Анонс


Ұлттық музейде «Неономад» атты көрмесі ашылды (ФОТО) Таңдаулы

Жексенбі, 12 Маусым 2016 05:04
Ұлттық музейде «Неономад» атты көрмесі ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Астана қаласының жас суретшілерінен құралған «KADMII QYZYL» арт-тобының «Неономад» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Көрменің ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай жастардың заманауи жұмыстарын жоғары бағалап, оларға шығармашылық табыстар тіледі.

Бұл жұмыстардың барлығы да талантты жас суретшілердің ішкі дүниелерін ашып көрсетеді. Мұндай жаңа бастамаларға әрқашан қолдау білдіруіміз керек. Себебі біз үшін өнердің орны бір бөлек. Алдағы уақытта да мұндай тың идеялардың авторларын Ұлттық музейден көргіміз келеді. Сондықтан талапты 7 суретшінің шығармашылық жұмыстарына табыс тілеймін, - деді Д.Мыңбай.

 

«KADMII QYZYL» арт-тобы 2010 жылы құрылған. Оның қатарында Бейбіт Әсемқұл, Айгерім Жұмағалиева, Әлия Қаныбекова, Наталья Лигай, Жеңіс Молдабеков, Алмас Орақбай, Гүлмарал Тәтібаева есімді жастар бар. Барлығы көрмеге 30-ға жуық жұмыс қойылды. Олардың арасында  инсталляция, фотосуреттер, видео-арт және перфоманс бар.

Көрменің тұжырымдамасын әртүрлі жағдайлармен тастап ұшып кететін туған үйдің символы «Ұя» инсталяциясы белгілейді. Қазіргі таңда бақытты өмір іздеген адамдар өздерінің «орныққан» орындарын құстар сияқты тастап кетеді. Әлемде үнемі қозғалыс, адамдар қаладан-қалаға, бір елден екінші елге, бір құрлықтан екінші құрлыққа көшіп жатады. Өмірдің заманауи көшу бейнесі бүкіл әлемге ортақ, бүгінгі көшпелілер  - неономадтар -  өзін және өз бақытын табу үшін орын ауыстырып жатады. Осы арада, өз тамырыңнан қол үзе отырып, өзіңнің кім және қайдан екеніңді ұмытпау өте маңызды!

Сонымен қатар, көрмеге Наталья Лигайдың «Өмір елесі», Әлия Қаныбекованың «Туған жерім тұғырым», Гүлмарал Тәтібаеваның «Замана көші», Алмас Орақбайдың «Жұрт» фотосуреттерінің топтамасы қойылады. Осы жұмыстарда суретшілер қоныс аударудың әлеуметтік-мәдени үрдісіне өз көзқарастары мен ойларын білдіруге тырысады.

Қала өз төңірегіндегі елді мекендер мен олардың тұрғындарын өзіне сіңіре отырып қарқынды өсуде. Мегаполистердегі адамдар құм қиыршығы сияқты. Алайда әрбір адам бірегей және талантты, Айгерім Жұмағалиеваның «Қала алпауыттары» топтамасымен жасалған фототуындылары осы туралы әңгімелейді. Суретші сәулеттік ансамблдерді емес, мүсін композицияларын емес, қаланы жасайтын және оған жан кіргізетін адамдарды жырлайды. 

Жеңіс Молдабековтың «Тарих қойнауынан жарқын болашаққа» топтамасымен жасалған фототуындылары бабаларымыздың көшіп-қонған жолдарымен бүгінгі темір жолдар өтіп жатуы ықтимал Қазақстанның кең байтақ даласына ерекше орын береді. Суретші өз сюжеттерінде қазіргі мен кешегіні ұштастырады. 

Бейбіт Әсемқұлдың «Шексіздік» топтамасымен жасалған фототуындылары әйелдерге арналған. Қазақ мәдениетіндегі әйел – отбасы мен дәстүрдің сақтаушысы. Суретші қазіргі замандағы әйелдің классикалық бейнесінің өзгеруі туралы ой толғайды.

Көрме 26 маусымға дейін жұмыс істейді.

 

 

5049 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper