Анонс


Астанада музей мамандарына арналған семинар-тренинг өтті (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 26 Қазан 2018 23:21
Астанада музей мамандарына арналған семинар-тренинг өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Астанада Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған «Kazmuseum.kz» қорының ұйымдастыруымен «Айқын» қонақ үйінің конференц залында «Музей саласындағы ақпараттық технологиялар мен нормативтік-құқықтық құжаттарды пайдалану тәсілдері»атты семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Семинар-тренингтің мақсаты – музей қызметкерлеріне ақпараттық технологияларды қолдану және музей ісіне тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жасау тәсілдерін түсіндіру.

Ақпараттық технологияларды қолдану модулі аясында музей қызметкерлеріне музей сайтының концепциясын дайындау, күнтізбелік жоспарын құру, техникалық талаптарын әзірлеу, сайт редакциясын жасақтау, сайтты коммерцияландыру тақырыптары кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ, музей сайтын жасау бойынша Ресей, Франция, Ұлыбритания елдері музейлері сайттарының артықшылықтарын пайдалану жөнінде кеңестер берілді.

Семинар-тренингтің «Музейдің қоғаммен байланысын ұйымдастыру» модулі бойынша музей маркентингі мен менеджменті, музейдің PR қызметі туралы қазіргі уақыттағы озық тәжірибелер талқыланды.

Жоғарыда аталған екі модульді музеолог Нұрсерік Жолбарыс жүргізді.
 

Музей саласындағы белгілі сарапшы маман, тренер Назгүл Нұржанқызы Кадримбетова семинар-тренингке қатысушы мамандарға нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс модулі бойынша музей ісіне қатысты ережелер, бұйрықтар мен шешімдер туралы айтып, жұмыс барысында қолдану жолдарын көрсетті. Әсіресе қор сақтау, экспонаттарды «пайдалану» проблемасы жөнінде нақты кеңестер  берді.

Музей мамандарының әлеуметтік желіні жеке мүдделеріне тиімді қолдануын үйрету мақсатында «Жеке тұлғаның әлеуметтік желіде бренд ретінде танылуы (мотивациялық тренинг)» атты қосымша модуль ұсынылды. Аталған бағыттағы тәсілдерді белгілі блогер, журналист Өркен Кенжебек түсіндіріп берді.

Семинар-тренингке Түркістан облысы, Маңғыстау облысы, Ақмола облысы, Қарағанды облысы және Алматы қаласынан келген музей мамандары қатысып, жекеленген модульдер бойынша біліктілік арттырғанын растайтын сертификатқа ие болды.

«Kazmuseum.kz» қоры семинар-тренингке қызметкерлерінің қатысуына мүмкіндік жасағаны үшін Маңғыстау облыстық тарихи-өлкентану музейі, Ықылас атындағы саз аспаптары музейі, Түркістан облыстық Бейнелеу өнері музейі, Түркістан тарихи-мәдени орталығы, «Отпан» мекемесі, С.Қондыбай атындағы мемориалдық музейі, Атбасар аудандық І.Есенберлин атындағы мемориалдық музейі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі, Бейнеу музейі басшыларына және семинар-тренингке қатысушы мамандар мен тренерлерге алғысын білдіре отырып, қызметтеріне табыс тілейді.

 

Суреттерді түсірген Гүлжан Раманкулова

 

4950 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper