Анонс


Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан жерінде 20-ға жуық мемлекет болған Таңдаулы

Дүйсенбі, 10 Тамыз 2015 15:12
Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан жерінде 20-ға жуық мемлекет болған KAZMUSEUM.KZ -  

550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан жерінде 20-ға жуық мемлекет болған. Қазақ хандығы өзіне дейінгі сол мемлекеттердің заңды мұрагері. Бұл туралы AlmatyNews AA-нің тілшісіне берген сұхбатында тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев айтты. 

"Кез келген ұлттың, қоғамның тарихындағы кезеңдерді қарастырған уақытта салыстырмалы түрде «алтын ғасыр» деп атайтын дәуірлер болады. Қазақ тарихының қасиетті өткен шағы, яғни алтын ғасыры қай кезең екенін де салыстырмалы түрде айтуға болады. Ол қазақтың ешкімге бағынбаған, ешкімге телміріп қарамаған өз төл мемлекетінің қалыптасқан кезеңі, яғни XV-XVII ғасырлар аралығы. Қазақ тарихы туралы сонау 1832 жылы өзінің монографиясын жазған орыс ғалымы Левшин салыстырмалы түрде қазақ халқының алтын ғасыры Тәуке ханның билік құрған кезі екенін айтады. Тәуке хан билікке келгеннен кейін, жұрттың бәрі білетін «Жеті Жарғыны» енгізді", – дейді тарихшы. 

Тарихшы жалпы мемлекеттік құрылым қалай құрылатынын тілге тиек ете келіп: "Қазақ мемлекеті дегенде екі ойға келеді. Біріншісі – Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік тарихы да, екіншісі – Қазақстан аумағындағы қазақтың ұлттық мемлекетінің тарихы. Қазіргі біз өмір сүріп отырған Қазақстан аумағында сонау қола дәуірінен кейін, яғни б.д.д. екінші мыңжылдықтың басында алғашқы мемлекеттілік ұйымдар қалыптаса бастады. Мемлекет деген не? Тайпалар бірлестігі қоғамды қалыптастырады, ал қоғам өз ішінде белгілі бір дәрежеде қоғамдық қатынастарды қалыптастырады. Осы қарым-қатынастар мыңдаған, миллиондаған іс-әрекеттер туғызады. Осының бәрін реттейтін, бір жөнге келтіріп отыратын ұйым керек. Ол – алғашқы мемлекеттілік ұйымдар. Қазақстан жерінде мемлекеттіліктің пайда болуына қатысты көптеген теориялар бар", - дейді. 

Ол сондай-ақ еуропа ғалымдарының "көшпелі халықтарда бір орталықтан бағынатын мемлекет болмаған" деген пікірін жоққа шығарды. 

"Еуропалық зерттеушілер мен қоғамтанушылар XVIII-XIX ғасырдың өзінде еуропалық тұрмысты дәріптеп, керісінше, өздеріне қарсы тұратын Шығысты жоққа шығаруға тырысты. Технология мәселесіне келгенде ХІХ ғасыр – Еуропаның ғасыры екені белгілі. Олар технологиясымен бүкіл әлемді отарлай бастады да, отарға ұшыраған елдердің тарихын жоюға тырысты. «Бұл елдерде мемлекеттілік болған жоқ» дегенге саятын түрлі еуроцентристік теорияларды тудырды. Олардың айтуынша, Шығыс елдерінде, соның ішінде түрік халықтарында, әсіресе көшпелі халықтарда жеке меншік деген болған жоқ, болуы мүмкін де емес. Ал, жеке меншік болмаған жерде мемлекеттілік, мемлекет болмайды десті. Бұл теорияны кезінде Ресей де қолданды. Бұл дұрыс емес" - дейді тарихшы Берекет Кәрібаев. 

Көшпенділер дәуірінде жеке меншіктің болғанын тарихшы мынандай дәйектер арқылы дәлелдейді. 

"Қазіргі кезге дейін айтылып жүргені белгілі. Жазба деректерге қарасақ, бізде шаруашылықтың бірнеше түрі болғанын көреміз. Қазақстанның географиялық аумағының өзі соған лайықты. Оның дәлелі археологиялық материалдар, соның ішінде сақ қорғандары. Қорғандарды зерттеушілер олардың әрқилы екенін, ішінен табылған заттардың да түрлі-түрлі екенін айтады. Осының өзінен сақ дәуірінің өзінде әлеуметтік теңсіздік болғанын аңғаруға болады. Ал әлеуметтік теңсіздікті жеке меншік қана туғызады. Жеке меншік бар кезде міндетті түрде мемлекет болады. Еуропалық тарихшылардың еуроцентристік көзқарастарының жалған екенін осы деректерден-ақ көруге болады" - дейді ол. 

Тарихшының айтуынша,  Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан жерінде 20-ға жуық мемлекет болған. Тіпті, ғұндар кезінде біздің бабаларымыз құрған мемлекетке Қытай елі салық төлеп тұрған. 

"Сақтарды мемлекеттік ұйым болды десек, одан кейінгі ғұндар да мемлекет құрды. Ғұн билеушісі Модэ шаньюй Қытайдың өзін мойындатқан, қытайларды туысқандық және бейбітшілік жөніндегі шартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Ол шарт елу жыл бойы күшінде болып, қытайлықтар ғұндарға салық төлеп тұрған. Одан кейінгі Үйсін, Түрік, Түргеш, Оғыз, Қыпшақ мемлекеттері бар. Бұлар тұтас ел аумағын қамтымаса да, қазақ жерінде мемлекеттіліктің болғанын көрсететін фактілер. Осылардың ішінде Қазақ хандығы немесе Қазақ мемлекеті ерекше орын алады. Өйткені Қазақ хандығы өзіне дейінгі мемлекеттілік тарихының заңды жалғасы әрі мұрагері" – деді тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев. 

Қанат Бірлікұлы

 
4532 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper