Домбауыл деген кім болған?

Сәрсенбі, 04 Қараша 2015 10:18
Домбауыл деген кім болған? KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала елі» экспедициясының мүшелері Қарағанды облысында орналасқан Домбауыл кесенесіне барып, тарихи мағлұмат жинап қайтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Жезқазған қаласынан 54 шақырым қашықтықта орналасқан оғыз-қыпшақ заманында салынған айрықша ескерткіш – Домбауыл кесенесі. ІХ-ХІХ ғасырларға тиесілі Домбауыл конус пішіндес күмбезді құрылыстар түріне жатады. Бір қарағанда, кесененің сыртқы келбеті киіз үйге ұқсайды. Жалпы биіктігі 6 м болатын мазар қола дәуірінде қалыптасқан тас қалаудың ежелгі дәстүрінің жалғасы саналады. Домбауыл есімі тарихи жазбаларда, аңыз-әңгімелерде жиі кездеседі екен. Бір аңызда оны Шыңғыс ханның әкесі десе, енді бірінде ол Жошы ханның сарай күйшісі немесе батыр мергені болған деп айтылады.

«Домбауыл сияқты ескерткіш Қазақстанда екеу ғана. Бұл Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ескерткіші, одан кейін осы – Домбауыл. Кесене түркі заманында салынған. Домбауыл кесенесінің жанында жерленгендердің кім екені белгісіз, бірақ, олардың қарапайым адамдар болмағаны мәлім», - дейді тарихшы, археолог Ғабдол Әуезов.

Жалпы, Сарыарқа ежелгі заманның көне сырларын ішіне бүккен шежірелі өлке. Мағлұматқа сәйкес, Сарыарқа аумағында 1500-ге тарта тарихи, мәдени және архитектуралық ескерткіш болса, олар Орталық Қазақстанда шашырап орналасқан. Ұлытау-Жезқазған аймағы және Сәтбаев қаласына қарасты ескерткіштердің жалпы саны – 756. Ескерткіштердің көпшілігі Сарысу, Нұра, Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендерінің бойында кездеседі.

 

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ, фото Азамат ӘЛИЕВ

1540 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper