Анонс


С.Ерубаев музейі ашық есік күнін өткізеді

Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2014 06:00
С.Ерубаев музейі ашық есік күнін өткізеді KAZMUSEUM.KZ -  

Түркістан қаласындағы Саттар Ерубаев музейінде ақын, публицист-жазушының 100 жылдық мерейтойы аясында «Жарқ етіп өткен - жасын ғұмыр...» атты ашық есік күні мен әдеби-сазды кеш өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ашық есік күні С.Ерубаевтың өмірі мен шығармашылығынан, пайдаланған заттарынан көрмелер ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, осы қаладағы тарихи - мәдени этнографиялық орталықта «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты танымдық әдеби сазды кеш өтеді. 

Айта өтейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, осы шаралармен қатар Құлбек Ергөбектің ақын, публицист-жазушы - С.Ерубаевтың 100 жылдығына арналған «Шырақ сөнген түн» пьесасы бойынша спектаклі қойылады. 

Ресми шаралардың қатарында С.Ерубаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталып, С.Ерубаевтың 100 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференцияға ұласады. Аталған шараның аясында жазба ақындардың жыр мүшайрасы өтіп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталады. 

Небәрі 24 жыл өмір сүрген С.Ерубаев көптеген новеллалар, балладалар, өлеңдер, очерктер, сын мақалалар жазды. Оның қаламынан “Бақыт”, “Мәңгілік өмір”, “Өмір көркемдігі”, “Келесі соғыс туралы” новеллалары, “Өмір туралы рапорт”, “Үш шахтер туралы баллада”, “Меруерт алқа” тәрізді балладалары, алуан өлеңдері мен сын мақалалары, очерктері мен эпиграммалары өзіндік өзгеше үнімен, жүрек жарды лебімен, мөлдір сыршылдығымен, қалтқысыз шыншылдығымен қазір де қайран қалдырады.

Аяқталмаған “Менің құрдастарым” романы бүгінгі күні де халқымыз сүйіп оқитын жаңашыл мәңгі жас шығарма.

С.Ерубаев М.Жанғожинмен бірігіп мектеп оқушыларына арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясын құрастырды. Сонымен қоса аудармашылықпен де шұғылданған. Ол К.Чуковскийдің, Ю.Березиннің, А.Суриковтың, И.Эренбургтің кейбір шығармаларын қазақ тіліне аударған.

5952 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper