Анонс


Батыс Қазақстанда құлпытас зерттеушілер дәрежесі жоғары ғалымдардың зиратын тапты

Дүйсенбі, 27 Шілде 2015 11:11
Батыс Қазақстанда құлпытас зерттеушілер дәрежесі жоғары ғалымдардың зиратын тапты KAZMUSEUM.KZ -  

Батыс Қазақстан облысына Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының «Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері» жобасы бойынша экспедициямен келген ғалымдар құлпытастарға зерттеу жұмыстарын жүргізді.

- ҚР Білім және ғылым министрлігі тапсырысымен биыл басталған бұл жоба 2015-2017 жылдарға арналған. Жоба бойынша жұмыстанатын топтағы алты адам Алматыдағы ғалымдар болса, төрт адам жергілікті мамандар. Осы сапарымызда екі нысанда болдық. Біріншісі – Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының маңындағы Мәулімберді қорымы. Бұл жерді кешен десек те болады. Онда үш қорым бар. Бес күн жұмысымызда өте құнды деректерге кезіктік. Суретке түсіріп, техникалық сипаттамасын жазып, мәтінін тердік. Үлкен кітап болатын материал жиналды. Нысанның маңыздылығы – осы өлкедегі үлкен ғылым-білім орталығы Мәулімберді кешені – медіресе мен мешіт болғандығы. Бұл бұрын соңды әлемге белгісіз болған орын есептеледі. Ол жерге жерленген ғалымдардың дәрежесі өте биік екенін көрдік: шейх, хазірет, дамолла, ахун, атақты ғалымдар. Үш некропольдан болған жазуларды жинадық. Олар бір біріне байланысты, үлкен династия. Екінші зерттелген нысан – Теректі ауданы Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар елді мекенінің жанындағы «Хан зираты» қорымы. Мұнда 1805-1809 жылдары Кіші жүзге хан болған Жантөре Айшуақұлы жерленген. Сондай-ақ хандық билікпен байланысты болған қазақ элитасының осы жерде жерленгеніне көз жеткіздік. Жәй адамдар емес, қоғамда үлкен орны болған азаматтар, қайраткерлер. Олардың көпшілігінің есімі тарихымызда айтылмай келді. Көбінесе хандар мен әскербасыларға назар аударылады да, қоғамның орта қатары – билер, батырлар, қайраткерлерге көп мән берілмей қалады. Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойлануда. Осыған дейін қазақ хандарының эпитафиялары жарияланбаған екен. Сондықтан жаңа концепция жасаудамыз. Біздің бұл жоба былтыр еліміз бойынша 4 мың жобадан І орынды иеленді.  Бізге артылған үлкен сенімді ақтауға тырысып бағудамыз, - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті Дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Мүмінов.

Зерттеу тобының нысанына айналған бұған дейін ғылымға белгісіз боп келген Жантөре хан зиратын ғалымдарға өлкетанушылар көрсеткен. Үш күнге созылған зерттеу жұмыстары нәтижесінде бұл қорымнан 141 ескерткіш тас саналды. Ғалымдар, барлығының қазақ элитасы болып шыққанына таңданыс білдіруде. «Бұған дейін хан-сұлтандарды көп естігенімізбен, мұнда билер, батырлар, байлар, ахун, мударистер, абыздар, мырзалар, сопылар, правитель, старшындардың аттары сақталған. Бір жерде соншама тұлға жатыр. Тарихи материалдың бәрі осында. Ерекше аймақ екен» дейді Әшірбек Құрбанұлы.

Бөкей Ордасында шамамен 130-дай ескерткіш бар. Оған ғалымдар алдағы жылы арнайы келмек. Ол жердегі ескерткіштерді бір-бірлеп зерттелмей, кешенді зерттеу жұмыстары өткізіледі. Барлық тасты нөмірленіп, картасы жасалады. «Әр құлпытас құжатталуы тиіс. Ескерткішті сақтау инспекциясына тіркеуден өткіземіз. Сонда зерттеуімізді заңды негізге ие болады. Сондай-ақ тастардың, материалдың геологиялық сипаттамасы, қай жерден әкелінді, олармен шеберлер қалай жұмыс істеді, қандай құралдар мен әдістер арқылы ойылды – бәрі зерттелмек. Құлпытастағы тексттің өзіне филологиялық сараптама жасалады» дейді ғалымдар.

Бұл жобалардың халықаралық мәні ерекше. Ғалымдардың айтуынша, бұған дейін әлем ғылымына Қазақстандағы эпиграфикалық ескерткіш мәлім етіліп, олар жөнінде ауқымды еңбектер жазылған емес. Осы уақытқа дейін Араб елдері, Иран, Үндістан, Түркия сияқты үлкен мемлекеттердің осындай ескерткіштері әлемдік ғылымға белгілі. Әлем ғылымы ислам өркениетін көптен зерттеп келеді, бірақ ой-пікірі шектелген, толық емес. Ол Қазақстандағы, соның ішінде осы жердегі жәдігерлер есебінен толықтырылуы қажет. Шетелден «Мәдени мұра» арқылы алып келген деректерімізді шетелдік ғалымдар біледі, ал біздегі деректерден хабары жоқ. Сондықтан, осы ескерткіштерді жариялау арқылы Қазақстан ғылымы өзін әлемдік ғылымдағы бәсекеге алып кіреді деп сенеміз.

Эпиграфиялық ескерткіштердің жойылу қаупі бар. Себебі оларға атмосфераның әсерімен қатар техникалық да нұқсан келіп жатады. Қорғауға алынбаған, қоршалмағандары мал жайылыстарында тұр. Сол себепті жыл сайын азайып, сақталғанының өзі оқылмайтын күйге жетуде. Олармен тезірек жұмыстану біздің ғалымдардың әлем мәдениетінің алдындағы міндеті. Ал біздің қоғамның міндеті – ата-бабасының сүйегі жатқан орынды, басына тұрғызылған түпнұсқа дерек – ескерткіштерді барынша сақтау.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

журналист

Батыс Қазақстан облысы

 

Суретке түсірген Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

 

Эпитафия (грек. epіtaphіos – қабір үстіндегі) – құлпытасқа жазылған жазу. Эпиграфика – қатты материалдарға (тас, металл, қыш, т.б.) жазылған  жазуларды зерттейтін тарихи қосымша пән.

 

 

 
4219 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper