Анонс


Алматы облысында екі музей ашылды

Дүйсенбі, 01 Қараша 2021 15:41
Алматы облысында екі музей ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы облысында      Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылында «Сәмен батыр» музейі және Алакөл ауданы, Лепсі ауылында Лепсі тарихи музейі салтанатты түрде ашылды.

Сәмен батыр музейі батырдың тікелей ұрпағы Алик Жатқамбайұлының бастамасымен өткен жылы іргетасы қаланған болатын. Жыл басынан бері ұрпақтарынан, ауыл, облыс тұрғындарынан жиналған музейлік заттар негізінде экспозициясы жасақталды. Музей орналасқан орын Сәмен батыр кесенісінен, шағын қонақ үй, ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша емдік қасиеті бар табиғи бұлақ және музейден тұрады. Ескерткіш кешен Кербұлақ ауданы әкімшілігінің есебіне алынып, штаттық бірлігі қарастырылған.

Салтанатты шараға жиналғандар алдымен Сәмен батыр кесенесіне барып, баба рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Бұдан соң облыс әкімі Амандық Баталов бастаған зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, музейдің ашылуымен құттықтады. Ел тәуелсіздігі үшін күрескен батырларымыздың есімін жаңғырту, насихаттау бүгінгі ұрпақтың борышы,осындай өңірдегі киелі жерлер, тарихи мұралар мен ұлттық құндылықтар Алаштың айбынын, батыр бабаларымыздың асқақ рухын биіктете түсетіндігі туралы айтылды. Бұдан соң салтанатты түрде Сәмен батыр музейінің лентасы қиылып, қонақтар экспозиция залдарымен танысты.  Жалпы музей 5 залдан тұрады, оларға: Сәмен батыр өмір сүрген кезеңдегі халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен көрініс беретін тұрмыстық заттар, ХVІІІ ғасырда Сәмен батырдың қатысуымен өткен ірі шайқастар, қатарлас жүрген хан, батырлар, серіктестерінің қылқалам шеберлер арқылы бізге жеткен фотосуреттері мен картиналары, олардың шайқастарда қолданған қару-жарақтары мен қорғаныс киім үлгілері және бүгінгі күні елге елеулі болған бабаның ұрпақтары және олардың жеке заттары қойылған. Шара соңында батыр баба рухына арналып мал сойылып, ас берілді.

Ел игілігіне табысталған екінші рухани ошақ Алакөл жерінде есігін айқара ашты. Қазақ жерінің жерұйығы - жер жәннаты Жетісу десек, сол өңірдің айдынды көлдері мен ағынды өзендері өрнектеген көрікті жерінің бірі – Лепсі ауылы. Бұл мекен туралы белгілі ақын Кенен Әзірбаев:

Ойжайлау, шөбің шүйгін, суың дәрі 

Болады халқыменен ақын сәні,

Берейін әнге шырқап ортаңызда

Жиналған елім-жұртым, жас пен кәрі, -   деп тамсана жырлаған екен. Осындай тұмса табиғаты көз қуантып, жаныңды жылытар Лепсі ауылының 175 жылдығына да тұспа-тұс келген Лепсі тарихи музейінің ашылуы нағыз рухани жаңғырғандай әсер қалдырды.

Лепсі ауылының ертеректегі көне атауы - «Ойжайлау». Бұл жерде қазақ хандығы тұсында Лепсі бекінісі салынып, жерге татар, славян халықтарынан қоныс аударушылар келгеннен кейін бұл жерді сарттар мен ноғайлар таудың атымен «Шұбар ағаш», ал орыстар өзеннің атымен «Лепсі» деп атап кеткен.

Осы өңірде ашылған Лепсі тарихи музейінің экспозициясы айналасын тау қоршаған, әйгілі Лепсі өзені бойының екі жағын алып жатқан алқап, Абылай ханның ұрпағы Бөлек сұлтан мекендеген киелі жердің қадір-қасиетін, топырағы талай тарихтың куәсі болған, бір өзіне бірнеше ғасырлық оқиғаны сыйдыратын өлкенің тылсым сырлары мен тарихи қырларын танытуды мақсат етеді және онда археологиялық қазба жұмыстары кезінде  көне дәуірдегі қалалар орнынан табылған артефактілер мен Лепсінің қазақ хандығы тұсындағы тарихы көрсетіле отырып, бүгінгі күнге дейінгі тарихи даму кезеңдері таныстырылған.

Музей қорын 1988 жылы жергілікті тарихшы-өлкетанушы Мұхарам Хайбуллиннің ұйымдастырған мектепшілік музей жәдігерлері мен меценат, музейдің ашылуына түрткі болған (демеушілік жасаған) Бауыржан Кеңесбекұлының сыйға берген экспонаттары мен өлкедегі қазба жұмыстарына басшылық еткен археолог Ә.Төлеубаев, ауыл тұрғындары  тапсырған музейлік заттар құрайды. Олардың жалпы саны 900-ге жуық.

Мәдени шарада алғашқы құттықтау сөз алған Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев ел тарихын, өлкенің өткен және бүгінгі өмірін таныстыруға бағытталған Лепсі тарихи музейінің алдағы қызметіне табыс тілеп, халық қазынасына айналар мәдени ошақ боларына сенім білдірді.

 

А.ҚАДЫРОВА, М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы

1344 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper