Анонс


Ұлттық музейдің экспозициясынан: «Құрт – асыл тас»

Сенбі, 30 Қаңтар 2016 22:00
Ұлттық музейдің экспозициясынан: «Құрт – асыл тас» KAZMUSEUM.KZ -  

 «АЛЖИР» деген атпен танылған атақты лагерьдің 1940 жылдары тұтқыны болған Гертруда Платайс есімді әйел 1990 жылы Қазақстанға келгенде жергілікті қазақтарды алғаш рет қалай көргенін және олардың тұтқындарға қалай қарағанын айтып берген еді.

Бораны ұлыған қыстың бір күнінде тұтқын әйелдер барақ салу үшін Жалаңаш өзенінің бойына қамыс жинауға шығады. Бір мезгілде қалың қамыстың арасынан маңайдағы ауылдың бір топ шал-кемпірі мен бала-шағасы атып шығып, әлсіреген әйелдерге тас лақтыра бастайды. Бұны көрген жендеттер «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеу ғана емес, осы жақтағы ауылдың балалары да жек көреді» деп күледі.
Гертруда Платайс та, басқа тұтқын әйелдер де осы оқиғаны еске алғанда, балалардың әрекеті өздеріне соншалық ауыр тигенін, бәрінен бұрын моральдық тұрғыдан өте қиын болғанын айтатын.
Оқиға бірнеше рет қайталанады. Тек бір күні әбден қалжырап, әлі кеткен Гертруда өзіне қарай лақтырылған тастан бұғып қалмақшы болғанда аяғы тайып кетеді де, бұрынырақ лақтырылған тастарға етбетімен құлайды. Беті жерге тие құлаған әйелдің мұрнына ірімшіктің иісі келгендей болады.
Сол мезет ол балалар лақтырып жүрген тастардан ірімшік пен сүттің иісі шығатынын байқайды! Жерде жатқан сондай тастардың біразын жинап алады да, бараққа алып келеді. Сөйтсе, басқа көмектесер амал таба алмаған қазақтар балаларының өмірін тәуекелге тігіп, жендеттерге байқатпастан қолдарында барын, ең соңғы талғашау етер тамақтарын – құртты тұтқын әйелдерге лақтырып, аштықтан азап шегіп жүрген әйелдерге қол ұшын бермек болған екен. Өйткені 1930-жылдары аштықтың қасыретін өздері де көрген еді. Тіпті кейін күзетшілерден жасырып, қамыстың арасына піскен ет, талқан, құрт, таба нан да қалдырып кетіп жүріпті.
Осының бәрін көрген тұтқын әйелдер қазақ халқына деген алғыстарын өмір бойы жүректе сақтайтындарын айтқан еді. «Барлық лагерлер жан төзгісіз, бірақ осы қазақстандық лагерлерде көптеген адамдар жергілікті қазақтардың себепкерлігімен тірі қалды. Олар да тұтқындар секілді аштықты, суықты, қайғыны бастарынан өткерген еді», – деп тұтқын әйелдер ағынан жарылатын. Гертруда Платайстың осы естеліктері Раиса Голубеваның «Құрт – асыл тас» атты өлеңіне арқау болған.

Құрт – асыл тас.

Қазақ атқан тасқа барып жығылдым –

Тамағыма өксік келіп тығылды.

Құдайым-ау, тас па мынау, немене?

Мұрыныма сүт иісі келе ме?

Үміт оты жарқ етті ғой,

Тас дегенім азық екен

Нәр боп сіңер денеме.

Қарттар неге өшікті деп ойлап едім, таңдана.

(Балаларды айтақтаған шал мен кемпір оңа ма?)

Сөйтсем... сөйтсем, айналайын кең елім,

Ақсақалдар – данышпаным, кемелім,

Сақтау үшін тұтқындардың қу жанын,

Тәуекелге тігіпті ғой өз ұрпағын – сенерін.

Қытыгездер кесіп берген әділетсіз үкімді,

Түсініпті, үлкені де, баласы да – бүкілі.

(Отан сатар шама қайда біздерде,

Сатқындарды мұннан емес, басқа жақтан іздеңдер).

Көк мұзды жастанып ап тере бердім,

Ақкөңілдің қамкөңілге бергендерін,

Жендеттерге сездірмедім бірақ та.

Кете бардым кешке қарай бараққа...

(Ол бір барақ –

зұлымдардың қорлығының ордасы,

Тас қараңғы, тастай суық, моладай).

«Қазақ деген әз халықты қолдашы,

Әлемдерді жаратушы бір Алла-ай», –

деп сол барақта

мұсылманша сиындым.

«Неміспін мен, христианмын»

– деп ойлаудан тиылдым.

Өзім үшін ештеңе де сұрамадым,

Қарттар үшін денге саулық,

Аналарға мол-мол бақыт,

Балаларға шалқар шаттық –

осы болды сұрағаным.

Сенім кеткен мен бейбақтан,

Досым да жоқ өмірде.

(Азап біткен – менен қалған азаптар)

Көргендерім түйіліп тұр көңілде:

Тәрбиенің ең ұлысын балаға

Даналықпен бере алады қазақтар!

 

3601 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper