Анонс


Торғай геоглифтері ғарыштан суретке түсірілді

Сәрсенбі, 06 Қаңтар 2016 09:01
Торғай геоглифтері ғарыштан суретке түсірілді KAZMUSEUM.KZ -  

«Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ  Питтсбург Университетінің (АҚШ) өкілі Рональд Лапортенің (Ronald Laporte) сұрауы бойынша қысқа мерзімде Қостанай облысындағы геоглифтері бар учаскені түсірді.

«Біздің компания Үрпек ауылы (Қостанай облысы Амангелді ауданы) маңындағы геоглифтің суретін жасады.  Қазір Лапорте бастаған халықаралық зерттеушілер тобымен географиялық ақпараттық жүйе құру және геоглифтерді картаға түсіру үшін хат алмасу арқылы келісіп жатырмыз.  Топта Қазақстан мен АҚШ (Питтсбург Университеті мен НАСА) мамандары бар.  Жұмыстың ғылыми және тәжірибелік мүддесі бар және ол Қазақстандағы туризмді дамытуға, сонымен бірге мәдени-тарихи мұра ретінде геоглифтердің сақталуына көмектесе алады», - деді компания президентінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин.

Еске сала кетейік, Торғай геоглифтерін алғаш рет 8 жыл бұрын 2007 жылы қостанайлық зерттеуші  Дмитрий Дей ашты. Сол кезден ол "Торғай дискавери" жобасын іске қосты. Сонымен қатар, онымен америкалық Питтсбург Университетінің мамандары байланысқа шықты. Д.Дей мақалалары Питтсбург Университетінің және Александрий кітапханасының (Мысыр) сайтында жарияланды. Кейін  Американдық НАСА ғарыш агенттігі қызығушылық таныта бастады. Олар  Торғай геоглифтерінің суреттерін бүкіл әлемге таратты.  Д.Дей геоглифтермен байланысты жобаны "ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындады. Бұл туралы ҚазАқпарат осыған дейін хабарлаған.  Торғай геоглифтері америкалық блогерлердің 2015 жылдың үздік жаңалықтары тізіміне енді, деп жазады ҚазАқпарат.

Суретте: Үрпек ауылы маңындағы геоглиф. Қазақстандық KazEOSat-1  спутнигінен түсірілген (24/10/2015ж). Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын зерттеу бойынша халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық.  

 

3260 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper