Анонс


«Қасиетті Қазақстан» орталығы жалпыұлттық деңгейдегі 100 нысанның тізімін ұсынды Таңдаулы

Бейсенбі, 17 Тамыз 2017 10:35
«Қасиетті Қазақстан» орталығы жалпыұлттық деңгейдегі 100 нысанның тізімін ұсынды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде  «Қасиетті Қазақстан» орталығының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты. 

Отырыс мақсаты жалпыұлттық деңгейдегі 100 нысанды белгілеу және тізімдеу болды. Іс-шараға Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Б. Аяған, профессор З. Самашев, Республикалық «Ардагерлер ұйымы" Орталық кеңесінің төрағасы, профессор Ө.Озғанбаев, профессор    Ж. Артықбаев сынды есімдері елге белгілі тұлғалар қатысты.

 «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті жерлерін» белгілеу мақсатындағы ғылыми-сараптамалық кеңесі отырысының күн тәртібінде аталған орталықтың 2 ай ішінде атқарған жұмысы туралы ақпарат беріліп, Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі киелі жерлерін  анықтау, ғылыми тізімдеу мен жүйелеу мәселелері қозғалды.

Ғалымдар ұсынылған тізімнің жобасын жан-жақты талқылап, өз пікірлерін ашып айтты.

Т.ғ.к., профессор Зейнолла Самашев: «Бізде тарихи оқиғалар өткен, бірақ дәл қазіргі күні ол жерде ешқандай белгі сақталмаған, ешқандай із байқалмайтын жерлер бар. Қираған ескерткіштердің сынығы немесе жай орны ғана қалған нысандар бар. Алайда тарихи мәні өте зор болғандықтан, ол жерді құрметтеп жатамыз. Мысалы, «Таңбалы тасты» алсақ, толық қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Ол өте маңызды нысан. Менің жеке ұсынысым, бүгінгі күні еш белгісі сақталмаған, бірақ тарихи маңызы бар орындарды осы тізімге енгізген жөн», – деп өз ұсынысын айтты.

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды орын алатын қасиетті орындар бүгінде ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретіндегі нысандар болмақ. «Қасиетті Қазақстан» орталығының аймақтардан алған мәліметтеріне қазақстандық ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері бірлесе отырып, сараптама жүргізеді. Ал облыстардағы қасиетті, киелі жерлерді анықтау үшін жергілікті мәдениет басқармаларының жетекшілік етуімен тарихшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлерінен құрылған арнайы топтар жұмыс істеуде.

Аталған орталықтың жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы: «Бұл – бес  жылға жоспарланған жоба, биыл жалпыұлттық деңгейдегі, елге кеңінен танылған 100 нысанды анықтау қолға алынған. Бұл тізім жобасына бүгінгі кеңестің қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия сараптама жасап, бір, екі ай көлемінде бекітеді. Кесене, ескерткіштерді, арнайы бір орынды ғана емес, біз Елбасының мақаласында атап көрсетілген сол нысандармен байланысты рухани құндылықтарды насихаттаймыз. Ол нысан қандай тарихи оқиғамен, қандай салт-дәстүрмен, қай кезеңмен байланысты екенін анықтаймыз. Сол арқылы ұрпаққа жат ағымдардың бөтен пиғылына қалқан болатын  рухани тәрбиені сіңіру, насихаттау, нығайтуды мақсат етіп отырмыз», – деп орталықтың мақсатын айқындап айтып берді.

Сонымен қатар, шара барысында жалпыұлттық деңгейдегі белгіленген 100 нысан электронды түрде таныстырылды.

5723 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper