Анонс


Ұлттық музейде «Ирандық миниатюра мен каллиграмма» атты көрменің тұсаукесері өтті (ФОТО) Таңдаулы

Сәрсенбі, 15 Ақпан 2017 12:27
Ұлттық музейде «Ирандық миниатюра мен каллиграмма» атты көрменің тұсаукесері өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің «Ирандық миниатюра мен каллиграмма» атты көрмесінің салтанатты ашылуы болып өтті.  Көрме ағымдағы жылдың 8-18 ақпан аралығында  Ирандағы Ислам революциясының 38 жылдығын мерекелеуге арналған мәдени шаралар аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрмеге атақты суретші, иран кескіндемесінің оқытушысы, Өнерді дамыту институтының құрметті мүшесі Бехзад Бозоргидің миниатюралары және Тегеран каллиграфтар қауымдастығының сульс каллиграфиялық стилі бойынша жоғары дәрежесінің иегері Мехди Мовахедипурдың каллиграммалары қойылады.

Көрменің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Дамирчилу мырза:

«Ирандық миниатюра мен каллиграмма өнерінің көрмесі дәл осы шаңырақта өтіп жатқаны біз үшін мақтаныш. Бұл іс-шара Ирандағы Ислам революциясының 38 жылдық мерейтойына арналып, екі ел арасындағы 25 жылдық достық қарым-қатынастың символы болып табылады. Иран халқы мен қазақ халқының арасындағы байланыс ескі ғасырлардан-ақ бастау алған. Бұл қарым-қатынастар халықтарымыздың аңыздарында, поэзиясында, ертегілерінде өз көріністерін тапты. Ал, бүгінгі екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар тарихы терең ғасырлық байланыстың жемісі деп білемін», - деп сөзін түйіндеді.  

Шығыста әріптерге, олардың тәңірлік жаратылысына және құдіретіне құрметпен және сеніммен қараған. Міне сондықтан да қолжазбада каллиграфияға ерекше көңіл бөлінді. Каллиграфтың өнері қолжазбаны көркемдеген миниатюрашының өнерінен жоғары бағаланды, туындыға суретші қол қоймаса да, көшірмеші туралы және жұмыстың жасалған орны мен уақыты жайлы мәлімет әрбір манускрипттің соңғы нүктесі болып табылатын.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай:

«Иран мен Қазақстан халқының діні бір десек те, екі халық арасындағы байланыс ислам діні келгенге дейін де өз дәрежесінде дамыған. Екі халықтың түп-тамырының тарих тұңғиығында түйісуі бізге бүгінгі көрмені еш қиындықсыз түсінуімізге септігін тигізеді. Өйткені, қазақ халқы  батыс пен шығыстың да өнерін бойына сіңірген», - деп бұл көрменің халқымыздың табиғатына жақындығын атап өтті. 

«Ислам дінін уағыздаушылар оны тек құлшылық етумен ғана шектейді. Ал,  ислам өнері, архитектурасы мен мәдениеті жөнінде көп айтыла бермейді. Шындығында, бүгінгі көрмеге қойылған өнер түрлері ислам діні келгенше болған. Бірақ, Ирандағы бұл өнерлер ислам дінінің келуімен қарқынды дамыды. Сондықтан біз ислам дінін мәдениет пен өнер тұрғысынан түсіндіре білуіміз керек. Және, керісінше, Иранның бұл өнерлерін дін арқылы түсіне алсақ нұр үстіне нұр болар еді», - деп этнограф, суретші Қалиолла Ахметжан өз пікірін білдірді.  

Тегеран мектептеріндегі кескіндеменің әртүрлі техникасы бойынша оқытушылар Бехзад Бозорги мен Мехди Мовахедипур иран кескіндемесі және бүгінде жалғасын тауып жетіліп жатқан заманауи каллиграмма негіздері бойынша шеберлік сыныптарын өткізді. 

7933 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper