Ұлттық музейдің археологтары қазба жұмыстарының сапасына алаңдаулы

Жұма, 18 Тамыз 2017 13:52
Ұлттық музейдің археологтары қазба жұмыстарының сапасына алаңдаулы KAZMUSEUM.KZ -  

Кез-келген археологиялық ескерткіштер белгілі бір уақыт аралығында өмір сүрген адамдардың еңбек әрекетінің нәтижесінде пайда болған, сол дәуірдің жәдігері болып табылады. Мұндай тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерді ғылыми айналымға қосып, көпшілік мақсатта пайдалану ісі археологиялық зерттеулер негізінде жүзеге асырылады.

Оқырманға түсінікті болу үшін археологиялық зерттеу түрлеріне тоқтала кетсек. Зерттеу жұмыстары барлау және қазба жүргізуден тұрады.

Археологиялық ескерткіштерді зерттеу ісі барлау жұмыстарынан басталады. Зерттеушілердің, алдына қойған мақсаттарына байланысты барлау жұмыстары әртүрлі бағытта жүргізіліп, нақтылы ғылыми мәселелерді қамтуы мүмкін. Мәселен, белгілі бір археологиялық ескерткіштердің тарихи-топографиялық құрылымын, олардың таралу аймақтарын анықтау, жекелеген ауданның, облыстың, немесе тарихи-географиялық аймақтың археологиялық картасын жасау, ескерткіштердің жинағын дайындау, жер телімдерін мақсатты түрде пайдалану (жаңа құрылыстар, су қоймасы, жол немесе құбырлар салу кезінде, қазба байлық өндірілетін жерлер т.с.с.) барысында ескерткіштерді анықтау, зерттеу мақсатында ұйымдастырылуы мүмкін.

Археологиялық қазба дегеніміз ескерткішті далалық жағдайда және ғылыми тұрғыдан зерттеудің негізгі үлгісі болып табылады. Қазба жұмыстарын жүргізудің барысында ғана зерттеліп отырған археологиялық ескерткіштердің пайда болған уақыты мен ол туралы нақты және жан-жақты деректерге қол жеткізуге болады.

Енді осы тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеуге қатысты заңнамалық құжаттарға талдау жасап көрсек. Қазіргі таңдағы далалық археологиялық зерттеу жүргізудің басым бағыттары 1990 ж Лозанна қаласында қабылданған «Археологиялық мұраларды қорғау мен пайдалану жөніндегі халықаралық хартиясы» мен 1994 жылы Париж қаласында қабылданған «Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраларды сақтау туралы конвенция» аясында қызмет жасай отырып, археологиялық мұраларды болашақ зерттеушілер үшін сақтап, жеткізуге негізделеді.

Қазақстан аумағында қандай да бір археологиялық зерттеу жүргізу Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық құжаттардың және 1992 жылы қабылданған «Тарихи-мәдени мұраларды пайдалану мен қорғау туралы» Заңы мен өзге де қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің аясында реттеледі.

Алайда қолданыстағы заңнамаларда археологиялық барлау мен қазба жұмыстарын жүргізудің нақты талап-міндеттері мен ережелерін айқындайтын бекітілген ресми құжат жоқ. Сол себепті қазіргі таңдағы зерттеу жұмыстары ЖОО студенттеріне арналған оқу құралында жазылған әдіс-тәсілдер негізінде жүзеге асырылып келеді. Оның өзі ХХ ғасырда бекітілген ескі әдіснамалар. Осының салдарынан қазіргі таңдағы археологиялық ескерткіштерде жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Әсіресе қазба барысында әр зерттеушінің әртүрлі әдіс қолдануы және өзіне қолайлы әдісті ғана таңдап алуы белең алған. Мұның соңы зерттеу нәтижесі мен ескерткіштің тағдырына айтарлықтай кері әсер етіп жатқаны сөзсіз.

Бұл сөзіме Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ ішінен құрылған тарихи-мәдени мұра насандарына сараптама жүргізу бөлімінің соңғы екі жылда жүргізген сараптамалық талдау жұмыстары мысал болады. Аталған бөлім қызметкерлері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, өзге де ұйымдармен байланыс жасай отырып, соңғы жылдарда атқарылған зерттеу жұмыстарының қорытынды есептеріне талдау жасады. Нәтижесінде соңғы жылдарда жүргізілген археологиялық зерттеулерді жүргізу мен бақылау тәртібінің жүйесіздігі байқалады. Көп жағдайда археологиялық зерттеудің талаптары ескерілмеген және ғылыми есептердің мазмұны сын көтермейді.

Ендігі жерде аталған мәселенің алдын алу мақсатында «Тарихи-мәдени мұраларды пайдалану мен қорғау туралы» Заңына толықтыру енгізуді және археологиялық зерттеу жүргізудің ережесін бекіту қажет деп есептеймін.

Мәселен барлау жүргізу кезінде анықталған ескерткіштің географиялық орналасу жағдайының толық сипаттамасы, топографиялық картасы, фото фиксациялары мен табылған жәдігерлердің нақты тізімі, этикеттерін, тиісті құжаттарын мұқият толтыру сиқты басты талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету.

Ал археологиялық қазба жүргізудің негізгі міндеттеріне төмендегідей шарттарды енгізу дұрыс деп есептеймін:

- қазбаға дейін жүргізілетін жұмыстардың рет-ретімен орындалуы;

- бірінші кезекте ескерткіштің бұзылып жатқан бөлігінің зерттелуі;

- қазба барысында ашылған археологиялық нысандардың сақтауын қамтамасыз ету;

- қазба кезінде ашылған құрылыстардың кесінділері, жобасы сызылып, суретке түсірілуі және құжаттардың күнделікті толтырылып, қазбадан шыққан барлық жәдігерлер мен заттардың міндетті түрде есепке алынып, тіркеліп отыруы;

- басталған қазба толық аяқталғанша, табиғи жеріне жеткенге дейін жүргізілуі;

- қазба аяқталғаннан кейін оның төңірегі тазарлытып, барлық қауіпсіздік шараларының орындалуы шарт.

Қазба жұмысы – белгілі бір жағдайда бұзу процесі екендігін естен шығармаған дұрыс. Қазба жұмысы негізінде археологиялық қабаттар бүлініп, оның құрамы араласуы мүмкін. Сондықтан археологиялық қазба кезінде мүмкіндігінше басқа ғылым салаларының, әсіресе жаратылыстану, теникалық ғылымдардың замануи мүмкіндіктерін қоса пайдаланудың мөлшерлі мехнаизмдерін белгілеудің маңызы зор.

 

С.Ғ Есенов

ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ

ғылыми қызметкері

 

arasha.kz

 

Фото: experience.tripster.ru

496 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper