Анонс


Қалба тауы баурайында Байтайлақ батырдың кесенесі ашылады

Жұма, 18 Қыркүйек 2015 12:11
Қалба тауы баурайында Байтайлақ батырдың кесенесі ашылады KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында қазақтың даңқты қолбасшыларының бірі, 12 рулы Керейдің шеруші руының ұраны болған Байтайлақ батырды еске алуға арналған көлемді шара өтпек. 

Жоспарланған шаралар аясында 27 қыркүйекте Шығыс Қазақстан обылысы Жарма ауданы Қалба тауы баурайында батырдың кесенесі орнатылып, ас беріліп, құран оқытылады. 29 қыркүйек күні Астанада Байтайлақ батырға арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді және шетелден келген қазақ өнерпаздарының қатысуымен көлемді концерт өтеді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, осындай шаралар Алматы қаласында да жалғасын табатын болады. Қытайда тұратын белгілі ғалым, қоғам қайраткері Қадыс Жанәбілұлының бастамасымен өткелі отырған еске алу шаралары Қытайдан және Моңғолиядан келген белсенді қазақ азаматтарының күшімен атқарылмақ.

«Батыр бабамыз Байтайлақ қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт азаттық күресте ерекше ерлік көрсетіп, аты аңызға айналған есімі тұтас бір рулы елдің ұраны болған айтулы тұлға. Шеруші руы негізінен Қытай мен Моңғолия жерін мекендеп қалғандықтан Байтайлақ батыр туралы тарихи мәліметтер Қазақстанда көп таралмаған. Әдетте оның ерлігі Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Наурызбай секілді батырлармен бірге аталады. Бабамыздың ерлігін ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты ресми танып отыр. Ер Жәнібек өмірден өтер шағында өзін ағасының қасына жерлеуді аманат еткен екен. Байтайлақ пен ер Жәнібек ағалы-бауырлы ғана емес, тұлпар мініп, ту ұстаған үзеңгілес батыр, елі, жері үшін қан майданда ерлігімен танылған дара тұлғалар болған. Бүгінде Қалба тауының баурайында Байтайлақ қорымы деп аталатын жер атауы да сақталған. Сол үшін де Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында батыр бабамызды ұлықтау мақсатында нақты шаралар өткізу жоспарлап отырмыз. Жекелеген белсенді азаматтардың ұйымдастырумен өтетін еске алу шараларының нақты бағдарламасы негізінен дайын. Батырдың зиратына кесенені Ділдәхан Дәлел есімді азамат өз қаражатымен орнатқалы отыр», – дейді ұйымдастырушылар алқасының мүшесі Амантай Әлханұлы.

Шара аясында 26-28 қыркүйек аралығында Астанадан Шығыс қазақстан облысына журналистер және блогерлерге арналған пресс-тур өтеді.

Пресс-турға қатысушылар 27 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан обылысы Жарма ауданы Қалба тауы баурайында батырдың кесенесінің ашылу рәсіміне қатысады. Құран бағышталып ас беріледі.

26 қыркүйек — Астанадан аттану

27 қыркүйек — Шығыс Қазақстан обылысы Жарма ауданы Қалба тауы баурайында батырдың кесенесінің ашылу рәсіміне болады.

28 қыркүйек — Астанаға қайтып келу.

Журналистің барып-келуі және жатын-орын, тамақтану шығындары ұымдастырушылар тарапынан.

Байланыс телефондары: 8-775-694-98-98, 8-701-723-75-78, 8-707-555-81-82

Байтайлақ Бәйімбетұлы (1703-1781)

Байтайлақ батыр – қазақ халқының жоңғар, шүршіт, қырғыз, орыс шапқыншыларына қарсы ұлт азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, есiмi 12 рулы керейдің тұтас бiр Шеруші (негізінен қытай мен Моңғолияда тұрады. Ұраны – «Байтайлақ») елінің ұранына айналған айтулы тұлға. Оның есiмi өз заманында Қабанбай, Бөгенбай, ер Жәнiбек, Наурызбай сияқты батырлармен қатар аталып, атақты Хан Абылайдың өзі аса жоғары бағалаған батырдың бірі болған.

Он екі рулы Абақ керейдің Шеруші руының қолбасшы батыры, ел билігін ұстаған көсемі бола білген батыр 1723 жылдан 1756 жылдары арылығында төрт мәрте айналып соғып қазақтың үштен бірін бостырып жіберген «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» деген атаумен тарихта қалған қалмақ қырғынына қарсы болған шайқастың барлығына қатысады. Осы жолда жүріп бүтіндей бір рулы елдің рухани жебеушісі, Абылайдың майдан даласындағы сенімді сарбазы,  артынан қол ерте білген қолбасшысы деңгейіне дейін көтеріледі.

Кейбір деректерде Байтайлақтың сондай-ақ, хан ордасындағы елдің саяси бағыт бағдарын, соғыстың стратегиясы мен тактикасын талқылау, жүз, ру аралық мәселелерге де  араласып,  қытай-орыс елі арасындағы дипломатиялық істерге де қатынасып мәмiлегерлiк қызмет атқарғаны туралы айтылады. Батыр бабамыздың өмірін алғашқылардың бірі болып зерттеуді қолға алушылардың бірі белгілі ақын, тарихшы Асқар Татанайұлы Байтайлақ батырдың ел аралық қарым қатнасқа да араласып, Жоңғар мен Қазақ хандығы арасындағы дипломатиялық келісім, кездесулерге де мұрындық болғанын айтады. Байтайлақ батырдың өмiр жолы, ерлiк iстерi туралы егжей-тегжейлi баяндалған «Тарихи дерек, келелi кеңес» атты кiтабында Пекин қаласындағы № 1 мұрағатынан табылған құнды деректерге сүйене отырып, «Абылайдың орда маңында Керейден Жәнібек бастаған, Байтайлақ, Шақабай, Жантай сынды 30 адам болды» деген қорытынды жасайды. Сондай-ақ бұл еңбекте Байтайлақтың Қытайдан бой тасалап жүрген жоңғар билеушісі Әмірсанаға қорған болып, Абылайдың Әмiрсананы жауға бермей, сол ұстанымы арқылы Қазақияның мемлекет екенiн Қытайға таныта бiлген үлкен саясатына қолдау білдіргені туралы құнды деректер келтіреді.

 

4196 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper