Болашақ музеолог мамандардың республикалық олимпиадасы өтті

Бейсенбі, 28 Наурыз 2019 23:09
Болашақ музеолог мамандардың республикалық олимпиадасы өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша оқитын студенттер арасында олимпиада өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Олимпиада кезінде Қазақстанда музеолог мамандар дайындайтын екі университет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің  студенттері өзара үш кезең бойынша сайысты.

Студенттер ұсынған жобалардың ішінде «Түркі халықтарының музейі», «Код музея: 1991», «Алматыдағы этноауыл», «Ұлттық этнографиялық музей» жобалары қазылар алқасы үшін қызықты болды.

Еліміздегі музей мамандары арасында Ұлттық этнографиялық музей, Археология музейі қажет екені жиі айтылады. Әзірге бұл тақырыптар елімізде экспозиция, көрме аясында ғана шектеліп жүр. Олимпиадаға қатысушы студенттер Этнографиялық музей ашып ғана қоймай, ұлттық бұйымдар жасайтын зергерлер мен шеберлерді де сол музейдің айналасына үйлестіргісі келетіндіктерін жеткізді.

Ал, «Код музея: 1991» жобасын ұсынған студенттер «көпшіліктің музейге бару мәдениетін бала кезінен қалыптастыру керек» деген ұстаныммен жобаларын қорғады.

Қазылар алқасы үшін «Алматыдағы этноауыл» жобасы да болашақта тиімді болатын жобалардың қатарынан көрінді. Этноауыл жобасы аясында этнография мен археологияға арналған музей де жоспарланған. «Осындай музейі бар этноауылдар ұйымдастыру арқылы ұлттық мәдениетті сақтап қалуға болады» дейді студенттер.

Тағы бір жақсы жобаны ұсынған шымкенттік студенттер болды. Олардың «Түркі халықтарының музейі» жобасы қыруар жұмысты талап етеді. Студенттер «екі-үш жылда мұндай музейді ашуға болады, тек қолдаушы болса» дейді. Қазіргі уақытта Түркістанда осы бағытта жұмыстар атқарылып жатқан соң, жобаны жергілікті басшылыққа ұсынуға кеңес берілді.

Олимпиада қорытындысы бойынша бас жүлдені шымкенттік студенттер алып, қалған орындарды ҚазҰУ-дың әр түрлі курстарындағы студенттері өзара бөлісті.

Студенттердің дайындығы мен музей ісіне деген қызығушылығы қазылар алқасының ризашылығын туғызды.

«Студенттер өте жақсы дайындалған. Мамандықтары өздеріне ұнайды. Болашағынан үміт күтеді. Қазылар алқасының төрағасы ретінде барын салып дайындалған барлық студентке алғысымды білдіремін.  Ендігі жерде жақсы әрі жас маман іздеп жүрген музей басшылары болса осындай жобалары бар студенттерді осы бастан өздеріне қарай тартса деймін. Әсіресе, бірде бір музеолог мамандары жоқ Солтүстік пен Батыс өңірлердегі музейлерге осындай жас мамандар қажет-ақ», - деп пікір білдірді қазылар алқасының төрағасы Нұрсерік Жолбарыс.

Айта өтейік, «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша оқитын студенттер арасында олимпиада биыл елімізде үшінші рет өтті.   

308 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper