«Есік» қорық-музейі Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы экспедиция жұмыстарын жүргізді

Дүйсенбі, 09 Қазан 2017 01:44
«Есік» қорық-музейі Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы экспедиция жұмыстарын жүргізді KAZMUSEUM.KZ -  

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы» және «Есік қорымы және Жетісу сақтарының мәдениеті» атты қолданбалы ғылыми зерттеу жобасы аясында 2017 жылдың 26 қыркүйегі мен 02 қазаны аралығында Алматы облысы Ұйғыр ауданының үш бірдей ауылдық округінде жүргізілген археологиялық-барлау жұмыстарын жүргізді.

Археологиялық барлау жұмыстары қорық-музей қызметкерлері дайындаған Есік-Темірлік-Шошанай-Долайты-Ардолайты бағыты бойынша жүргізіліп, жұмыс барысында отандық ғылым саласында алғаш рет «Темірлік петроглифтері», «Аққора петроглифтері» (Шошанай ауылының маңында), «Науакескен петроглифтері», «Болыссай петроглифтері», «Ұзынкүңгей петроглифтері» (Долайты ауылының маңында) және «Аққора қорымдары», «Кеңжазық қорымдары» мен «Долайты қорымдары» сынды жаңа археологиялық ескерткіштер, ежелгі, орта ғасырлық тұрақтар мен ғибадатханалар орындары анықталып, обалы-қорғандарының нақты өлшемдері мен GPS географиялық координаттары алынып, сипаттамалары жазылды. Экспедиция барысында Кеңжазық қорымындағы бір оба тоналғандығы, Ардолайты ауылының маңындағы қорымдардың үстінен су жүретін арық тартылғандығы анықталды. Сондықтан да «Алматы облысының ескерткіштерінің тізіміне» толықтырулар мен түзетулер енгізу өте өзекті мәселе екендігі белгілі болып тұр. Осы арқылы облыс аумағын түгел зерттеп, ежелгі тарихи мұра ескерткіштерін жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне қосып, оларды мемлекет тарапынан қорғауға алу қажет.

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылдық округіне қарасты Шошанай ауылының маңындағы «Аққора петроглифтерінде» жергілікті мектеп оқушыларына арнайы дәрістер оқылды. Дәріс барысында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы бойынша жергілікті мектеп оқушыларына петроглифтердің тікелей басында дәріс оқылды.  Оқушылар археологиялық жұмыстармен танысып, петроглифтер эстампажының жасалу әдісімен танысты.

Сонымен қатар аталған аймақтарда тағы да 5 бірдей петроглифтердің орны анықталды. Уақыт тапшылығы мен ауа-райы қолайсыздығына байланысты ол объектілерді зерттеуге мүмкнідік болмады. Аталған объектілерді зерттеу «Есік» қорық-музейінің келесі жылғы жоспарына енгізілетін болады.

Жетісу жеріндегі тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу, оларды анықтау, насихаттау және қорғау ісі бойынша қорық-музей жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.

 

Досым Зікірия

«Есік» қорық-музейінің

ғалым-хатшысы

41 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper