Анонс


Ұлттық музейде өткен «Музейдегі түн-2016» шарасына келген қонақтардың саны рекордтық көрсеткішке жетті (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 20 Мамыр 2016 02:36
Ұлттық музейде өткен «Музейдегі түн-2016» шарасына келген қонақтардың саны рекордтық көрсеткішке жетті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музей күніне орай «Музейдегі түн-2016» акциясы өтті, деп хабарлайды kazmusem.kz сайты Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында «Жаңғыртылған жәдігерлер» атты көрме ашылып, музей қонақтары зергерлік бұйымдарды, ағаштан, былғарыдан және металдан жасалған тұрмыстық заттарды; киім, кілем-киіз, қыш және фарфор бұйымдарын тамашалады.

Ұлттық музейдің консервациялау және қалпына келтіру қызметі 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бері қарай  500-ден астам құнды жәдігерлер жаңғыртылды.

Ал, «Музейдегі түн-2016» акциясы ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай жалпы музей саласы туралы айта келе, әлемнің әр елінде өтіп жатқан «Музейдегі түн» акциясына тоқталып өтті.

-  Музей – әрбір халықтың өткені мен бүгінгі тарихи-мәдени байлығын  жинақтаған үлкен рухани орталық. Қазіргі музейлер  озық технологиялармен жасақталған. Музейге келушілерге жаңа құрылғылардың көмегімен көне жәдігерлер жөнінде жан-жақты мәліметтер алуға жағдай жасалып отыр. «Музейдегі түн» акциясының басты мақсаты – сақталып тұрған жәдігерлерді бұқараға мейлінше көбірек насихаттау. Сол арқылы мәдениет пен тарихтың өркендеуіне үлес қосу. Ал, Ұлттық музей аталмыш акцияны осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Өткен жылы бұл шараға астаналықтар мен қала қонақтарының ерекше қызығушылық танытқанын көрдік. 23 мыңнан астам адам қатысты. Биыл мерекелік бағдарламаға көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, барынша көрермендер көңілінен шығатындай жобалар ұсынып отырмыз. Сондықтан да музейде өткізген уақыттарыңыз мәнді, мағыналы әрі көңілді болады деген сенімдемін. Барлық музей қызметкерлерін, әріптестерді және музей меймандарын Халықаралық музей күнімен құттықтаймын, - деді Д.Мыңбай.

 

Акция барысында Ұлттық музей қонақтары үшін көне және қазіргі Қазақстан тарихы мен мәдениетін таныстыратын барлық залдарға тегін экскурсиялар ұйымдастырылды. 


Сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Атап айтсақ, Майра Мұхамедқызы, Досымжан Таңатаров, Димаш Құдайберген, Ерлан Рысқали, Тамара Асар, Индира Расылхан секілді өнер иелері әннен шашу шашып, жиналған көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

Акцияға 30 мыңнан астам адам қатысып, мереке лазерлік шоумен жалғасты.
Айта кетейік, бүгінгі таңда "Музейдегі түн" акциясын өткізу әлемнің 40-тан астам елінде дәстүрге айналған. Қазақстандағы бірқатар музейлер де бұл атаулы датаны үлкен дайындықпен қарсы алады.

2540 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper