Анонс


М.Әуезов атындағы драма театрда XVIII ғасырдың жәдігері сақтаулы

Дүйсенбі, 26 Қаңтар 2015 06:00
М.Әуезов атындағы драма театрда XVIII ғасырдың жәдігері сақтаулы KAZMUSEUM.KZ -  

Біз 80-жылдардың тұсында «Шоқан Уәлихановты» сахналадық. Мен патша заманына лайық жиһаз іздей бастадым. Себебі, Шоқанның патшамен кездесетін сахнасы бар еді. Соған жиһаз іздеп, XVIII ғасырдың жәдігерін орыс кемпірінің үйінен тауып алғанбыз, деп еске алды М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас суретшісі Есенгелді Тұяқов auezov-teatr.kz сайтына берген сұхбатында. 

Сол заманды паш ететін патша палатасына ғана тән ақсүйектік әдемі жиһаз керек еді, ал оны қолөнершілерге жасатсаң, қарабайыр болып шығады және ол көрерменге білініп қалады. Қалай жасатсаң да ол тарихи бола алмайды. Сатып ала алмайтының айдан анық. Іздеп бармаған, сұрап бармаған жерім жоқ, таба алмадым. Не істеу керек? Бір күні көктен іздегенім жерден табылып, театрға таяқ асынған орыстың кемпірі келді. - Маған суретші керек еді,- дейді. - Менмін суретші, не айтатын едіңіз?, - дедім мен. Білесіз бе, менің үйімде өте көне, тарихи жиһаз бар еді, көресіз бе деп үйіне ертіп барды. Кіріп барғанда талып қала жаздадым. Менің алдымда ХVІІІ ғасырдың жақұтқа бергісіз жәдігері тұр еді!

1730 жылдары Петербургте желтоқсан оқиғасы болып, көтеріліске шыққан декабристерді Қиыр Шығысқа айдауға жібергенде, әйелдері үй жиһаздарына дейін арқалап, күйеулерінің артынан іздеп барған. Солардың бірі аязда қалды ма, әлде аштық себеп болды ма, Владивостокқа дейін жете алмай, жиһазын жолда сатып кеткен. Ал сатқан адамы әлгі қарияның арғы әжелері екен. Жиһаз 300 жыл бойы сақталған ағаштан жасалған. Шебердің өнері - ол бөлек әңгіме. Бір отбасының өмірін тұтастай әлгі жиһаздың өн бойына көшіріп салған. Құлдар, арыстан, оның табаны, жүзім жемісі қолмен ойылып салынған.

Жиһаз камод, диван, үстелі, төрт креслосы бар, барлығы жеті заттан тұрады. Диваны терімен қапталған екен, біз оны кейіннен барқытпен тыстадық. Бұл жиһазды дәл қазір аукционға қойып сатсаңыз, миллиард тұрар еді. Бір орындығының өзі 100 мың доллар тұратынына бәс тіге аламын.

Қария Ленинградпен де хабарласқан, Эрмитаж алып кетуге уәде берген, бірақ ол кезде жағдайы болмай кешеуілдей берген. Бірақ жиһаздың жасалу жылын анықтап берген солар. «Менің күтіп отыруға уақытым жоқ, Одессаға тезірек кетуім керек» деп сексенге келген қария амалының жоқтығынан бізге 1500 долларға, жай ғана символикалық бағаға бере салды. Әзірбайжан Мәмбетов ағадан ақша сұрап едім, ондай қаржы жоқ екенін, тек 500 доллар ғана бере алатынын айтты. Өзім үйімде тұрған 1000 долларды алып, қарияның қолына ұстаттым. «Мен бұл жиһазды сізге, өзімді, жүрегімді сеніп тапсырғандай сеніммен тапсырамын. Сізден басқа бірде-бір адамға сене алмаймын. Мұның бағасын сізден басқа ешкім де білмейді де» деп кетті.

5347 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper