Анонс


Виртуал тамашалауға болатын Қазақстан музейлерінің тізімі Таңдаулы

Жұма, 27 Наурыз 2020 17:46
Виртуал тамашалауға болатын Қазақстан музейлерінің тізімі KAZMUSEUM.KZ -  

Оқырмандарымыздың назарына виртуал экскурсия жасауға немесе бейнелекция тыңдауға болатын отандық музейлердің тізімін ұсынамыз.

ҚР Ұлттық музейі – Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы ең ірі музей. Музейдің сайты таяуда жаңарып, www.kazmuseum.com  адресі бойынша қайта тіркелді. Музей сайты 6 тілде қызмет көрсетеді. Қолайлы тілде ақпарат алып, Қазақстан тарихымен жақынырақ таныс болыңыз.

Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі – еліміздегі көркемсурет туындылары жиналған ең ірі музей. Музей ұжымы қазіргі уақытта әлеуметтік желілердегі парақшаларында және www.gmirk.kz сайты арқылы виртуал экскурсияларды ұсынады. Оның ішінде алғашқы екі экскурсия – «Орыс өнері» мен «Қазақстанның 1950 жылдардағы бейнелеу өнері» тақырыбындағы шығарылымдары көрермен тарапынан жоғары бағаланды.

Биыл 175 жылдығы аталып өткелі отырған ақынымыз Абайдың еліміздің үш облысында музейі бар. Оның ішіндегі бастысы әрі ірісі Абайдың Жидебай-Бөрілідегі қорық-музейі екенін айтқымыз келеді. Музей ұжымы қоғаммен байланысты жолға жақсы қойған. Сайты  www.abay-museum.kz жиі жаңарып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды ақпарат бере алады.

ҚР Орталық мемлекеттік музейін көпшілік Қазақстан музейлерінің флагманы ретінде жақсы таниды. Мәдени астанамыз Алматыда орналасқан бұл музейдің қоры археология мен этнография тақырыбындағы экспонаттарға өте бай. Мүмкіндік болса музейдің www.csmrk.kz сайты арқылы экскурсия жасауға шақырамыз.

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің www.muzey.kz сайты – қоғам тарапынан мойындалып, Қазақстан музейлерінің сайттары арасында бірнеше мәрте сыйлыққа ие болған әзірге жалғыз сайт екенін айтқымыз келеді. Музей таяуда жаңа ғимаратқа көшіп, мекемеге заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының есімі берілді. Музей қоры ұлттық этнографиялық экспонаттарға бай. Сондықтан міндетті түрде тамашалау керек музейлердің тізіміне жатады.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – қазіргі Қазақстан жеріндегі ең көне музей. Музейдің ашылғанына 170 жылға жақындады.  Екі ғасырға жуық тарихы бар музей ұжымы www.olke.kz сайты арқылы виртуал экскурсоводтардың қызметін ұсынады. Ал, музейге бара қалсаңыз күміс коллекциясын міндетті түрде тамашалауға кеңес береміз.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі - облыстық музейлердің ішінде белсенді музейлердің бірі. Музей ұжымы көрермендерге ғана емес, музей мамандарына да арналған шараларды жиі ұйымдастырады. Бүгінгі күні 60 мыңдай қоры музей ұжымы ұсынған бейнедәрістерді сіздер www.atyrau-museum.kz сайты арқылы тамашалай аласыздар.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі 2019 жылы жаңғыртылған музейлердің қатарына жатады. Музей ұжымы сайтын да жиі жаңғыртып, www.akmomuzey.kz адресі арқылы 3D турмен тамашалау мүмкіндігін ұсынады. Сарыарқаның мол қазынасы мен тарихы туралы осы музейден де көп нәрсені білуге болады.

Таңбалы қорық-музейі – шетелдіктер жиі қызығатын музей. Алматы облысында орналасқан музей-қорықтың аймағындағы тастарды тамашалап жүріп, ежелгі дүниенің өнер галереясында жүргендей күй кешесіз. Жазғы маусымда міндетті түрде барып көруге кеңес береміз. Әзірге музейдің www.tanbaly.kz  сайты арқылы сапар жасап көріңіз.

Әзірет-Сұлтан қорық-музейінің www.azretsultan.kz сайты арқылы ортағасырлық қаладағы ескерткіштермен таныса аласыз. Музей-қорыққа саяхат ЮНЕСКО-ның қорғауындағы ескерткіш – Қожа Ахмет Яссауидың кесенесінен басталады. Виртуал тур арқылы кесененің әрбір бөлмесін тамашалап, рухани танымыңызды байыта түсуге мүмкіндік бар.

Семей қаласында орналасқан Невзоровтар отбасы атындағы Өнер музейінің www.nevzorovcollection.org сайты арқылы Рембрандтан бастап Қастеевке дейінгі суретшілердің туындыларымен онлайнда таныса аласыз. Музей қорында Еуропа мен Қазақстанның ең қымбат көркемөнер қазынасы сақталған.

 

Айта өтейік, ең үздік экскурсиялар Инстаграм желісіндегі @kazmuseum.kz парақшасында жарияланады. Бұл парақша - 18 мың оқырманы бар, Қазақстандағы музейлер тақырыбындағы парақшалар ішінде ең оқырманы көп ресурс.

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 

Суреттер музейлердің сайттарынан алынды.

875 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper