Анонс


«National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрме ашылады Таңдаулы

Сейсенбі, 24 Мамыр 2016 03:28
«National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрме ашылады KAZMUSEUM.KZ -  

Мамыр айының 27-сі күні Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрме ашылмақ.

Шара «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесер рәсімі аясында ұйымдастырылғалы отыр. Көрмеде талғамы жоғары келушілерге 128 жылдық тарихы бар әлемдік беделді басы­лымның ең үздік фотолары ұсынылады. Онда Стив Маккарридің дүниені шарлаған әйгілі «Ауған қызы» суретінен бастап, Джейн Гудоллдың өзіндік қолтаңбасы бар кадрлары, Томас Аберкромбидің қайталанбас Меккенің суреті қойылып, «National Geographic» тари­хындағы басқа да танымал фототуындылар паш етіледі. Мұнымен қоса, көрмеге келушілер фотосуреттерді тамашалап қана қоймай, кадр­дан тыс орын алған оқиғалар туралы да біліп, әр суреттің тарихына терең үңіле алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндағы әрбір фото адамға терең ой салып, дүниеге философиялық көзқараспен қарауға үндейді, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Естеріңізге сала кетейік, «National Geographic Қазақстан» журналы алғаш рет елімізде биылғы жылдың ақпан айынан бастап жарыққа шығып келеді. Қазіргі күні беделді басылымның ана тіліміздегі төртінші саны әзіз оқырманның қолына тиді. Осыған байланысты шара барысында журналдың ресми тұсаукесеріне арналған брифинг өткізу жоспарланып отыр.

«National Geographic» журналы Орталық Азия аймағы бойынша алғаш рет Қазақстанда жарық көрді. Қазіргі таңда әлемнің 38 тілінде, 80-нен астам елге таралуда. Тілі жеңіл, безендірілуі көркем журналды оқырман тез қабылдайды. «National Geographic» тарих, география, археология, ғылым мен мәдениет салалары бойынша теңдессіз фотосуреттер мен эксклюзивті мақалаларды жариялап тұрады. Журнал планетаны аялауды насихаттап, оны қорғауға үндейді, Жер шарының қайталанбас табиғатының әдемілігін сақтауға шақырады.

 

3273 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper