«Алтайдан Дунайға дейін» экспедициясы туралы 10 дерек (ФОТО)

Жексенбі, 30 Қазан 2016 01:06
«Алтайдан Дунайға дейін» экспедициясы туралы 10 дерек (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Еуразия даласын мекендеген халықтардың өзара қозғалысына, тарихының ортақтығына әлем жұртының назарын аудару, Еуразияның ежелгі тарихы мен қазіргі Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үрдістерді насихаттау, халықаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында құрылған «Алтай-Дунай» экспедициясы туралы мәліметтер кімде болсын қызықтырары сөзсіз. Назарларыңызға экспедицияның жүріп өткен жолдары туралы қызықты деректерді ұсынамыз.

«Алтай-Дунай» экспедициясының идеясы 90 жылдары бастау алып, алғаш рет 1999 жылы жүзеге асты. Идеяның авторы, эскпедиция жетекшісі Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің сол кездегі директоры Бақтияр Қожахметов болатын. Бақтияр Қожахметов қазіргі уақытта «Ұлытау» қорық-музейінің директоры болып қызмет етеді. Көптеген әріптестері Бақтияр Қожахметовті «дала флотының адмиралы» деп те атайды.

Құрамында тарихшылар мен этнографтар, музей қызметкерлері бар экспедиция 1999 жылы 3 мамырда Алтай өлкесіндегі Құлындыдан алғаш рет сапарға шықты.

Экспедиция Қазақстан аумағында Жезқазған, Павлодар, Астана, Атбасар, Лисаковск, Жетіқара жолдарынан өтті. Бұл жолдар экспедицияның алғашқы кезеңінің бастауы болатын.


«Алтай-Дунай» экспедициясы Ресей жерінде «Арқайым» қорығы арқылы Башқұртстан, Орынбор облыстарынан өтіп, Қазақстанның Орал қаласы арқылы кері оралды. Осылайша экспедиция 1999 жылы өзінің бірінші кезеңін аяқтады.

Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарындағы Саратов, Воронеж, Белгород облыстарын 2000 жылы, ал, Украинаның 11 облысын 2001 жылы аралаған экспедиция өзінің екінші және үшінші  кезеңдерін сәтті өткізді.

Экспедиция 2005 жылы өзінің тақырыптық атауына сай Дунай өзені бойындағы Мажарстан жерін жүріп өтті. Осылайша экспедицияның «Мадиярлар кезеңі» Австрия шекарасында аяқталды. Экспедицияның алғашқы кезеңінен бастап осы уақытқа дейінгі жүріп өткен жолы 5500 шақырымға жетті.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған экспедиция 2015 жылы Шығыс Қазақстаннан Мажарстанға дейінгі аралықты қамтыды.

Алдағы уақытта «Алтай-Дунай» экспедициясы 2017-2018 жылдары Германия, Франция арқылы АҚШ-қа жетіп, Қытай мен Моңғолия жері арқылы қарт Алтайға оралуды жоспарлап отыр.

«Алтай-Дунай» экспедициясы туралы Қазақстан, Ресей, Украина мен Мажарстанның бұқаралық ақпарат құралдарында 2 мыңнан астам материал жарияланған. Сондай-ақ, экспедиция мүшелері жол бойы 1 мың рет кездесу өткізген. Өзге экспедициялармен салыстырғанда бұл рекордтық көрсеткішке жатады.

Экспедицияның жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ризашылығын білдірді. ҚР Парлменті депутаттарының алдында экспедиция кезеңдерінің қорытындылары туралы баяндама жасағн Бақтияр Қожахметовтің еңбегін белгілі қоғам қайраткерлері ерекше ықыласпен қабылдап, жоғары баға берді.

 

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 

massaget.kz 

992 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper