Анонс


ICOM Қазақстан ұлттық комитетінің отырысы өтті (ФОТО)

Жұма, 04 Қазан 2019 23:36
ICOM Қазақстан ұлттық комитетінің отырысы өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Елордада Халықаралық музейлер кеңесінің қазақстандық комитетінің (ICOM Қазақстан ұлттық комитетінің) құрылтайшылық отырысы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Отырысқа ICOM Қазақстан ұлттық комитетінің Президенті - ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Шәйкенұлы Нұразхан төрағалық етіп, арнайы шақыртумен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, музейтанушы Ақмарал Ибраева мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің аға оқытушысы Гүлім Қабдолдина Қазақстанның музей саласындағы проблемалары мен дамуы жайлы баяндама жасады.

Модератор, PhD докторы Айбар Қасеналин қатысушыларға отырыстың күн тәртібін хабарлап,  құрылтайшылар ICOM Қазақстан ұлттық комитетінің вице-президенттерін сайлау, эксперттерді бекіту, 2020 жылға арналған жоспарын талқылау тәрізді мәселелерді қарастырды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Назгүл Қадірімбетова, музей саласының ардагері Қарлығаш Ерғазы, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры Раушан Қапарова пікірлерін білдірді.

Көпшіліктің дауысымен ICOM Қазақстан ұлттық комитетінің отандық бағыт бойынша вице-президенті болып Нұрсерік Жолбарыс, халықаралық жобалар жөніндегі вице-президенті болып Құмар Жүнісов сайланды.

Ұлттық комитеттің эксперттері ретінде Рүстем Қайратұлы, Ерсін Ташкенбаев, Аягөз Сұлтанова, Жанар Испердинова бекітілсе, ұйым хатшылығын ұйымдастырушы болып Ұлзия Сүйеубекова бекітілді.

Сонымен қатар, 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту кезінде Қазақстан музей мамандарының шетелдік музейлермен байланысын жолға қою, музей мамандарының идеяларын қолдау және оны іске асыру, халықаралық музейлік гранттарға қатысу, кәсіби біліктілік арттыру жұмыстарын ұйымдастыру қарастырылды. Құрылтайшылар жұмыс жоспарын 2019 жылғы желтоқсан айына дейін қарастырып, ұсыныстарын беретіндерін жеткізіп, ұйымның жаңа құрамына сәттілік тіледі. Ал, ICOM Қазақстан ұлттық комитетіне мүшелікке қабылдау 2019 жылғы 01-25 желтоқсан аралығында жүргізілетін болады. Ұйымға мемлекеттік немесе жекеменшік музей мамандары, мектеп музейлерінің жетекшілері мен музейтану үйірмелерінің мұғалімдері, музей ісі, тарих, археология саласы бойынша оқытатын оқытушылар мен студенттер, музей саласының ардагерлері, негізгі бейіні музей саласы болып саналатын коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымдардың қызметкерлері мүше бола алады. Ол үшін жеке куәлігінің көшірмесі, жарна төлегені туралы түбіртек, жұмыс немесе оқу орнынан анықтама (анықтама болмаған жағдайда ICOM-ға мүше болып саналатын 2 азаматтан ұсыныс хат), бекітілген нысандағы өтініш талап етіледі. Мүшелікке қабылдау туралы және ICOM ұйымы мүшелеріне қандай мүмкіндік ұсынатыны туралы хабарландыру 2019 жылғы 25 қарашадан бастап БАҚ беттерінде жарияланады. 

Айта өтейік, ICOM Қазақстан ұлттық комитеті - 2013 жылы бас штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан Халықаралық музейлер кеңесінің Қазақстандағы комитеті ретінде құрылған. Ұйым заңды тұлғалар бірлестігі ретінде Қазақстанда тіркелген. Ресми атауы - Халықаралық музейлер кеңесінің Қазақстандағы комитеті. Қысқаша атауы – «ICOM Қазақстан Ұлттық комитеті».

Ал, Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) –1946 жылы Парижде құрылған. Оған 141 мемлекеттен 40 мың кәсіби маман 119 ұлттық комитет, 30 халықаралық комитет мүше. Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) – музей ісі саласындағы жаһандық жалғыз ұйым болып табылады.

 

5977 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper