Анонс


Жұбан Молдағалиев өлеңге қосқан "Қыпшақ жауынгері" туралы не білеміз?

Сәрсенбі, 01 Шілде 2015 16:42
Жұбан Молдағалиев өлеңге қосқан "Қыпшақ жауынгері" туралы не білеміз? KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі – Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Алтын орда» залының қақ төрінде ежелгі қыпшақ жауынгерінің мүрдесі тұр. Қасында семсері жатқан осы мүрдеге қарап ақиық ақын Жұбан Молдағалиев «Суырылмай қалған семсер туралы» деген өлең жазып қалдырған.

Табытта оның иесі

Оралда, музей үйінде

Қалпында қаңқа жүйесі

Қаусаған сүлдер күйінде.

Басында болат дулыға,

Үстінде сауыт баттасқан

Жанында сан жыл булыға,

Семсері жатыр тат басқан.

Көмілген солай сол адам

Мен өскен жаугер өңірде...

Бұл Жұбағаңның ХХ-ғасырдың 70 жылдары Орал қаласына келіп, облыстық музейде болып, ежелгі қыпшақ жауынгерінің мүрдесін экспозицияданкөрген кездегі үлкен толғансынан туған туынды десек артық айтқандық болмас. Кейін бұл өлең «Жұлдыз» журналында жарық көреді.

Ақын тақырыптың астына «Мүсілім Базарбаевқа» деген әдейі аңдатпа, арнау береді. Мүсілім Базарбаев сол кезеңдегі мәдениет министрі болған. Сірә, мәдениет министрінің көңілін алыстағы Орал музейіне де аударту да болса керек...

Бұл қыпшақ жауынгерінің мүрдесін 1969 жылы А.С Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы Батыс Қазақстан облысының аумағындағы Шалқар көлінің Сантас жонындағы обаларға жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде тапқан. 

Х-ХІ ғғ. Қазақстан территориясында қыпшақ тайпалары үстемдік жүргізіп, Ертістен Еділге дейінгі далалық аумақты мекен етті. Бұл аймақ «Дешті Қыпшақ» деп аталды. Жошы хан ұлы Бату хан тұсында (1227-1255) Алтын Орда құрамына Ресейдің еуропалық бөлігі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Бұлғарстан, Солтүстік Кавказ, Хорезм енді.

Теректі ауданында Сынтас тауының төменгі беткейіндегі Шалқар көлі маңынан қыпшақ жауынгері жерленген қорым (XIII-XIV ғғ.) табылды. Жас жауынгердің қабірінде өзімен бірге барлық сауыт-сайманы, қару-жарағы бірге жерленген. Көрмеде қыпшақ жауынгерінің сауыт-сайманы көрініске қойылған. Темір шілтерлі сауыт, дулыға, шынтақтық, азиялық  сүйек сапты қылыштар, қымыз торсық, айбалта, жебе салынған қорамсақ, қолшоқпар, найза, садақ.

Жауынгер мүрдесі диаметрі 5 м, биіктігі 0,2 м боларлықтай №12 Шалқар -III қорғанынан табылған. Археологтар жүргізген қазба жұмыстары барысында топырақпен үйілген обадан көптеген тастар және үйіндінің кей жерлерінде күйдірудің, қыздырудың белгілері анықталды. Бейіт үлкен және кең шұңқұрда орналастырылған. Мүрдеден басқа бейіттің батыс бөлігінен 1,25м тереңдіктен ,ені 0,45-0,55 м баспалдықтан аттың бас сүйегі мен аяқтары табылған. Ал бейіттің солтүстік бөлігінен баспалдақ түбінен жоғарғы жағы имек тік жағдайда тұрған үзеңгі болған. Үзеңгі тар табанды (ені 3,5см), қатты бұралған. Жоғарғы топсасы сынған, көмілген. Сонымен қатар бейітте майда, өте ұсақ ағаш жабынды қалдықтары табылды. Ағаш өте нашар сақталған. Міне, осы 180 см тереңдікте ағаштан жасалған төсеніштің үстінде, басын оңтүстік-оңтүстік батысқа беріп жатқан еркек жауынгердің сүлдесі табылған. Ол бүкіл қару-жарағымен бірге көмілген. Мәйіттің бет жүзі металдан жасалған,дөңгелек пішінді көзге көруге арналған тесігі бар бетпердемен жабылған. Бетперде өте жұқа, жұмсақ, ақшыл металдан жасалған (шамасы сапасы төмен күміс). Мәйіттің бет жүзімен бетперденің арасына мата әлде киіз салынғаны бетперденің шетінде қалған іздерден белгілі болды. Табылған жауынгер үстіне, металдық пластина сауыт кигізілген. Сауыт бір-біріне пластиналар арқылы құрастырылған. Сауыттың иық жағы жалпақ пластиналардан жасалған, ол иыққа оқа (погон) секілді орнатылған. Сауыттың бел пластиналары кеуде жағындағы және төменгі жағындағы пластиналарға қарағанда үлкендеу. Сауыт ұзындығы тізеге жетпей жіңішке темір көлденен бекітілген пластиналармен шектеледі. Сауыттың төменгі жағында екі жамбас сүйектерінің үстінде көлденеңнен жағындағы бекітуге арналған тесігі бар жіңішке күміс пластина жатқан (ені 2см). Бұл пластина сауыт ішінен киетін көйлекті ұстап тұруға арналуы әбден мүмкін. Осындай пластина тек сәл тарлау сол жақ шынашаққа білезік түрінде кигізілген, мүмкін осы жерден көйлектің жеңі аяқталған шығар. Сауыттың жасалған материалы бетперденің материалымен бірдей. Сол жақ жамбастағы күміс пластинаны жалғастыра жылжымалы темір тілшегі бар сүйек,тоға жатыр. Тоғаның ұзындығы 6,8см, ені 3,2-4,5, саңлаудың диаметрі 1,7-2,6.

Сүлденің оң жақ бұғанасының (L-1,5см) қасында үлкен сопақ -дөңгелек тау жынысынан немесе әйнектен жасалған моншақ , иықтан төмен оң жақ қолдың қасында жебелер салынған қорамсақ жатқан. Темірден және сүйектен жасалған жебелер ұштарымен мәйттің бас жағына қаратып қойған. Осы жерде металдан жасалған түймелердің қалдықтары табылды. Қорамсақтың үстінде үлкен дөңгелек бет жағын жұқа күмістен қаптаған қаңылтыр белдерін безендіріп жатыр (d-9,5см). Ол ішкі жиектің және 4 шегенің қалпақтары үлкен көмегімен бегітілген. Осы жерде қорамсақтың темір ілмегі болған. Сонымен бірге қорамсақтың жанында (ұзындығы 5,6 см, ені 1,4 см) белбеудің 4 қола сақиналық жапсырмалары табылды. Жапсырма екі жақ ұшына бойлай бекітілген. Сауыттың аяқ жанында, қорамсақтан төмеңірек жұмсақ ақ металдан жасалған түймелер табылды.(d-1,4см). Қаңқаның сол жағында, қолдың басынан бастап қаңқа сүйектен сол жағында қолдардың білезігінен бастап түзу айқасқан ұзындығы 15 см және ұшының аяғы қалпақ тәріздес семсер сабы ағашпен салынған болатын. Және семсер қынабының аяғы болып табылатын дөңгелек сопақ темір қалпақ жатты.(d-3,2x2,2см, h-3см). Айыл бастар арқылы қаз- қатар тізілген айылбастардың арқасында семсер белбеуге бекітілген. Айқыштан сәл төмен, семсердің оң жағында оған тақала темір айылбас жатты, оның мөлшері 3,5x3,8см қалқаннан тұрады. 0,35м ара қашықтықта айқыштан төмен қылыш қынабын екі орамы ұстап тұрған. Қылыштың оң жағына тақала (d-3,5см) темір тілмегі бар айыл белбеу жатты. Тағы да бір тік бұрышты айылбас белдік мәйіттің жоғарғы жағында шынтақ деңгейде орналасқан. Ол сауытта омыртқа жотасына жақын жерде жатты. Қаңқа сүйегінің оң жақ бөлігінде,шығыс қабырғасына тіреле үлкен садақ пен оның сүйек бастырмалары аман сақталған.Садақтың жалпы ұзындығы шамамен 1,25м болған. Мәйіттің сирағының арасында шығыс қабырғасы жағында темір пластинкалардың қалдықтары жатқан.

 

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

арнайы kazmuseum.kz үшін.

  

 

 

 

 

 

 
5203 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper