Анонс


60-тан астам музей маманы біліктілік арттырды Таңдаулы

Сәрсенбі, 19 Маусым 2019 23:38
60-тан астам музей маманы біліктілік арттырды KAZMUSEUM.KZ -  

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен "ХХІ ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап" тақырыбында музей қызметкерлеріне арналған облыстық семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Семинар-тренингтің ашылу салтанатында БҚО Мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев пен музей ісінің ардагері Сара Есқайырқызы сөз сөйлеп, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Облыстағы музей саласының жағдайы туралы баяндама жасаған облыстық музейдің директоры Мирболат Ерсаев семинар-тренингтің өзектілігі туралы айтып өтті.

Семинар-тренингке қатысушылар бірінші модуль кезінде "Kazmuseum.kz" қорының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыстың «ХХІ ғасырдағы музей мамандары: жаңа талаптар мен үнемі трендте болу қажеттілігі» атты дәрісін тыңдады. Музейтанушы маман АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Түркия елдеріндегі музейлердің тәжірибесіне ерекше тоқталып өтті. Атап айтқанда, музей менеджменті мен маркетингі, музейлердің қоғамдағы рөлі, музей саласындағы жаңа стандарттар туралы кеңірек баяндады.

Екінші модуль кезінде ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Назгүл Кадримбетова музей мамандары үшін аса маңызды саналатын «Музей саласындағы нормативтік-құқықтық актілері: жай-күйі, қолдану барысы мен проблемалары» атты тақырыпта дәріс оқыды. Сарапшы маман әрбір нормативтік актіні қолдану жолдарын көрсетіп, үлгілерімен таныстырды.

Семинар-тренинг музей мамандарының сұрауы бойынша бейресми жағдайда жалғасып, белгілі тележүргізуші, телевизия саласындағы бірнеше жобаның авторы Мирамгүл Мәделімен кездесу өткізді. Журналист музей мамандарының ақпараттық сауаттылықтың маңызы, жұмысты жоспарлай білу арқылы жетістіктерге жету туралы пікірлерімен бөлісті. ⠀
Қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, сала мамандарының әлеуметтік мәселелерін де көтерген семинар-тренинг 60-тан астам қатысушыға БҚО тарихи-өлкетану музейі және "Kazmuseum.kz" қорының бірлескен сертификатын тапсыру салтанатымен аяқталды.

4738 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper