Ұлытау өңірінің ескерткіштері

Жексенбі, 03 Қыркүйек 2017 00:00
Ұлытау өңірінің ескерткіштері KAZMUSEUM.KZ -  

Ұлытау өңірінің ескерткіштері — Сарыарқаның батыс бөлігіндегі Ұлытау тарихи өлкесінің шеңберінде орналасқан, тас дәуірінен бастап бертінгі қазақ заманына дейінгі аралықты тұтас қамтитын ескерткіштердің аса үлкен тобы. Қарағанды облысының Ұлытау ауданының негізгі аумағын алып жатқан өлкенің тарихи тұрғыдағы шартты шекараларын Ж.Смайылов былай ұсынды:

Солтүстікте — Қараторғай мен Терісаққан өзендерінің жоғарғы ағысы;

Шығыста — Сарысу өзенінің орта ағысы мен Желдіадыр тауы;

Оңтүстікте — Бетпақдала шөлді алқабы;

Батыста — Арал Қарақұмы. Ұлытау, Кішітау, Алтыншоқы, Арғанаты тау жүйелері, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жезді (Жездікеңгір), Терісаққан, Байқоңыр өзендері, Барақкөл, Қоскөл, Ащыкөл, Құркөл көлдері, Жаманайбат, Жетіқоңыр құмайтты жазықтары.

Өлкені зерттеуде Ә.Марғұлан, Ә.Оразбаев, М.Н. Клапчук, Ж.Құрманқұлов, С.Жолдасбаев, Ж.Таймағамбетов, Л.Н. Ермоленко, В.С. Волошин, А.С. Ермолаева, О.А. Артюхова, В.В. Варфоломеев, Б.Қожахметовтің еңбектері маңызды.

Ұлытау жәдігерлерін кешенді түрде зерттеу ісін алғаш рет Марғұлан 1946 жылы бастады. Бұл жұмысты Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы күні бүгінге дейін жалғастырып отыр. Есепке алынған, түрлі деңгейде зерттеулер жүргізілген көне ескерткіштер тас дәуірінен басталады. 20 ғасырдың ортасынан бастап ашылып келе жатқан бұл жәдігерлердің ең көнелерінің бірі ерте палеолиттік ашель уақытының екінші жартысымен мерзімделетін Обалысай тұрағы (Жезді алқабында). Мұндағы шағын төбенің оңт. беткейінен жиналған кварциттік малтатас нуклеустері мен екі жақты шапқы құралдарды бұдан 400 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар қалдырған. Өлкенің шығыс шетіне таман, Сарысу өзені бойындағы Мұзбел шоқысынан осы дәуірдің мустье уақытына тән 100-ден астам малтатас құралдары табылды. Бір немесе екі жақты малтатас нуклеустер аңшылық құралдары екені анықталды. ґлкенің оңт-ндегі Жаманайбат алқабынан бірнеше палеолиттік орындар ашылды. Мезолит, неолит дәуірлеріне қарасты ескерткіштердің неғұрлым көрнектілеріне Талдысай (Балажезді) өзенінің Жездіге құяр сағасында орналасқан Тоқтауыл, Аяқбұлақ тұрақтары жатады. 2002 — 04 жылдары Тоқтауыл тұрағының 100 м2 жері қазылып, 10 мыңға жуық зат табылған. Мұның дені шақпақтас кесектерін нуклеус, жаңқалар сияқты бұйымдар алу мақсатында шағудың өнімдері, сонымен қатар садақ, келте найза, қырғыш, кескіш, трапеция, т.б. түріндегі құралдардың өзі көптеп саналады. Ғалымдардың пікірінше, бұл тұрақтың соңғы 10 — 12 мың жыл аясындағы голоцендік ескерткіштердің мерзімдемелік, стратиграф. ерекшеліктерін анықтауда үлгі бола алады.

Қола дәуірінде Ұлытау өңірі тұрғындары мәдениетінде өте маңызды жетістіктер орын алғанын осы уақыт ескерткіштерінің күрт көбейгені, көптеп ашылған кен орындары, металлургиялық қоныстар және осыларды зерттеу барысында табылып отырған құнды ғылыми деректер айғақтайды. Ғалымдардың пікірінше, Жезқазған төңірегінде шоғырланған көне кен орындарынан қола дәуірінде сан мыңдаған тонна кентас өндірілген, алынған мыс пен одан дайындалған қола айырбас арқылы айналымға түсіп, көршілес тайпалар ғана емес, алыстағы өлкелерге де экспортқа кетіп отырған. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың 2-жартысымен мерзімделетін Талдысай, Ұлытау қоныстары, Айбас дарасы, Жанайдар, Үйтас-Айдос, т.б. зираттарынан құнды деректер алынды. Жезді өзенінің сол жағасында, оған Талдысайдың құйылысы тұсында орналасқан Талдысай қонысында 1992 жылдан бастап бірнеше рет қазба жұмыстары жүргізілді. Мұнда ашылған көптеген үйлер, өндірістік шеберханалар мен металлургиялық пештерді, қыш ыдыс сынықтары, шаруашылық-тұрмыстық бұйымдар сияқты молынан табылған заттай деректерді сараптай келе, зерттеушілер бұл қоныстың өлкедегі ірі металлург. орт. болғанын анықтады. 1972 ж. зерттелген Айбас дарасы кесенесінен алтыннан құйылған салмақты білезік, қыш ыдыс бөлшектері табылды, құрылымдық деректері мен заттай айғақтарға қарағанда, бұл ескерткіш қола дәуірінің соңында өркендеген беғазы-дәндібай мәдениетіне жатады. ґлкеде ерте темір дәуірінің қорымдары, сондай-ақ ғұрыптық ескерткіштерге жататын “мұртты обалар” кеңінен тараған. Бұл кезеңге байланысты дәйекті зерттеулер жүргізілмегенімен, ґрезайыр, Жанайдар “мұртты обаларынан” көне сақ тайпаларының Күн тәңірін, қасиетті отты қастерлеу, жылқыны пір тұту сияқты наным-сенімдерімен тығыз байланысты жәдігерлер алынды. Талдысай қорымынан табылған, шеттерінде қосымша саңылаулары бар қола ауыздық ерте сақ сатысына жатады және сақ дәуірі ауыздықтарының неғұрлым байырғы түрінен салынады.

Орта ғасырлар дәуірінен сақталған жәдігерлер қатарына түркі, қыпшақ кезеңдерінің обалары, тас мүсін, қоршау, балбалдардан тұратын ғұрыптық кешендер және ондаған қала-қоныс жұрттары жатады. Қалалық орындар типологиялық тұрғыдан 4 түрге ажыратылады:

1) бекіністер қызметін атқарған орындар — Алаша хан, Тоғызбайкөл;

2) күшейтілген сарай іспеттес орындар — Шотқара, Айбас дарасы, Топыраққорған;

3) ауыл деңгейіндегі қоныстар — Аяққамыр, Жошы Ордасы;

4) орда қызметін атқарған қалалар — Басқамыр, Нөгербек дарасы, Хан ордасы, Домбауыл.

Сыртқы сипаттамаларымен қатар, бірнеше қала орындарына жүргізілген қазба жұмыстарының қорытындылары мен деректері бұл ескерткіштердің архитектурасы, құрылымы, өмір сүрген уақыты жайлы аса маңызды ғылыми мәліметтер берді. Бұларға сүйене отырып, ғалымдар Ұлытау ортағасырлық қалаларын мерзімі жағынан 3 топқа ажыратты.:

Бірінші топ — ерте орта ғасырлар кезеңіне жататын және 9 — 11 ғасырлардағы оғыз тайпалары мәдениетінен деректер берген Басқамыр, Аяққамыр, Хан ордасы, Нөгербек дарасы, Құлман, Милықұдық сияқты ескерткіштер;

 Екінші топ — 13 — 14 ғасырларға жататын Жошы ордасы, Шотқара, т.б. Алтын Орда қыпшақтары заманының ескерткіштері;

 Үшінші топ — мәдени қабаты жоқ, негізінен бекініс-сарай қызметін атқарған Алаша хан, Тоғызбайкөл, Айбас дарасы, Топыраққорған сияқты Қазақ хандығы кезеңінің ескерткіштері.

 15 — 17 ғасырларда Ұлытауды алыс-жақындағы аймақтармен бірнеше ірі керуен жолдары байланыстырған. Мұның аса маңыздысы — Ұлы Жібек жолынан басталып, Түркістан өңірін баса өтіп, Ұлытау тұсында тармақталатын атақты Сарысу жолы. Тарихи зерттеулер бойынша оғыз-қыпшақ заманында іргелі ұлыс болып қалыптасқан Ұлытау өңірі бұдан кейін Жошы ұлысының орталығына айналған. Жошы ханның өзі осы жерді мекендеп, осында қайтыс болғанын оның күмбезді мазары айғақтайды.

Ақ Орда, Қазақ хандығының алғашқы кезеңіндегі саяси оқиғалар тұсында да Ұлытау өңірі маңызды рөл атқарған. Сарысу өзені  бойындағы Таңбалытаста үш жүздің рулары бірнеше рет кеңес өткізіп, таңбаларын салған. Тарихи сәулет ескерткіштері — сағаналар, дың (дің) типтес құрылыстар, күмбезді мазарлар мен кесенелер көптеп сақталған. Алтыншоқыда Ақсақ Темірдің жарлығымен естелік сөз жазылған әйгілі тас Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы.

Көне дәуірлерден, орта ғасырлардан сақталған ескерткіштердің ерекше тобын тастағы таңбалар құрайды. Петроглифтер Арғанаты, Зыңғыртас, Теректі тауларында, Байқоңыр, Тамды, Жанғабыл, Жетіқыз өзендері алқаптарынан табылды. Бұл ерекше мекеннің тарихи ландшафтын, ескерткіштерін қорғау мен пайдалануды бүгінгі күн талабына сәйкес қамтамасыз ету үшін мұнда “Ұлытау” тарихи-мәдени, табиғи қорығы ұйымдастырылған.

 

Дереккөзі: Қазақ ұлттық энциклопедиясы

145 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper