Анонс


Ақтөбе облыстық музейі: Үндістан президентінің музей қорындағы суреттері

Сейсенбі, 21 Сәуір 2020 00:30
Ақтөбе облыстық музейі: Үндістан президентінің музей қорындағы суреттері KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының фото-құжаттар топтамасында сақталған сирек кездесетін фотосуреттердің ішінде бірнеше данамен шығарылған ерекше фотосурет бар. Фотосуретте 1968 жылғы 8 шілде күні КСРО астанасы Мәскеу қаласына бағыт алып ұшқан Үндістан Республикасының сол жылдардағы президенті Закир Хусейннің Ақтөбе әуежайына келіп қонуы бейнеленген. 

Закир Хусейн 1897 жылғы 8 ақпан күні британдық Үндістанның Хайдарабад қаласында кхешги тайпасына жататын пуштун отбасында дүниеге келіп, 1969 жылы 3 мамырда ел астанасы Нью-Дели қаласында 72 жасында өмірден өткен. Әйгілі академик Масуд Хусейн мен пәкістандық мемлекеттік телеарна басшысы Анвар Хусейндер оның бауырлары, ал немересі Салман Хуршид 2012-2014 жылдары Үндістанның Сыртқы істер министрі қызметінде болды.

Алигарх мұсылман университетін аяқтаған Закир 1926 жылы Ф.Вильгельм атындағы Берлин университетінде экономика саласы бойынша докторлық дәрежесін қорғаған. 1927 жылы елге оралған Закир Хусейн Джамия Милля Исламия университетін басқара отыра Үндістанды британдық езгіден құтқаруға бар күш-жігерін салады. Махатма Гандидің шақыртуымен 1937 жылы мектеп бағдарламасын жасақтауға құрылған Негізгі білім бойынша Ұлттық комитет төрағасы қызметін атқарады. 1948-1956 жылдары Алигарх мұсылман университетінің вице-канцлеры, 1956-1958 жылдары БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша атқару Кеңесінде (ЮНЕСКО) қызметтерінде болды. 1957 жылы Бихар штатының губернаторы боп тағайындалып, 1962 жылы Үндістанның вице-президенті болып сайланады. 1967 жыл 13 мамыр – 1969 жыл 3 мамыр аралығында Үндістан Республикасы президенті қызметінде Венгрия, Югославия, КСРО және Непал елдерінде мемлекеттік ресми іс-сапармен болған.

 1968 жылғы 8 шілде күні Ақтөбеге келген Үндістан Республикасы президентінің ұшағынан түскен Закир Хусейн мен үнділік делегация және оларды қарсы алған Ақтөбе жұртшылығының ыстық ықыласын түсіріп алып, сол сәтті фотосуреттер арқылы бізге жеткізген Ұлы Отан соғысының ардагері, Сталинград шайқасына қатысқан қаламыздың Құрметті азаматы, әуесқой фотограф Тоқмырза Күнбаев еді. Өлкеміздің өткен тарихын қолындағы фотоаппаратымен бір сәтте сақтап қалған суреттері музей қорында сақтаулы. Алдағы уақытта Ақтөбе жұртына есімдері белгілі фотографтар - Давид Самуилович Карачун, Тоқмырза Күнбаев және Хайреддин Раушановтардың түсірген фотосуреттер топтамасынан көрме ұйымдастырылады.   

 

Ләззат НҰРКЕЕВА,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі     

6475 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper