Анонс


Қазақ хандығы тұсындағы билеушілердің ордасы мен кесенелері табылды (ФОТО)

Сейсенбі, 06 Қазан 2015 09:51
Қазақ хандығы тұсындағы билеушілердің ордасы мен кесенелері табылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ хандығының 550 жылдығына ерекше сыйды павлодарлық археологтар жасап отыр. Екібастұз ауданындағы Әулиекөл ескерткішінен Қазақ хандығы қаланған тұстағы билеушілер ордасы мен кесенелер табылды, деп жазады «Хабар» арнасының сайты.  

Қорымда көне монеталардан бөлек, керемет ою-өрнекпен безендірілген құрылыс тақтайшалары да бар.  Әулиекөлдегі қазба жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп, нәтижесінде экспедиция мүшелері таң-тамаша жаңалыққа кенелді. Бұл жерден Қазақ хандығы кезеңінен сыр шертетін көптеген жәдігер табылды.

 

Ежелгі билеушінің мазарына жүргізілген зерттеулер мұнда алтын мен күміс заттардың көп болғанын көрсетті. Мұқият сараптама үшін мүрде топырақ үгінділермен облыс орталығына жеткізілді.

 «Бұл қазба жұмыстары Әулиекөл қорымы мен хан ордасы XV ғасырда да болғанын аңғартады. Осыдан біз Әулиекөл Ұлы дала мемлекетінің тарихын, Ақорда кезеңі мен Қазақ хандығының құрылған уақытын көрсететін ескерткіш екеніне көз жеткіземіз»,- дейді археологиялық экспедиция жетекшісі Тимур Смағұлов.

 «Декоративті плиткалар. Яғни XIV-XV ғасырға жататын осы Әулиекөл қалашығы кезінде осындай әдемі әсем плиткалармен қапталған болатын. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған осы олжаларды біз қазіргі уақытта өзіміздің осы жылы тойланып жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығымен тікелей байланыстырамыз», - деп атап өтті  Археология және палеонтологиялық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Еңлік Әбеуова.

Табылған әр жәдігер сала мамандарының үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Мұндай жаңалықты ести салысымен Алматыдан Павлодарға белгілі реставратор Қырым Алтынбеков жедел жеткен.

 «Мынау үйлерді қалай салғанын, қалай әшекейлегенін дәлелдеп отыр. Керамика дейді. Мынау глазурь. Біздің мәдениетіміз бен тарихымызды дәлелдейтін жәдігерлер. Сол үшін ол өте маңызды», - деді реставратор Қырым Алтынбеков.

 Айта өтейік, Әулиекөл археологиялық ескерткішінің тарихы әу бастан көпшілікке мәлім болатын. Алайда бұл жерде мұндай ауқымды зерттеулер бұрын-соңды жүргізілмеген. Жаңадан табылған жәдігерлер мұнда хан ордасы мен дамыған инфрақұрылымның болғанын айғақтап отыр.

 

Авторлары: Достық Талғатұлы, Салауат Темірболатұлы, Арман Якубов, Марат Игіліков

Суреттер "Хабар" арнасының видеосынан скриндеп алынды. Барлық құқықтары "Хабар" арнасына тиесілі.

 

2742 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper