Анонс


Қазақстан музейлерінің мамандары Түркияда тағылымдамадан өтті (ФОТО) Таңдаулы

Дүйсенбі, 29 Қаңтар 2018 11:03
Қазақстан музейлерінің мамандары Түркияда тағылымдамадан өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған «Kazmuseum.kz» қорының ұйымдастыруымен және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен Түркия астанасыАнкарада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан музейлерінің қызметкерлері «Музей саласындағы жаңа технологиялар: «Музей реставрациясы, қор сақтау және музей туризмі» атты халықаралық тағылымдамаға қатысты.

Қазақстандық мамандардың тәжірибе алмасу және біліктілігін арттыру сапары Анадолы мәдениеттері музейінен басталды. Музей директоры Енвер Сағыр Түркия музейлерінің ерекшеліктерімен таныстыра отырып, қазақстандық әріптестерімен алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендігін жеткізді.

        

«Музей ісі саласында Түркияның өз ерекшелігі бар. Бізде бұл салада белгілі стандарттар қалыптасқан. Сондықтан музей ғимаратын салу ісінен бастап, ішкі әрбір жұмысына жіті мән береміз. Музейіміз археологиялық қазбалар кезінде табылған құндылықтармен тығыз байланысты болғандықтан, қазба жұмыстарын да жүргіземіз. Негізінен бұл іспен еліміздің жоғары оқу орындары айналысады. Оқу орындары ұйымдастырған қазба жұмыстары әрине музейлермен бірлесе жүргізіледі», - деді Е.Сагыр.

Анадолы мәдениеттері музейімен танысу барысында қазақстандық мамандар Түркияның АҚШ, Ұлыбритания, Франция тәрізді елдердегі музейлерінен ұлттық тарихи құндылықтары болып саналатын экспонаттарын қайтарып алу жұмыстарына ерекше мән берді. Мысалы, былтырғы жылы музейге Осман мемлекеті тұсына тән экспонаттың бірнешеуі қайтарып алынған екен.

Сонымен қатар, қазақстандық музей қызметкерлері Этнография музейі, Сурет және мүсін музейі, «Түркия ІІ-ші Ұлы Ұлттық Мәжілісі» республикалық музейі тәрізді ірі музейлерінің де жұмыстарымен кеңірек танысуға мүмкіндік алды. Атап айтсақ, музейлердің қор толықтыру, тарихи нысандарды музейлендіру, балалармен жұмыс істеу, экспозиция залдарын күтіп ұстау, «музейлер баршаға қолжетімді болуы керек» сияқты принциптерімен жұмыс істеуі қазақстандық мамандардың көңілінен шықты.

Іс-сапардың жоспарына сәйкес қазақстандық мамандарға Анкараның реставрация және консервациялау лабораториясының тәжірибесімен жақыннан танысуға мүмкіндігі болды. Аталған лаборатория қазіргі уақытта Түркияның орталық аймағы мен Анкараның бірнеше музейінің жұмысын қамтамасыз етіп отыр. Лаборатория директоры Ченгиз Оздуоғлы туризм саласының және соның ішінде музей ісінің дамуына байланысты лаборатория жұмыстарына сұраныстың өте жоғары екендігін айтты.

«Түркия бойынша дәл осындай 10 лаборатория бар. Барлығы де музейлер мен музейлік мекемелерге қызмет көрсетеді. Жұмыстарымыз негізінен қабылдау, ресми тіркеу, алдын ала қорытынды жасау, лабораториялық тексерістен өткізу, келіп түскен экспонаттарды мамандарға бекіту және реставрациялау, тапсыру тәрізді кезеңдерден тұрады. Біздің лабораториямызда қалыпқа келтіру қиындығы өте жоғары бірталай экспонаттар «қайта тірілді». Бұл істегі тәжірибеміз өте мол», - деді Ч.Оздуоглы.

Қазақстандық мамандарды лабораториядағы металл, мата және әйнекпен жұмыс істеуге арналған рентгендік заманауи технологиялар ерекше қызықтырды.

Музей мамандарының іс-сапары барысында Ататүрік мавзолейі және музейімен танысып көру шарасы ұйымдастырылды. Анкараның тарихи қорғандары мен мешіттерін және монументальдық ескерткіштерін тамашалау тәрізді мәдени шаралармен де толықтырылды.

Тағылымдаманың ресми кезеңінде Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Мәдени мұралар және музейлер бас дирекциясының басшысы Ялчын Курт бастаған музей басшылары мен қызметкерлері қазақстандық делегациямен кездесіп, екіжақты пікір алмасты.

Жиынды ашқан Я.Курт түркі әлемінің рухани байлығы және бүгінгі күнге дейін сақталған тарихи жәдігерлер туралы егжей-тегжей мәлімет беріп, екі бауырлас ел арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастың нығаюына зор үлес қосқан Елбасының рөлін атап өтті. Бұдан кейінгі кезекте музейлерді дамыту бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты күшейтуге ниет білдіргендігін жеткізді. Сондай-ақ, Анадолу жерінің өзі аспан асты музей екендігін айта келе, «Түркияның музейлері орталықтандырылған басқару жүйесі арқылы басқарылады. Қазіргі уақытта дирекцияға тікелей 201 мемлекеттік, 239 жеке музей қарайды. Түркия бойынша музейдегі экспонаттардың саны 3 млн-нан асады. Музейлеріміз дербес құндылығымен ерекшеленеді. Жұмыстары жағынан да сан алуан екендігін айтқым келеді», - деп бас директор мәлімет берді.

Түркия тарапы «Түркиядағы музей ісі», «Реставрация және консервация бағытындағы жұмыстар», «Экспозициялар, жаңа музейлердің ашылуы» сынды тақырыптар бойынша баяндама жасаған болса, өз кезегінде қазақстандық делегация Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша негізгі бағыттарды атап өтіп, музей саласының дамуы және жаңа технологияны пайдалануы мәселелеріне қатысты толық ақпарат берді.

  

Жиын соңында шараның ұйымдастыруына қолдау білдірген ТР Мәдениет және туризм министрлігіне алғыс айтып, тілек білдірген «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыс: «Музей ісі саласында Қазақстанның қалыптасқан өз дәстүрі бар. Дегенмен, біз дәстүрлерімізді жетістіктерімен толықтырып отыруды қалаймыз. Жетістіктерге өзара тәжірибе алмасу, ықпалдастықтар арқылы жетуге болатынын түсінеміз. Сондықтан, біз Түркияның озық тәжірибесімен танысуға ниеттіміз», - деп, түрік қатысушыларына естелік сыйлықтарды табыс етті.

Өз кезегінде министрлік өкілдері қазақстандық мамандарға өз тарапынан арнайы сертификаттар тапсырды.

Маңызы зор тағылымдаманың қорытындысы қорытындысы ретінде Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы музей қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Елші екі ел арасындағы қарым-қатынастары туралы мәлімет берді.

«Қазақстан музей мамандарының белсенділігіне тәнтіміз. Анкарадағы іс-сапарларыңыз сіздер үшін пайдалы болатындығына жәнежинаған біліктілік мен көрген-білгендеріңізді ел мүддесі үшін жұмсайтындарыңызға кәміл сенеміз. Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып отырған іс-шаралы қыруар. Қазіргі таңда түрік ағайындар бұл бағдарламаға қызығушылық танытып отыр. Осы бағытта қызмет етуіміз қажет. Түркияда музей саласы туризмнің өзегіне айналған. Бізге де осы саланы ары қарай дамыту бойынша жұмысымызды жалғастыруымыз керек», - деді А.Сапарбекұлы.

Айта өтейік, Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған «Kazmuseum.kz» қорының ұйымдастыруымен өткен бұл тағылымдамаға Астана, Алматы, Талдықорған, Түркістан, Атбасар, Жезқазған, Есік қалаларынан келген музей мамандары қатысты.

 

 

18679 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper