Анонс


«Attention! National museum!» байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО) Таңдаулы

Дүйсенбі, 15 Ақпан 2016 23:57
«Attention! National museum!» байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейінде режиссерлер мен операторлар арасында өткен «Attention! National museum!» байқауының жеңімпаздарын марапаттау кеші өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

Жиын басында сөз алған музей директоры Дархан Мыңбай байқаудың мақсаты мен мәніне тоқталып өтті.

-Біз бүгінгі қоғамды ақпарат дәуірі дегенді жиі айтамыз. Иә, қазір ақпарат таратудың, оны қабылдаудың форматы барынша жаңарып, оның маңызы бұрынғыдан да бірнеше есе күшке ие болып отыр. Дәл осындай кезеңде біз ұлт мәдениеті мен тарихына қатысты мәліметтерді насихаттаудың барлық жолдарын пайдалануымыз қажет. Ұлттың құнды жәдігерлері қазіргі жаңа технология көмегімен халық назарына жиі ұсынылып отырғанда ғана біз мәдениетіміздің бағасын арттырып,  оған деген қоғамның қызығушылығын тудыра аламыз. Ұлттық музей бұған дейін де бірнеше байқаулар мен жобаларды жүзеге асырған болатын. Оның барлығының негізінде ұлт мәдениеті мен тарихына деген құрмет жатыр, - деді Д.Мыңбай.

Арнайы қонақ ретінде шақырылған Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов мұндай байқаулардың ұрпақтар сабақтастығы үшін маңызды екенін жеткізді.

- Біз студент кезімізде, оқушы шағымызда, музейге көп баратынбыз. Қандай көрме көргенімізді, қандай құнды жәдігерлер жайлы ақпарат алғанымыз жөнінде бір-бірімізге мақтанышпен айтатынбыз. Ал қазіргі Ұлттық музей еліміздің үлкен бір рухани ордасына айналып отыр. Мұнда келушілер көрмелерді ғана көріп қайтпайды, осындай іс-шараларға да өте көп қатысады. Бұл жер қарттардың да, жастардың да басын қосып, жан-жақты жұмыс істейтін заманауи мекеме, - деді Н.Ерімбетов.

Сонымен қатар, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының төрағасы Мұрат Әбенов қазіргі біздің рухани-мәдени өмірімізде, жастардың тәрбиесі саласында Ұлттық музейдің алатын орны ерекше деп атап өтті.  

- Мұнда көптеген жаңа бағыттағы шаралардың өткізіліп тұратынынан хабардармын. Бірнеше іс-шараларға да қатысып үлгердім. Қай кез болмасын, зал жастарға лық толы болады. Соған шын қуаныштымын. Меніңше, бұл музейдің заман талабына сай жұмыс істеп отырғанының бір белгісі, - деді ол.

Байқау 2015 жылдың қазан айынан бастап бастап жүргізілді. Елімізге танымал кинорежиссерлер, музей ісінің білгірлері, кинотанушы және мәдениеттанушы мамандар байқау жұмыстарын саралап, бағалап, төрелік жасады.

Байқаудың қорытындысы төмендегідей:

1 орын – «Ең үздік режисерлік жұмыс» - Батыржан Ибрагимов,    Жақсылық Қырықбаев, Асылхан Нұрмағамбетов (500 000 теңге);

2 орын – «Үздік режиссерлік жұмыс» - Бекжан Алмас (250 000 теңге);

3 орын – «Үздік режиссерлік жұмыс» - «ALATAU production» (100 000 теңге);

Номинациялар:

 «Үздік операторлық жұмыс» - Ілияс Асанов және Бақтияр Сәрсенбиев  (50 000 теңге);

 «Креативті жұмыс» - Айнұр Сағындық, Мәжи Жағи, Алпыс Нұрболат (50 000 теңге);

«Үздік идея» - Назбек Есмағұлов (50 000 теңге).

Жиын соңында Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай байқауға қатысушыларға алғысын білдірді.

-         Бұл байқауға көптеген жұмыстар келіп түсті. Үздіктерді анықтау төрешілер үшін де оңайға соққан жоқ. Десе де байқауға қатысушы әрбір үміткер өз еңбектерінде ұлттық жәдігерлерді барынша жан-жақты насихаттауға тырысқаны көрініп тұрды. Ұлттық музей режиссерлер арасындағы байқауды тұңғыш рет ұйымдастырып отыр. Мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Байқауға қатысушылардың барлығына шығармашылық табыс тілеймін. Ұлт мәдениетін насихаттауға атсалысқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамыз», - дей келе жүлдегерлерді құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

Аталған шараға Шахаризат Сейдахмет, ағайынды Жүгінісовтер қатысып, әннен шашу шашып, музейге жиналған қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

2964 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper