Анонс


Музей экспозициясындағы қазақтың ұлттық киімдері

Бейсенбі, 22 Қараша 2018 22:45
Музей экспозициясындағы қазақтың ұлттық киімдері KAZMUSEUM.KZ -  

Еуразия даласын мекендеген көшпелі қазақ елі өзге халықтарға ұқсамайтын киім үлгілері көшпелі өмір мен табиғи ерекшеліктерге сай қалыптасты. Қазақы киімнің сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың бай тарихы мен, ой-дүниетанымының қайталанбайтын ерекше көріністері бар. Ол дегеніміз – қазақ халқының төл мәдениеті.

Қазақтардың XVIII-XIX ғғ. материалдық мәдениеті сол қоғамның экономикалық дамуы деңгейімен сипатталды. Көшпелі қазақтар экономикасының дамуындағы негізгі фактор  мал шаруашылығы едәуір өз септігін тигізді. Екінші жағынан алғанда егіншілік, сауда қатынасы, көрші елдердің прогресті ықпалының да маңызы болды. Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілер сақталып қалды. Киім-кешек үшін малдың жүні мен терісі негізгі материалдар болды.

 Киімнің едәуір бөлігі мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Күнделікті киім мен тойға киген салтанатты киім арасындағы айырмашылық-соңғысының пішімі мол, тігісі жатық, бас киімдерінің бойы биік, ұқыпты безендірілгендігінен көрінеді. Күнделікті киім-кешекке шұғаның қарапайм түрі, шекпен, сәтен, бөз, шыт, қой терісі, былғары сияқты материалдар жаратылса, салтанаттық киім-барқыт, зерлі немесе бедерлі жібектен, батсайы-бәтестерден, қымбат бағалы пұшпақтан, елтіріден тігілген [1, 62б].

Ер адамдардың киімінің құрамына іш көйлектер дамбалдар, иыққа жамылатын қаусырылған желбегей сырт киім мен шалбарлар кірді. Қаусырма сырт киімнің етегі шалбардың сыртына жіберіліп, өңірлері солдан оңға қарай қаусырылды. Дамбал мен сыртына киілетін шалбарды пішімі бойынша бірдей етіп тіккен, олардың аулары мен белбеулері кең болған, ұзын емес шалбарлардың балақтары әдетте етіктің қонышының ішіне салынған. Шалбарды қолдан тоқылған түйе жүнінен жасалған матадан, жиділген теріден, күдеріден, ал ХІХ ғ. бастап қара-қоңыр түсті мақта-матадан немесе ашық түсті барқыттан тігетінболды. [2, 31б].  

Ұлттық киімнің пішіні мен түріне өзгерістер енді. Осы көріністі ҚР Ұлттық музейі «Тарих» залының 6-шы қабырғалық витрина экспозициясынан қазақтың ұлттық киімдерін ер жігіт пен әйелдің және қалыңдық пен күйеу жігіттің киім үлгілерінен анық байқауға болады.

Бұл ұлттық нақышта жасалған киімдердің реконструкция авторы: Естай Даубаев, шебер: Айжан Абдубаитова.  Ер жігіт пен күйеу жігіттің киімі – бітеу пішілген кеудесінде тік өңір-қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі ұзындау көйлек,  иленіп, әбден өңделген жұқа теріден жасалған, қызғылт түске боялып, түрлі-түсті өрнек салынған жарғақ теріден тігілген  «жарғақ шалбар» киген. Сонымен бірге жаздыгүні олар ешкі терісінен иленген күдері шалбар киіп жүрді; шалбардың балақтарына төменгі жағынан тілік тасталып, ол кестеленген. Бұл сәнді киімді батырлар, бектер мен билер, сал-серілер салтанатқа киген. Ерлердің сыртқы киімінің көп таралған түрі шапан болды.

Сырмалы шапан, қаптал шапан, тік жағалы, қайырма жағалы шапан. Дәулетті қазақтар түрлі түсті бұқара жібегінен, барқыттан қымбат матамен әдіптеп тігілген шапан киді. Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпенді» де киген. Олардың қос шабуынан өрнек салынды, шабудың төменгі жағынан тілік қалдырылып, жұқа түйе жүні тоқымасынан тігілді.

Мұрақ – «Хандар киер мұрақты, қараша киер құрақты», «Қалмақ абзалы-мұрақ, көрпе абзалы құрақ», – дейді дана халқымыз. Мұраққа қарап халық мансапты адамды айыра білген. Мұрақтың қайырмасының арт жағы иіліп, қошқар мүйізделген, көбіне әртүрлі жиын, жиналыс, той-томалақ, сән-салтанатқа киетін хан мен уәзірдің сәнді бас киімі. Бөрік – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық бас киімі, оны бағалы аң терісінен және жас төлдің елтірісінен тігеді. Терінің түріне қарай бөрік әр алуан аталады. Құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік т.б. деп аталады. Бөріктің төбесі көбінесе алты сай, төрт сай болып келеді. Оның сырты асыл матамен барқыт, пүліш, қамқамен тігілген.

Ерлердің ұлттық киімін сәнді етіп толықтырып тұратын күміс белбеу. Ол әртүлі матадан және иленген жұқа жарғақтан, қайыстан, былғарыдан жасалған. Кемер белдіктің бетіне алтын, күмістен жапсырмалар бекітіледі. Кейде сиырдың қалың терісінен екі қабат кесіліп, сыртқы жағына алтын, күміс орнатылып, пышақ, қалталар шынжырмен бекітіледі. Кейде кемер белбеу қамар белбеу деп те аталады. Кемер белбеу сөзінің екінші тіркесі белдің бауы деген ұғымды береді. Кемер белбауды тон, шапан тәрізді киімдердің сыртынан, белдің үстінен буады. [3, 123б]. Халқымыздың мәдени-тұрмысы мен рухани зердесінде қамшы ерекше орын алып қана қоймай оның атқаратын қызметі де сан алуан десек те болады. Қазақ өмірінде қамшы-өнер туындысы яғни шебер қолдың айғағы, сый-сыяпат және атқа қонған ерлеріміздің қаруы да саналған.  Қамшыны батырлар ғана емес, атқа мінген әр адам және мал баққан барлық кісі ұстаған [4, 39б].

Қазақтардың негізі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. XVIII ғасырда қазақтардың жазда киетін етіктерінің өкшесі биік, тұмсығы қайқы келген. Алайда XIX ғасырдың екінші жартысында олар сирек ұшырасатын еді.

Ал әйелдер киіміне келер болсақ, көйлектері иығына тігіс түспейтін етіп пішіліп, жалпақ қайырма жағалы, жеңдері ұзын етіп тігілген. Кеуде тұсындағы өңір қақпағына кесте төгілген. Етегі бүрмеленіп, түймеленетін қатырма жағалы етіп тігілген. Жеңі жең ұшына қарай тарылған. Қай жастағы әйел болса да көйлектің сыртынан фабрикалық матадан тігілген кәзекей киді. Кәзекейдің сыртынан үлгісі жағынан еркектердің  қамзолынан өзгешелігі жоқ жеңді немесе қамзол, бешпет киді. Былғарыдан жасалатын жалпақ кемер белдіктері күміспен күптеліп, алтынмен апталып, қымбат бағалы тастармен және түсті шынылармен мол әсем әшекейленіп отырды. Кемер  белдіктің зергерлік нақышқа бай қапсырма металл доғабасы немесе жылтыр танадан орнатылған ілгегі болды. Қазақ әйелдерінің ұлттық киімдерін одан әрі сәнді етіп, толықтырып тұратын күміс белдіктер де болды. Әйел адамның мойнына, омырауына тағатын сәнді бұйымы ол – алқа болды. Кейбір құлаққа тағатын дөңгелек сырғаны да алқа дейді. Алқаны асыл тастардан көз салып дайындайды. Бұл бұйымды кейде өңіржиек деп те атайды. Алқаның төменгі жағы күміс шығыршықтар арқылы дайындалып, оған тіс шұқығыш, құлақ тазалағыш сияқты заттар күмістен жасалып, олардың беттеріне өрнек салынады. [3, 122б].

Көбіне барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс киді. Қыздардың және жас келіншектердің ішінде қайқы тұмсық, биік өкшелі жеңіл етік киіп жүретіндері де аз болмаған. Жаз кезінде қыздар мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек зеркестемен әсем нақышталып жасалған тебетей киген. Бай нақышты тебетей «қасаба» деп аталды. Қыздардың қысқы бөріктері камшаттың, құндыздың, сусардың және елтірінің терісімен биік етіп әдіптелетін. Витринада тұрған қалыңдықтың тойдағы бас киімі– сәукеле көп әшкейлі, қымбат бағалы, сәнді бас киім. Жұқа ақ киізден сырылып тігілген, сырты қызыл шұғамен тысталған. Бұлғын немесе құндыз терілерімен жиектеліп, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталған. Қымбат бағалы аң терісімен әдіптеліп, күміс, лағыл, жақұт, моншақ әшекейлер тағылған. Жоғары жағы жіңішкеріп, төбесіне бағалы тастар орнатылған. Тірсекке түсетін асыл тасты, оқалы бау тігілген. Ол бас киім ғана емес қазақ халқының  сән-салтанатының, салт-дәстүрінің мәдениеті мен шеберліктің озық үлгісі мен өнер туындысы. Ол туралы Т.Тілеубекұлының оқулығында «Сәукеле – дегеніміз бойжеткен қыздың тұрмысқа шығарда басына киетін бас киімі. Оның негізін ақ киізден биік, конус тәрізді дайындайды. Сыртын қызыл шұға немесе қамқамен тыстап, алтынмен, күміспен, әр түрлі асыл тастармен әшекейлейді.

 Сәукеле қыз әкесінің тапсыруы бойынша дайындалады. Алтын, күміс, гауһар, інжу сияқты асыл тастармен көмкеріліп, самай сырға тағылып, сукеленің маңдай тұсына лағыл (рубин) таспен көзтимес, не шекелік орнатылады. Мұндай сәукелелердің құны 3 үйір жылқының құнына тең келеді»-делінген. [3, 122б].

 Дәулетті отбасынан шыққан қазақ әйелдері күмістен және алтыннан, асыл тастар мен танадан жасалған көптеген сәнді бұйымдар тағып жүрген. Бұлар қымбат тұратын сақиналар, жүзіктер, білезіктер, сырғалар, бұрымдары мен киіміне тағып жүретін әр түрлі алқалар, шолпылар мен моншақтар, өңірліктер және т.б. таққан. Зергерлер білезік, сақина, жүзіктерге нефрит, гауһар, інжу, ақық көздер салып жасаған. Халық өнерінің бұйымдарында түстердің үйлесіміне көп мән берілген. Бұл жөнінде орыс ғалымы Г.Н. Потанинмен өзінің «Қырғыздың соңғы ханзадасының киіз үйінде» деген мақаласында: «Қырғыздар – еті тірі, дені сау, өмірге құштар халық. Олар көңілділікті ұнатады, киімдерінде ашық түстер, өмірлерінде мереке көп. Өмірді сүйеді және оны өнермен өрнектей біледі деп жазады. Халық өнерінде негізінен классикалық түстер: қызыл, ақ, сары, қара басым болған. Ақ – ақ көңіл, көңілің ағарсын. Өзге жағдайларда қазақтар ақ түсті қасиеттіліктің символы ретінде пайдаланған, мысалы, «ақ отау». Қазақтарда игілік пен молшылықтың символы саналатын «ақ үй»  ежелден қадірлі болған [5, 251б].

Сонымен қорыта айтқанда, XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырда қазақтардың рухани және материалдық мәдениетінде көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс-салтына байланысты дәстүрлі ерекшеліктер сақталып қалды. Қазақтың ұлттық киімдері  мәдени мұра ретінде халықтың қолөнері мен әдет-ғұрпы, салт санасы халқымыздың өнер туындысы болып табылады. Бұл ата-бабаларымыздың біз арқылы келешек ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде аманат еткен рухани бай дүниесі мен өнері екені баршамызға мәлім.

 

 Меруерт АМИРОВА,

ҚР Ұлттық музейі,

Әдістеме және музейтану

секторының жетекшісі 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1)    Жәнібеков Ө. Уақыт керуені. – Алматы: Жазушы, 1992. – 192 б.

2)    Кунсткамера жинағындағы Қазақтың дәстүрлі мәдениеті мәдени саясат және өнертану институы. – Алматы: 2008.

3)    Тілеубекұлы Т. Қазақтың ою-өрнектерімен зергерлік бұйымдары: Оқу құралы. 2-басылым. – Астана: Фолиант, 2012. – 136 б.

4)    Ата салтыңды аяла (Қазақ салт-дәстүрлері туралы таным) (Құрастырған Наурызбай Ақбаев). – Алматы: «Ана тілі», 1998. 160 б.

5)    Қалыбекова А. Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы. Алматы: БАУР, 2011. –488 б.

 

6022 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper