Анонс


Ырғыз даласының табиғи ескерткіштері

Сәрсенбі, 03 Маусым 2020 14:19
Ырғыз даласының табиғи ескерткіштері KAZMUSEUM.KZ -  

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты   2007 жылы құрылған.  Жер көлемі - 1 173 511 га.  Резерваттың басты міндеті -  ақбөкендерді қорғау, көбейту және далалық экожүйелерді сақтау. Резерват территориясының оңтүстігі  Қызылорда, шығысы  Қарағанды, солтүстігі  Қостанай  облыстарымен шектеседі.

Резерват шөлді және жартылай шөлді аумақта орналасқанымен өзінің  қайталанбас ландшафтарымен, тарихи-табиғи ескерткіштерімен, сулы-батпақты өлкесімен  ерекшеленеді.   Ырғыз-Торғай көлдер жүйесі дүниежүзілік Рамсар конвенциясының тізіміне енгізілген.  Ырғыз ауданы жалпы  80-ге жуық өзен-көлі бар, оның 38-і Торғай зоологиялық территориясында, 30-ы Ырғыз-Торғай резерваты территориясында орналасқан. Жыл сайын осы өзен-көлдер арқылы 2-3 миллион құс Шығыс Сібірге, Батыс Еуропаға, оңтүстік өңірлерге  Үндістан мен Пәкістанға осы өлке арқылы ұшып өтеді, уақытша аялдайды.  Ерекше қорғалатын табиғи аумақта құстардың 250 (32-сі ҚР Қызыл кітабы), сүтқоректілердің 42 (2 түрі ҚР Қызыл кітабы), өсімдіктердің – 423 түрі (3 түрі ҚР Қызыл кітабы), бауырымен жорғалаушылардың - 14, балықтардың – 8, қосмекенділердің – 4 түрі кездеседі.  Сонымен қатар, резерват табиғи және тарихи ескерткіштерге бай, экотуризмді дамытуға өте қолайлы өлке.  Резерват территориясындағы XIX ғ. мен XX ғасырларда салынған  тарихи ескерткіштер  көнекөз қарияның көзіндей өткен ғасырлардан сыр шертеді. 

Сұңқарқия  тауы.  Сұңқарқия  биіктігі 191м (E 620231 N 480271 ) Тәуіп елді-мекенінің солтүстік шығысында Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерват   аумағында орналасқан.

         

Қосбүйрек тауы (жоғарыдағы екі суретте). Қосбүйрек  биіктігі 156м (E 620241 N480191219) Тәуіп елді- мекенінің  солтүстік шығысында Ырғыз-Торғай  мемлекеттік табиғи резерваты  аумағында орналасқан. Торғай өзенінің  Шалқар тебізіне туралап құятын ескі арнасында екіге бөлініп қалған Қосбүйрекке ұқсас биік жота. Ертеректе бүтін тау болған деседі. Қалмаққа қарсы күресте Абат батырдың қалың қолы төбені айналып өтуге жайылма су болып, тіке таудың үстімен өтуді ұйғарады. Сонда ат тұяғы тауды 2-ге бөліп кетіпті. Екіге бөлінген тау, алыстан қарағанда қос бүйрек сияқты болып қана көрінеді. Таудың атауы осыған байланысты қойылған. Қазіргі таңда Қосбүйрек, Сұңқарқия  территориядағы киіктеріміздің негізгі төлдеу аумағына жатады. Киіктер осы аймақта лақтап, құралайларын өргізеді.

Атанбасы  шоқысы. Атанбасы биіктігі 192 м (E 630411071 N480091641) Жайсаңбай  елді –мекенінің  солтүстік шығысында Ырғыз-Торғай резерватының кеңейту аумағында орналасқан. Алыстан мұнартып көрініп тұратын, атан түйенің басына ұқсас биік шоқы. Суы мол кезінде Шалқар тебіздің жағалауы болған. Арал теңізінен Қарақұм арқылы солтүстікке қарай өтетін ескі керуеннің бағыт-бағдарын айқындайтын қарауыл төбе болған. Жанында суы тұщы  бұлақ көздері көп.

Мыңсай аңғары. Мыңсай биіктігі 177м-239 м (E 620281-630221 N480221-480291) Тәуіп және Жайсаңбай с/о солтүстік шығысында Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи  аумағында Торғай өзенінің  Шалқар тебізіне туралап құятын ескі арнасы солтүстік жағалауындағы Шалқар-Нұра үстірті бойындағы 70 км-ге дейін созылып жатқан терең сай-жыралар. Үстіртің жоғарғы жағындағы алқаптың қар суы жиналып, Шалқар тебізге қарай ағып мыңдаған сай, аңғарлар, жыралар пайда болған. Сол себепті «Мыңсай» аталған. Сай аңғарларының көрінісі көз тартады, өсімдіктер дүниесіне өте бай, бұлақ көздері жиі  кездеседі.

Нұра тауы. Ырғыз ауданы орталығынан шығысқа қарай 100км қашықтықта Нұра тауының іргелік кемері көрінеді. Осы кемер Тосын құмынан басталып, 120-150км. Торғай өзенімен қапталдаса отырып, Шалқар теңізінің деңгейіне дейін созылады. Кемердің үстіне шықсаң әрі қарай жалғасып, Жезқазған облысының Нұра ауданы маңына дейін созылатын үстірт.Осы Нұра кемерін Нұра бойы деп те атайды. Шалқарнұра жартасы Республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи қорық қорының геоморфологиялық объектісі болып саналады. Нұра тауы бетегелі жота тау, кей тұстары үсті жазық жота. Бұл жерде тораңғы терегі мен  сексеуіл өседі, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты  аумағында орналасқан.

Сарыбұлақ (N4829.969 E62 407 241) Нұра тауында орналасқан, географиялық ерекшелігі үстіртті, жазықты. Тораңғы, сексеуіл, тобылғы, көкпек секілді бұталы өсімдіктер өседі. Бұл жерде көне қыстаулардың орындары сақталған және төбелердің басында көне қорымдар кездеседі (шамамен 100 жыл бұрын). Сарыбұлақта көптеген бұлақ көздері бар. Жылдар бойы жауын, қар  суы мен  өкпек желден терең аңғарлар және Сфинкске, ханшатырға, хантағына ұқсас әр түрлі пішіндегі  төбелер пайда болған.  

Шалқар теңізі.      Ауданы 150 мың гектардай, периметрі 450 км болатын алып сор табан. Ырғыз, Торғай өзендерінің және шығысы мен батысында бірнеше өзен-сайлардың көктемгі тасқын сулары жиналады. Бірақ су мол болған жылдардың өзінде теңіз толған емес. Жер астына сіңіп, қалғаны буланып, сорға айналады. Теңіздің оңтүстігі мен батысындағы құм массивтерінен жиі атқылап жатқан бірнеше ондаған минералды артезиан  су көздерін толықтырып отырады. Қызғылт қоқиқаздардың мекендеу және аялдау ортасына қолайлы.  1913 жылы Торғай және Ырғыз өзендері, Жыңғылдыөзек, Тегене, Ақсай, Талды т.б. өзек-сайлар суы құятын «Шалқар теңіз» алабының (қазіраумағы 150 мың гектардай алып сорға айналған) солтүстік жағалауынан «Шалқарнұра» үстіртінің етегінен әлемде теңдесі жоқ  өсімдікпен қоректенетін сүтқоректілердің алыбы мүйізтұмсық тұқымдасына жататын бірақ мүйізі жоқ, үш тұяқты, биіктігі 7, ұзындығы 8 метрге жететін  алып хайуанның бірнеше дарағының сүйек қаңқалары табылған. 1922 жылы 1-12 маусымда Петроградта өткен бірінші Бүкілресейлік геологиялық сьезде профессор А.А.Борисяк бұрын беймәлім болып келген, әлемде теңдесі жоқ, «индрикотерий» атауы берілген, алып хайуанат қаңқасын  мақтанышпен жиналғандарға  көрсеткен. Қазір қаңқа Москвадағы Ғылым Академиясының Палентологиялық музейінде сақтаулы. Шалқартеңіз жағалауындағы осы жерден сүйек қаңқасы табылған күзеннің бойындай жыртқыш сүтқоректі хайуанға «челкария» атауы берілген. Бұдан басқа да кеміргіштер тұқымдастары қаңқалары  табылған. («Рассказ о геологии Актюбинской области и богатствах ее недр» Р.А. Сегедин Ақтөбе 2002 ж. 79-83 б.б.)  Қазіргі таңда  олигоцен дәуірінде суы толық Шалқар тебізінде мекен еткен теңіз жәндіктері ұлулардың, бақалшақтардың тасқа айналған қалдықтары мекеме музейінде  сақталып, келген қонақтар үлкен қызығушылықпен қарайтын құнды дүниелердің бірі болып отыр.

Резерват  мекемесіне келген қонақтар осы құнды дүниелерді көріп,  табиғат  мекемесінің мақсат-міндеттерімен  толық  таныса алады.    Осындай бай өлке, байтақ мекенде жарық дүние есігін   ашқан адамның туған жерін қадірлемеуі мүмкін емес.  

 

Ә.ӘБДІРАХМАНОВА,  Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының Табиғат музейі  қызметкері

2582 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper