Анонс


Ақтөбедегі тарихи ескерткіштерге жастар «қолтаңба» қалдыруды әдетке айналдырған

Жұма, 14 Тамыз 2015 13:40
Ақтөбедегі тарихи ескерткіштерге жастар «қолтаңба» қалдыруды әдетке айналдырған KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгінде қазақ жерінің киелілігін ұғындыратын ата-бабаларымыздың ізі қалған тарихи мекендерді зерттеуге үлкен мүмкіншіліктер ашылды. Биыл жыл басында Ақтөбе облысының елді мекендеріндегі әртүрлі бағыттағы тарихи ескерткіштерді анықтау, зерттеу жұмыстары белгіленген еді. Соның бірі ретінде жаз мезгілінде Байғанин және Шалқар аудандары аумағындағы археологиялық, архитектуралық барлау экспедициясы кезекті жоспарлы жұмыстарын жүргізді.

Аты аңызға айналған батырларымыз, әулие бабаларымыз аз болмағаны тарихтан белгілі. Елді мекен аумағындағы экспедициялық зерттеу барысында республикалық дәрежеде қорғауға алынған XVIII-XIX ғ.ғ. бірегей сәулет өнерінің ескерткіштері Асан-Қожа, Қарасақал, Дәуімшар қорымдары мен байырғы архитектуралық құрылыс тұрғысында салынған Сүндет және Тоқпан мавзолейлері өз ерекшеліктерімен көзге түсті. Зерттеу жұмыстары барысында қорымдарды қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғи ландшафты аймақтарын белгілеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, бұл қорымдар қазіргі таңда тозып, қоршалмаған соң, оған мал да, ит- құс та кіріп жатыр. Еріккен жастар ол жерлерге аты-жөндерін жазып, «қолтаңба» қалдырып кетіп жүр. Міне, осының бәрін тыйып, айналасын тазартып, бұл ескерткіштерге қамқорлықпен қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын. Ескерткіштерді қорғау, сақтаудағы өзекті мәселелердің бірі — жер мәселесі. «Бүгін бұл ескерткіш тұрған жердің иесі кім?», «Ол жер кімге бекітіліп берілген?», «Ертең кімдікі болады?» Міне, осы сұрақтарға жауап табу керек. Қазір ол жерлерде ие жоқ, олай болса ескерткіштерді қорғап, сақтап отырған да, оған жауап беретін де ешкім жоқ. Сондықтан жергілікті әкімшілік, мұндай жерлерді қоршап, өз қамқорлығына алуы тиіс. Халық үлкен қазынаның үстінде отыр. Сол қазынаны көздің қарашығындай қорғап сақтау — сол жердегі ел басқарған азаматтардың, өлкетанушылардың, зиялы қауымның міндеті.

 

Фархад ДОСМҰРАТОВ

Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау

жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы.

 

 
2661 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper