Анонс


Алматыда музей мамандарына арналған семинар-тренинг өтті Таңдаулы

Сейсенбі, 02 Сәуір 2019 01:06
Алматыда музей мамандарына арналған семинар-тренинг өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы қаласында Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған «Kazmuseum.kz» қорының ұйымдастыруымен «Музей саласындағы жаңа трендтер және ақпараттық технологиялар мен нормативтік-құқықтық құжаттарды пайдалану тәсілдері» атты семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Семинар-тренинг кезінде қатысушыларға шетел музейлерінің менеджмент пен маркетингтегі тәжірибелері таныстырылды. Әсіресе, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей музейлерінің басқару ісі, музей жұмысын ұйымдастыру мен қоғаммен байланыстағы жетістіктері кеңінен қамтылды.

«Уақыт өткен сайын музей саласына қойылатын талаптар өзгеріп келеді. Қоғам музейді дәстүрлі бағытынан гөрі, өзіне қолайлы, кері жауап ала алатын мәдениет мекемесі ретінде көргісі келеді. Біздің бұл сөзімізге шетелдегі ғана емес, еліміздегі әлеуметтік зерттеулер де дәлел бола алады. Соңғы кезде музей мен қоғамның арасында жаңа диалогтың басталғанын байқаймыз. Бұл диалог тереңдей түскен сайын көп өзгерісті қажет етеді. Ал, біз бұған дайынбыз ба?! Біз бүгінгі кездесуімізде осы сұрақтарға жауап іздейтін боламыз», - деді «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыс.

Сонымен қатар, музей мамандарына семинар-тренинг кезінде музей ісіне тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілерді қолдану тәсілдері де түсіндірілді. Атап айтқанда, қор сақтау, музей заттарын пайдалану ережелері, лицензиялау тәртібі тәрізді маңызды бағыттары жайлы кеңестер беріліп, қатысушылар көкейдегі сұрақтарына жауап алды.

«Нормативтік-құқықтық актілерді кез келген музей маманы жақсы білуі тиіс. Бұл – тиімді әрі сапалы жұмыстың көрсеткіші. Біз музей мамандарының заң саласына қатысты сұрақтарына әрдайым жауап беруге дайынбыз. Нормативтік-құқықтық актілерге қатысты бірнеше ресурстар бар. Мүмкіндігінше сол ресурстарды күнделікті жұмыста пайдаланған жөн», - деді сарапшы-тренер Назгүл Кәдірімбетова.

Заманауи ақпараттық технологияларды музей ісінде қолдану мәселесі қатысушыларға Ұлыбритания мен Ресей музейлерінің мысалында көрсетілді.

Семинар-тренингке Алматы қаласы мен Алматы, Ақтөбе, Жамбыл облыстарынан келген музей қызметкерлері қатысты.

«Kazmuseum.kz» қоры семинар-тренингті ұйымдастырудағы көрсеткен әріптестік қолдауы үшін Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейінің басшысы Ұлжан Байбосынова ханымға және көрсеткен белсенділігі үшін барлық қатысушы-музей мамандарына ерекше алғысын білдіреді.  

 

4589 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper