Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі Түркияда көрме ұйымдастырды (ФОТО)

Сенбі, 17 Қараша 2018 21:14
Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі Түркияда көрме ұйымдастырды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік Өнер музейі Түркияның Мұстафа Айяз атындағы Заманауи өнер музейінде ХХ ғасырдың соңы – ХХI ғасырдың басындағы қазақстандық суретшілердің 32 кескіндемелік және графикалық жұмыстарын ұсынатын «Ұлы Дала рухы» көрмесінің тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

«Ұлы Дала рухы» көрмесі - көшпенділер мәдениетінің, қазақтың тұрмыс дәстүрі, ұлттық ат-спорттық ойындары, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бірегей ерекшелігін көрсетеді. Ол қазіргі заманғы түркітілдес елдердің бейнелеу өнері, өткенге, тарихқа, оның аумағында болған ежелгі өркениеттерге, қазіргі заманғы адамзат проблемаларына және рухани ізденістерге деген үлкен қызығушылығының айқын үлгісі.

Көрмеде 32 кескіндеме және графика туындылары (авторлары - Евгений Сидоркин, Әбдірашит Сыдыханов, Дулат Әлиев, Ғани Баянов, Бахыт Бапишев, Марат Бекеев, Шамиль Гулиев, Нелли Бубэ, Асқар Есдәулет, Алмагүл Меңлібаева, Андрей Нода, Гүлжамал Тагенова, Алпысбай Қазығұлов және Вячеслав Люй-Ко) қойылған.

«Көрме Қазақстанның заманауи өнерінің кең стилистикалық алуандылығын, ұлттық бояуы мен өзіндік ерекшелігін айқын көрсете отырып, көрнекі түрде ұсынады. Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі шетелдік көрмелерді әр түрлі елдерде ұйымдастыру арқылы, қазақ өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, әлемді төл мәдениетіміз, тарихымыз бен бейнелеу өнерімен таныстырады», - дейді Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік Өнер музейінің директоры, профессор Гүлмира Шалабаева.

Көрмеге  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы қолдау көрсетті.

723 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper