Алматы - Мәскеу бағытындағы тарихи жерлерге автошеру ұйымдастырылады

Сәрсенбі, 03 Қыркүйек 2014 06:00
Алматы - Мәскеу бағытындағы тарихи жерлерге автошеру ұйымдастырылады KAZMUSEUM.KZ -  

2015 жылы кеңінен аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында алдағы 12-21 қыркүйек күндері Алматы-Бішкек-Астана-Мәскеу бағыттарында автошеру ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Ұлттық баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР Парламентінің депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев мәлімдеді.

«Автошеру 12 қыркүйек күні Алматы қаласындағы Панфиловшылар саябағынан бастау алады. Өздеріңіз білетіндей, бұл қалада Ұлы Отан соғысы жылдары 316 атқыштар дивизиясы құрылған болатын. Дивизия соғыс кезінде ерен ерлік көрсетті. Мәскеуді қорғауға қатысқан дивизиялардың қатарында Ақтөбе, Ақмола, Семей қалаларында құрылған дивизиялар бар болатын. Осының барлығы біздің аға буынның көрсеткен ерлігі. Автошеру барысында ардагерлер Алматыдан Бішкекке аттанады. Бішкектен Астана арқылы Орал, Қостанай мен Ресейдің Орынбор, Самара, Мәскеу қалаларына барады», - деді Б.Ертаев. 

Айта өтейік, автошеруге қатысушылар жерлес батырларымыз И.Панфилов пен М.Констатиновтың зираттарына тағзым етеді. Сонымен қатар, «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүлшоқтарын қою рәсімін өткізеді. Акцияға ҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов пен «Нұр Отан» партиясының басшылығы қолдау білдіріп отыр.

2062 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper