Анонс


Ұлттық музей «Ханзада Жумонг» сериалындағы әртістердің костюмдерін көрмеге қойды (ФОТО) Таңдаулы

Сейсенбі, 18 Қазан 2016 00:52
Ұлттық музей «Ханзада Жумонг» сериалындағы әртістердің костюмдерін көрмеге қойды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ханбок сиқыры» атты дәстүрлі корей киімдерінің көрмесі ашылды. Көрмені Ұлттық музей мен Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, Корей Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хан Ман Чун, еліміздегі Корей Елшілігі жанындағы Мәдени орталықтың директоры Ли Дэ Вон және Корей Республикасындағы Хонбок Федерациясының президенті Ли Су Донг қатысты.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай қонақтарды көрменің ашылу салтанатымен құттықтап: «Осыған дейін Ұлттық музейде Үндістанның, Италияның көрмесі ашылған болатын. Ал бүгін корей халқының «Хонбок сиқыры» деп аталатын көрмесі ашылып жатыр. Бұның барлығы да кез келген елдің мәдениетіне, өнеріне деген біздің мемлекеттің құрметпен қарайтынын білдірсе керек. Ал бүгінгі көрмеге келетін болсақ, «ханбок» дегеннің өзі корейдің киімі дегенді білдіреді. Корей халқының осындай киім үлгілерін сақтап, осы заманға дейін алып келгеніне қарап, бұл ұлттың өз дәстүрлеріне деген беріктігін аңғаруға болады» деді.

Корей Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хан Ман Чун: «Бүгінгі көрмеге қойылған киімдерді тамашалау арқылы сіздер тарихы тереңде жатқан дәстүрлі корей киімдерінің кереметімен таныса аласыздар. Сонымен қатар, түрлі корей сериалдары кейіпкерлерінің киген киімін түпнұсқада тамашалауға да мүмкіндік алдыңыздар» дей келе көрменің өзге де ерекшеліктері мен маңыздылығына тоқталды.

Ханбок – корей тілінен аударғанда корей мәдениетінің іске асқан пәлсапалық көзқарастарын, эстетикасын және өзіндік ерекшелігін көрсететін «корей киімі» дегенді білдіреді. Кореяда батыстық үлгідегі киімдер пайда болғанға дейін, ханбок кәрістердің күнделікті киімі саналған. Бүгінгі таңда ханбокты әдетте ұлттық мерекелер (Чусок - егін мерекесі, Жаңа Ай жылы) және отбасылық салтанаттар кезінде киеді.

Экспозицияға тақта отырған Чосон әулетінен бастап, бүгінгі корейдің дәстүрлі  «ханбок» киімінің әр түрін көрсететін 96 экспонат қойылды. Ұсынылатын экспонаттардың арасында көптеген қазақстандық көрермендер ұнатқан «Ханзада Жумонг» корей сериалының бас кейіпкерлерінің түпнұсқа костюмдері де бар.

 «Ханбок сиқыры» көрмесі көрермендерді корей мәдениетінің таңғажайып әлемімен таныстырады және Кореяның сан ғасырлық дәстүрлерінің ерекшелігін сезінуге мүмкіндік береді.

Аталған көрме 26 қазанға дейін өтеді.

10332 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper