Анонс


В.Салахов: Археологиялық жұмысты күшейту үшін тарихи жерлерге жол салған жөн

Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2015 00:24
В.Салахов: Археологиялық жұмысты күшейту үшін тарихи жерлерге жол салған жөн KAZMUSEUM.KZ -  

Археологиялық жұмысты күшейтіп, тарихи жерлерге жолдар жасау керек. Бұл туралы Көкшетауда «Ұлы дала елі» экспедициясы барысында BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында Әзербайжан мәдени бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, тарихшы, ғалым Видади Салахов айтты, деп жазады BNews.kz тілшісі.

«Біз Зеренді ауданын шамамен 300 шақырым радиуста әртүрлі бағытта аралап, қызықты, тарихи жерлермен таныстық. Біз соңғы жылдары еліміздің және шетелдің археологтары қазба жұмыстарын жүргізген жерлерде болып, тың мәліметтермен таныстық. Онда ислам кезеңін, яғни 3-4 ғасырды, тіпті одан да ерте кезеңді қамтитын қорғандар мен қорымдарды таптық. Қазақ жерінің өткен тарихын қалпына келтіру үшін осындай орындарда жұмыстардың жүргізіле бастағаны қуантады. Біз Абылай ханның ұлы Уәли хан қорғанында болдық. Уәли хан мазары Зеренді топырағында орналасқан. Әрине, бұның барлығы – ғылыми тұрғыдан алып қарағанда үлкен тарихи құндылықтар», - деді Видади Салахов.


Археологиялық жұмыстардың қажетті қарқынмен жүргізіліп жатпағанын сынға алған ғалым, керісінше, ол жұмыстарды күшейте түсу керек деп есептейді. Себебі бүгінде табылып жатқан тарихи орындар әлемдік деңгейде сенсацияға айналуы мүмкін деген сенімде ол. Ал зерттеу жұмыстарын жаңғырта түсу үшін бірқатар мәселенің түйінін тарқату қажет.

«Жұмыстың жүруі үшін археологияны күшейту керек, бұл бірінші. Екіншіден, осы жерлерге қатынайтын жол керек, грейдермен жасалған жол болса да жарайды, бастысы жол қажет. Бұл орындарға жету өте қиын», - деп ойымен бөлісті Видади Салахов. 

«Ұлы дала елі» экспедициясы барысында ғалымдар шалғайдағы ауылдарға ат басын бұрып, тұрғындарымен де кездесті. Олар көмектерін аямай, жол сілтеп, пайдалы ақпараттармен бөлісіп отырды.

«Біздің археологтарға қайда және не іздеу керектігі туралы айтып беретін адамдар жеткілікті. Осы жағынан алып қарағанда, менің ойымша, біз өте қызықты жерлермен таныстық және бұл болашақта біздің магистранттар мен археологтардың ғылыми жұмыстарында тарихи мәнге ие болады», - деп ойын қорытындылады ғалым.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

2711 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper