проекциялық экранмен сипаттал отырып, экспозицияда қойылған қазақ киносының алтын қорына енген «Қыз Жібек» көркемфильмінің бейнетаспалары, суретші Ж. Шарденовтың этюднигі, әйгілі Дос-Мұқасан ансамблінің және т.б. әртүрлі музыкалық аспаптар, кинокамера құрылғысы қаланың мәдени келбетін айқындайды.

«Желтоқсан» залы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне арналған. Экспозицияда 1986 жылғы оқиғаларды бейнелейтін бірегей заттық жәдігерлер ұсынылып, мұрағаттық фото-деректі материалдармен өрілген.  

«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі». Мультимедиялық экспозиция келушілерге Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы қаласының тарихымен танысудың бірегей мүмкіндігін ұсынады. Материалдарды динамикалық және интерактивтік тұрғыда беру әдісі, қала тарихы мен оның маңызды кезеңдерін жеңіл, әрі жағымды таныстыруға мүмкіндік береді. Үлкен экранды проекциялар, музыкалық қатар мен анимация элементтері қонақтарға қала тарихынан қызықты да, мол мәліметтер бермек. 

Алматы қаласының мың жылдық тарихымен танысқысы келген қонақ үшін қаланы шарлаудың керегі жоқ. 9 залдан тұратын бір ғана музейден шаһардың қола дәуірінен қазіргі кезге дейінгі өмірімен танысуға болады.

Музейдің жұмыс кестесі:

Сейсенбі-Жексенбі сағ. 10:00-20:30

Мекен-жайымыз: Алматы қаласы, Қабанбай батыр көшесі 132.

Телефон: 267-59-05, 272-43-21.

 

Алтын ОРЫНБАЕВА,

АЛМАТЫ музейінің қызметкері

 

 

Әлеуметтік желіде:

Инстаграм: @Almatymuseum

Facebook: Музей Алматы

1056 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper