Анонс


Әл-Фараби музыкасындағы кейбір аспаптардың қазақтың ұлттық аспаптарымен ұқсастығы

Дүйсенбі, 25 Мамыр 2020 02:03
Әл-Фараби музыкасындағы кейбір аспаптардың  қазақтың ұлттық аспаптарымен ұқсастығы KAZMUSEUM.KZ -  

Әл-Фарабидің музыка ғылымы мен өнеріне назар салуы тек пифагоризім мен аристолизмге байланысты емес, түркі-араб дәстүрлерінде бойлап жатқан қайнар көздерімен  де ұштастық болуы мүмкін. Мұны түсіну үшін ұлы дала  әуендері мен сахара бәдеуилерінің әйгілі ырғақтарын еске алсақ жеткілікті.

Басқа көшпенді өркениеттерде түркі-қазақ мәдениетіндегі «күй»феноменіне тең келетін бір де бір дүние жоқ. Араб пен түркі және қазақ музыкалық өнерінің біртұтастығы осында жатса керек.

Отандық археологиялық зерттеулер барысында табылған түрлі жәдігерлердің ішінде музыкамен байланысты аспаптардың болатыны туралы, олардың мүсін тастарда да кездесетіні жөнінде алғаш рет Ә.Х. Марғұлан айтып өткен.

 1950–1960 жылдары жүргізілген Орталық Қазақстан өңірінің «Тасмола», «Жолқұдық» секілді археологиялық қазбалардан аспапты-музыкалық археологияға қатысты болып келетін мұралар анықталады. Нәтижесінде б.з.д. VII–V ғғ. жататын, мүйіз бен сүйектен жасалған бірнеше нұсқадағы үрлемелі сыбызғылар, ысқырықтар мен бұғышақ аспаптары табылған.      

Ортағасырлық маман, археолог, профессор У.Х. Шалекенов 1978 жылы Жамбыл облысының көне Тараз қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізген  кезде «Дүңгіршек» музыкалық аспабын тапқан.

Б.з.д. VI – IІI ғасырлармен мерзімделетін Алтайдағы пазырық обаларының ішінде екі түрлі музыкалық аспап табылған. Оның бірі соқпалы аспап болса, екіншісі ішекті аспап жұрнағы. Ішекті аспап бүтін ағаштан ойып жасалып, жануардың терісімен қапталған. Археолог С.И. Руденко аталған музыкалық аспаптың шертпелі аспап түріне жатқызған .

2012 жылы Қазақ Алтайындағы ерте түркілік Қарақаба қорымына зерттеу жүргізген З.Самашев, қорымдағы обалардың үшеуінен көне музыкалық аспаптардың жұрнақтарын тапқан.

Аталған қорымның №11 обасына жерленген мәйіттің жанына ағаштан жасалған, мойыны ұзын келген музыкалық аспап анықталған. Аспаптың жалпы ұзындығы 63 см. Негізгі денесі жазық келген, бес бұрыш пішінінде жасалған. Мойынының аяқталар тұсында үш дана бұрап, дыбысын реттейтін құлақ тәріздес зат сақталған. З.Самашев мұны музыкалық аспаптың ішегі келіп байланатын әрі үнін реттеуге арналған құлағы болуы мүмкін деген пікір айтады.

№12 обаны зерттеу барысында, жауынгер мәйітінің жанынан ағаштан жасалған музыкалық аспап табылған. Жалпы ұзындығы 70 см-ге жуық. Аспаптың мойыны бітер тұста екі құлақ сақталған. Денесі дөңгелек пішіндес, ортасы ойыс болып келген. Денесінің аяқталар тұсында ішекті ілетін ілмек тәріздес зат сақталған.

№4 обаны зерттеу барысында жерленген мәйіттің сол қолының тұсынан ағаштан жасалған, мойынының аяқталар тұсында ішекті ілуге арналған құлағы бар музыкалық аспап табылған. Аспап нашар сақталғандықтан, толық сипаттамасы жасалмаған. Сонымен қатар ағаш бұйымның басын қаптаған темір қаптамада екі адам бейнеленген. Оның оң жағындағысының қолында музыкалық аспапқа ұқсас зат көрсетілген. Суреттегі пішінге қарап, домбыра тәріздес аспап екендігін анықтау аса қиын емес.

Археологиялық деректерде анықталған мәліметтер көне аспаптардың ішінде кең таралғаны және ең көне түрлерінің біріне - ішекті аспаптардың жататынын көрсетеді. Жалпы қазақ жеріне, еліне  тән музыкалық аспаптар қола дәуірінен бастау алатын секілді. Мұны жартас бетіндегі суреттер дәлелдейтінін атап өттік. Темір дәуірінде қаңлыларда бес ішекті аспаптың болғанын жазба деректер көрсетіп отыр. Сақ тайпаларында да ішекті асаптардың қолданылғанын Алтайдағы Пазырық обаларынан табылған жәдігерлерден көре аламыз. Ерте түркі кезеңімен мерзімделетін ескерткіштерден қобыз немесе арфаға ұқсас музыкалық аспаптардың табылуы - алғашқы музыкалық аспап нұсқаларының жетілгенін көрсетеді. Қыпшақ заманында домбыра тәріздес ішекті аспаптардың қолданыста болғанын археологиялық зерттеулер дәлелдейді. Кейінгі ортағасырларда бүгінгі біздің қолданып жүрген музыкалық аспаптарымыздың прототиптері болғаны анық. Сонымен, қазақтың музыкалық аспаптары өзінің бастауын өте тереңнен, біздің жыл санауымызға дейінгі 1-ші мыңжылдықтар дәуірінен алатынын көріп отырмыз.

Отырар өлкесі қазақ даласының өркениет бесігі десек Әл-Фарабидің музыкадағы білімі мен аспап жасау өнері, түрлі аспаптарда ойнай білуі Отырар даласында қалыптасқан.

Ұлы жібек жолы бойында орналасқан  Отырар өлкесі  мәдениет пен өркениетің, білімнің кең қанат жайған  орталығы болған. Оған дәлел әліде дәлелдеуді қажет етіп келе жатқан Отырар кітапханасы.

Музыкалық аспаптар әлемнің басқа аймақтарындағы түрлі аспаптармен техникалық жағынан ғана емес, дыбысталуы жағынан да ортақ үндестіктер табумен қатар, өзіндік ерекшеліктерге де бай. Дегенмен, осы  өнердің түп - тамырына үңілген әрқайсымыздың көкейімізде: «Қай кезден бастап адамзат музыканың сырын ұға бастаған?» немесе «Көне заманда ата-бабаларымыз қандай музыкалық аспаптарды пайдаланған?», - деген заңды сұрақтар туындайды.

Әрине осы бір сұрақтардың шешімін Әл-Фарабидің музыкаға қосқан үлесінен жауабын табатын секілдіміз.

Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабы» еңбегіндегі «Музыкалық аспаптар»-тарауы шығыс халықтарында кең тараған бірнеше аспап түрлерін атап көрсетеді. Олар Шаһруд, Уд, Бағдаттық және Қорасандық танбур, Мизмар, Сырнай, Рабаб аспаптары.

Фарабидің зерттеу нысанына айналған осы аспаптардың кейбірінің әуені немесе түрі мен жасалу технологиясы қазақ халқының дәстүрлі музыкалық аспаптарында кездеседі.

Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабы» еңбегіндегі Музыкалық аспаптарын қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен ұқсастығын салыстырып көрсек. Фараби бұл еңбекті Әбу Жағфар Мұхаммед ибн әл-Қасим әл-Кирхи уәзірдің  өтініші бо­йынша жазғанын айтады.

Аспаптар ішіндегі шаһруд аспабы қазақ халқының жетіген мен адырна аспабының біріккен түріне аздап ұқсастығы бар секілді. Фараби шаһруд аспабын өз заманында жасалып, бұрын танымал болмағандығын және бұл аспапты Самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адам жасап шығарғанын айтады. (бұл шамамен  б.д 937 жылына деп шамаланады).

Жетіген — қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан жеті ішекті шертпелі музыка аспабы. Аспап ағаштан құрастырылып жасалады. Құрылысы өте қарапайым. Жетілдірілген түрінде он үш ішек байланып, арнайы тиектер қойылған. Аралық ішектеріне құлақ күйін келтіретін арнайы үлкен тиектер тағылады. Тыңдаушыларға жағымды әсер сыйлайтын жетігенді ертеде көк пен жерді байланыстыратын ғажайып қасиетке бай аспап деп, оны тек сарайларда, шағын топ алдында ғана ойнаған. Жетіген аспабы түркі тілдес халықтарында кездеседі. Татар халқы «етиган», тыва халқы «жадықан», хақастар «шатқан» т.б. халықтар аспапты өз тілінде атаған. Аспаптық үні өте нәзік, құлаққа жағымды келеді. Сондай ақ адырнааспабы- қазақтың көп ішекті шертпелі аспабы. Аспаптың шанағы қуыс, беті көн терімен қапталады. Б. з. б. аңшылар ұстанған көне аспап саналады. Оның көне үлгісі әуелде садақ тәріздес болған. Кейін бұғы, марал, киік, бөкен тәрізді аңдарға ұқсастырып жасап, мүйіз бен құйрықтың екі арасына ішектер тартып ойнаған. Адырнаны тізенің үстіне қойып, басын иыққа тіреп, ішектерін іліп тартып кейде шертіп ойнайды. Адырнаның ішегі шуда жіптен немесе тарамыстан тағылады, аспаптың тұрқы 48 - 50 см., қалыңдығы 8 - 10 см, 7 - ден 13 - ке дейін ішектер тағылады.

Ерте орта ғасырда Ұлы жібек жолының негізгі тармақтарында орналасқан Самарқанд, Хорезм, Шам секілді  өркениетті орталықтар, сауда саттық білім мен ғылымның өнердің дамуына өз септігін тигізген Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ секілді қазақ жерінде орналасқан өркениетті қалалармен байланыста болғанын ескерсек  Самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас екі аспапты бірге тоғыстырып жетілдіріп шаһруд аспабын жасап шығарған ба деген ой келеді.

Әл-Фарабидің зерттеуіндегі танбур аспабына келер болсақ Фараби бұл аспапты екі топқа бөледі. Бірінші түрі «қорасандық танбур» (әт-танбур әл-хурасани) . Екінші түрі, «бағдаттық танбур» (әт-танбур әл-бағдати). Танбурдың төменгі жағында ішекті байлайтын тетік бар. Осы тетікке екі ішекті байлап, кейін ол екеуін аспаптың бет жағымен тартатындығын және екі ішектің арасын бір-бірінен айыру үшін тек қоятындығы айтылады. Текті аспаптың орта беліне емес «әз-зәбибатаға»  тетікке жақындау жерге орналастырылады. Екі ішекті аспаптың мойнымен тартып, екеуін екі құлаққа байлайтындығы түсіндіріледі.

Әрине пішімі мен суреттелуі қазақтың домбырасына келеді. Домбыраның өзіне тән ерекшелігі бар, ішекті-шертпелі аспаптар тобына жатады. Домбыра әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып немесе құрап жасалады. Мойнына он тоғыздан жиырма екі санына дейін пернелер байланады. Домбыраның екі ішектісінен басқа да үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, қуыс мойын, шіңкілдек деп аталатын түрлері де бар.

Жұмагелді Нәжімеденов "Домбыраның қоңыр үні" кітабында "Майтөбе" жайлауынан (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) көптеген суреттердің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суретінің табылғанын жазады. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты. Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан екен. Тастың тарихы алты мың жыл. Суретте әртүрлі қимылда билеп тұрған бес адамның бейнесінен беріректе, алдыңғы жақта аспап салынған. Екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, бетқақпақпен жабылған шанағына дейін ұқсас. Басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге баяғыдан жеткені баршаға мәлім.

Фараби еңбегіндегі мизмар аспабы сырнай, сыбызғы аспап түрлерінің жалпы атуы. Сыбызғы мен сырнай аспаптары қазақ халқында кең тараған аспаптар. Сыбызғы — бұл қарапайым бойлық ойықты флейта, сыбызғының қазақ ұлттық нұсқасы. Оны оңай жолмен жасауға болады: қақ жарылған қурайды аламыз, үш жерден ойық жасаймыз, жіппен орап бектеміз. Ал сыбызғыда ойнауды үйрену — бұдан әлдеқайда күрделі шаруа. Әдетте мұндай флейтада орындалатын күй екі дауыста болады. Біріншісі — аспаптың даусы, екіншісі — музыканттың кеңірдек үні.

Рабаб аспабынӘл-Фараби сирек қолданылатын бұрыннан танымал көбінесе екі ішекті аспап болып келетіндігін, дыбысы адамның даусына ұқсап келуі үшін мал терісімен қапталатындығын  айтады. Рабаб аспабы қосалқы ысқыш құрылғысымен ойналады . Бейнесі қазақ халқының қыл қобызына ұқсас келеді.

Қобыз - ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нар қобыз», «жез қобыз» деп аталатын түрлері де бар.

Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек. Адамның дауысын, қасқырдың ұлуын, аққудың қиқуын, жел мен судың үнін бере алады.

Халық аңызында қобыздың пайда болуы VIII ғасырда өмір сүрген Қорқыт ата есімімен тығыз байланысты екені де айтылады. 

Бұл аты аталған аспаптар шаһруд-жетіген мен адырнаның, танбур-домбыра, мизмар-сыбызғы мен сырнай түрлері, рабаб-қобыз аспаптарымен байланыстығын байқаймыз. Бұл аспаптардың түп төркіні қазақ жері екендігі сөзсіз. Заман талабына сай музыкалық аспап түрлері түрленіп, қайта жаңарып, жетіліп өзгеріп отырған. Әр ұлт өз нақышына орай жасалу технологиясымен музыкалық әуенін бейімдеп отырған.

Демек, қазақтың музыкалық аспабының қай түрі болмасын көнермейді деген сөз, керісінше ол заман ағымына сай өзгеріп, жаңарып, жаңа туынды ретінде өмір сүреді.

 

Қ.ҚҰДАБАЙ, Руханият - Әл-Фараби музейінің бас қор сақтаушысы

                                                           

2621 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper