Анонс


Мәлік Ғабдуллин музейіне ширек ғасыр

Сәрсенбі, 03 Ақпан 2021 15:28
Мәлік Ғабдуллин музейіне ширек ғасыр KAZMUSEUM.KZ -  

Көкшетау қаласындағы мәдениет ошақтарының әрқайсысының құрылу, қалыптасып, көркею тарихы бар десек, қалың көпшілікке мәдени-ағартушылық қызмет көрсететін іргелі мекеме Мәлік Ғабдуллин музейінің құрылғанына жиырма бес жыл толған екен. Ұжымды, барша көкшеліктерді осынау мерейлі датамен құттықтай отырып, аталған мәдени мекеменің іс-қызметіне тікелей куә болған жылдарым туралы жазып жолдауды өзіме парыз санадым. Әр адамның тағдыр соқпағы – өзіне ғана тән тарихи ғұмыр жолы. Ал жеке адамның ғұмыр жолы өзі өмір сүрген қоғамдағы белгілі бір кезеңдермен, тұлғалармен, мекеме-ұйымдармен байланысты болып жатуы заңдылық. Осы тұрғыда менің өткен өмірімнің тоғыз жылы Мәлік Ғабдуллин музейімен байланыста өрбіген екен. Сол кезеңдегідей тығыз болмаса да, бүгіндері басқа қалада жүріп жатсақ та, музей ұжымымен таныстық, рухани байланысымыз үзілген емес. Сол себепті де тамырымызды тереңнен тартып, ерекше еңбегіміз сіңген танымал тұлға санатында болмасақ та, осы ұжымның өзіміз куә болған, көзбен көріп, бастан бірге өткерген жылдардағы шығармашылық жолы туралы шынайы пікірімізді, іс-қызметті ширек ғасырлық мерейтойға орай санада жаңғыртып өтуге қақылымыз деп санаймын.

 

Музей – сырт көзбен қарағанда

Көкше өңірінің мәдениет саласына сіңірген еңбегі бір төбе тұлға, өз дәуірінің білікті де жаңашыл маманы болған Мәриям Кенжеахметқызы Кенжеахмет негізін қалаған бұл музейдің құрылған кезінен бастап, қалыптасқан, толысқан ширек ғасырлық ғұмыры менің де көз алдымда десем болады екен. Сонау тоқсаныншы жылдары облыс орталығы Көкшетауда, қазіргі тілмен айтқанда рухани жаңғыру үдерісі шын мәнінде қарқынды жүріліп жатты. Басты-басты көшелер қазақша атауларға ие болып, ұлттық мазмұндағы жаңа білім ордалары мен мәдениет ошақтардың негізі қаланып жатты. Мұндай жаңалықтардан қатардағы студент – біздер де құр қалмайтынбыз. Ол мен кезде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті қазақ филологиясы факультетінің студенті болатынмын.

Күншығыс бетінде шағын балконы бар, қоңырқай бояулы, ағаштан салынған көне ғимаратта орналасқан Мәлік Ғабдуллин музейіне оқу-өндірістік практика кезінде мектеп оқушыларын ертіп әкеліп тамашалататынбыз. Кейіннен, Көкшетау қаласындағы мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орнында сабақ берген жылдары сынып жетекшісі, куратор ретінде шәкірттерімізді мұнда қаздай тізілтіп жетелеп алып келіп жүрдік. Музей қызметкерлері қашанда болсын, жылы жүзбен қарсы алып, экспонаттарды таныстырып, разы-қоштықпен шығарып салып жататын. Осы сәттерде музей ауласынан шығып келе жатқан оқушылар мен студенттердің көздерінен мақтаныш, рухани серпілі саңғарылатын. Жалпы, былайғы жұртшылықтың, соның ішінде білім мекемелері қызметкерлерінің музеймен байланысы негізінен, осы сипатта ғой деп ойлаймын.

 

Менің өмір жолымдағы Мәлік Ғабдуллин музейі

Менің өмірімдегі Мәлік Ғабдуллин музейімен тығыз байланыс 2006 жылдан басталған болатын. Осы тұста музей өз қорына Алматыдағы ҚР Мемлекеттік орталық мұрағатында сақтаулы тұрған Мәлік Ғабдуллиннің жазысқан хаттары мен өзге де жазбалардың төте жазу мен латын қарпіндегі көшірме құжаттарды кириллшеге түсіретін штаттан тыс ғылыми қызметкер іздеген болатын. Аталған қаріптерді игерген себепті, музей жанындағы ғылыми кеңестің ұсынысымен мен осы шаруаны атқарушы ретінде қабылдандым. Музейдің ол кездегі директоры Әмірғожина Ләззат Жанатайқызы болатын. Осылайша, Мәлік Ғабдуллин музейі қорында 1995-2015 жылдары келіп түскен төте араб, латын қаріптеріндегі барлық дерлік жазбаларды кирилл қарпіне түсіріп, электронды нұсқасын жасауды атқарып шыққандығымды музейдің ғылыми-зерттеу жұмысына қосқан үлесім деп білемін. Бұл тұста Мәлік Ғабдуллиннің немере туысы, біртоға мінезді, зиялы азамат, байырғы журналист Жанатай Бекенұлы Бекенов та қызмет істейтін.

Батыр музейімен осылай басталған ұжымдастық, рухтастық қатынас күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Музей қабырғасында штаттан тыс, штаттағы ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеген жылдарымды мен Көкше өңірінің мәдени өмірімен етене араласып, ел көріп, жер таныған, музей ісі атты әлеммен жете танысқан, ізденіс пен шығармашылыққа толы өмір белесім деп есептеймін.

Ләззат Жанатайқызынан кейін музей басшылығына Қосыбаев Ермек Асылзадаұлы келді. Бұл кезеңде де музей жаңа экспонаттармен толығып, нығая түскен болатын.

2012 жылы Мәлік Ғабдуллин музейі директорлығына танымал айтыскер, жазба ақын, бастамашыл ұлт патриоты Мырзабек Құдайберлі Рахімбекұлы тағайындалғаннан бергі кезең – аталған мекеме үшін түлеу мен өрлеудің кезеңі болды десек – бұл сөзіміздің еш жалғандығы болмайды. Оған музейдің осы жылдарда қол жеткізген жетістіктері куә. Әрі бұл – ұжым жұмысын қадағалаушы басқарма мен қала, облыс басшылығының, жалпы халық-бұқараның көз алдындағы жетістік. Бұл жетістікке ұжым жыл он екі ай бойы жоспарлы түрде жүргізген музейішілік, музей аралық, қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық ауқымдағы, қоғамның сан түрлі қабаттарын қамти отырып өткізген сан алуан сипат-форматтағы, мәнді-мағыналы, тиімді ықпал-әсерлі мазмұндағы іс-шаралар арқылы қол жеткізгенін мен қазірде алыстау жүрсем де жақсы білемін.

 

Бұл музей несімен ерекше?

Кез-келген музейдің жұмысы – өзі құрылуына негіз болған тақырыпқа орай жинақталған экспонаттарды қалың жұртшылыққа таныстыру, насихаттау, оларды сақтап, жылдан жылға байытып отыру. Мәлік Ғабдуллин музейінің жұмыс бағытын да осы ауқымда алып қарастыра салуға болар еді. Бірақ, ол – осы музей жағдайында тіпті де мүмкін емес. Ендігі әңгіме ауаны осы бағытта болмақ. Бұл мүмкін емес жағдай – әсіресе, музейді соңғы біршама жыл жүзінде Құдайберлі Мырзабек ақын басқарып келе жатқан тұста айқын көрініс тапты деуімізге болады.

Табиғатынан тың идеяшыл, ізденімпаз шығармашылық адамы Құдаш ақын: «Музей – өлген кісінің киімін іліп қойып күзетіп қарап отыратын мекеме емес», – деген ұстанымын берік ұстана отырып, Мәлік Ғабдуллин тұлғасының сан қырлы әлеуетін музей ісін жандандыруға ұтымды пайдалана алды десек болады. Ол қандай әлеует дегенге бір-екі сөйлеммен жауап бере кетейік: Мәлік Ғабдуллин – саналы ғұмыры мазмұнға бай, сан қырлы тұлға. Есіміне батырлық, әдебиеттанушы ғалымдық, жазушылық, педагогтік, басшылық, қайраткерлік т.б. анықтауыштар сыйған, өз дәуірінің үлкен жүректі гуманист тұлғасы. Міне, сондықтан да, мәдениет ошағына атау болған тұлғаның табиғатын тап басып, оның әлемімен үндесе білген басшы мен оның идеясын жүзеге асыруға әлеуетке ие ұжым үшін жұмыс бағыты сан тарапты, ауқымды болуы сөзсіз ғой.

 

Мұндай мол құжаттық қорға ие атаулы музей аз

Осы ретте айта кетерлігі, Қазақстанда көптеген мемориалдық, атаулы музейлер бар. Бұлардың біразына қатардағы тамашалаушы болып немесе М.Ғабдуллин музейі ғылыми-зерттеу экспедициясы құрамында тәжірибе алмасушы әріптес ретінде бас сұққан ретіміз бар. Әріптес ретінде барғанда байқағанымыз, бұл музейлердің көбінің-ақ басым бағыты экспонаттық-таныстырымдық болып келетіндіктен, қор бөлімінде ағымдық құжаттар көшірмесінен өзге басы артық қағаздың болмайтындығы еді. Ал Мәлік Ғабдуллин музейінің бұл тұрғыдан алғанда өзіндік ерекшелігі, қалыптасқан дәстүрі бар. Мұнда ширек ғасыр бойы үздіксіз жинақталған қағаз, аудио, видео, фото форматтарындағы құнды түпнұсқа, көшірме құжаттар, сондай-ақ Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылық ғұмыры тұсында баспадан шыққан сөре-сөре кітаптар бар. Бұл – Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығын, ХХ ғасырдың 40-70 жылдарындағы Қазақстанның тыныс-тіршілігін зерттеймін деушілерге таптырмас дереккөз қоры екендігі анық.Осындай мол жазба мұрағат қорына ие болғандықтан, музейде көптеген жылдар бойы қалыптасқан ғылыми-зерттеушілік дәстүрі бар. Көкшетау қаласы мен өзге өңірлердегі жоғары, арнаулы орта білім беретін мекемелердің Мәлік Ғабдуллин шығармашылығынан хабардар оқытушы ғалымдарынан, зерделі зерттеушілерден жасақталған музей жанындағы ғылыми кеңес көмегімен міндеттер мен мақсаттарды белгілеп алатын жұмыс тәртібіне де ие. Осылайша жүйелі түрде жұмыс атқарып келе жатқан музей ұжымы Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығына қатысты жинақталған ақпараттарды зерттеу, сұрыптау, басылымға әзірлеу тұрғысында ширек ғасыр ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін жақсы білеміз. Бұл дегенміз не? Бұл – Мәлік Ғабдуллиннің қолжазба мұралары жинақталған МОМ қорымен тұрақты әріптестік қарым-қатынастар, әр өңірлерге жыл бойы жасалатын ғылыми-зерттеу экспедициялары. Бұл – үздіксіз жинақталған құжаттардың тұтастай теріліп, электронды нұсқасы, библиографиялық тізбелердің жасалуы. Бұл –электронды нұсқаларды кітап етіп басылымға дайындау. Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми, әдеби, педагогикалық, публицстикалық, эпистолярлық еңбектерінің толық жинағы музей ғылыми қызметкерлерінің күшімен үш мәрте басылымға дайындалып, бүгінге дейін әркімнің баспаға ұсынуымен жарық көріп жатса, мұндағы басты еңбек – музей ұжымының маңдай тері десек артық айтпағандығымыз. Себебі, қорды Мәлік Ғабдуллинге қатысты құжат-деректермен барынша толықтыру үшін ұжым қызметкерлері қатарында мұрағаттарды ақтарып, сұрау салысып, тірнектеп жинауға кезінде біз де қатысқан едік.

 

Ғылыми-зерттеу экспедициялары –ғибратты сапарлар тарихы

Мәлік Ғабдуллин музейі жұмысының дәстүрлі бір бағыты – сан қырлы тұлғаның өміріне, шығармашылық жолына қатысты өңірлерге, мекемелер мен ұйымдарға арнайы сапар ұйымдастырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тың деректер жинау. Біз де музейдің ғылыми қызметкері ретінде осы ғылыми-зерттеу экспедиция құрамына еніп, Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне дейінгі ұлан-байтақ өңірді аралап, көптеген қызықты кездесулердің куәсі болған едік. Атап айтқанда Алматы қаласына, Жамбыл облысына сапарлар барысында Мәлік Ғабдуллиннің қамқорлық шарапатын көрген шәкірттері, белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Мырзахметов, майдангер, ғалым-жазушы Сапабек Әсіпұлы, ҚР Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, танымал жазушы-журналист Сарбас Ақтаев және басқа да танымал тұлғалардың шаңырағынан дәм татып, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың музей-үйлерінде болған кезде бірлесе танымдық-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырып, сол ұжымның басшысы, қазақтың тамаша ақыны Әділғазы Қайырбек ағамен, Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан апаймен бірге Алматы қаласы маңындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Абай орта мектебінде тамаша кездесулер ұйымдастырғанбыз. Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы музейіне, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Шоқан Уәлиханов пен Айғаным ханым музей-үйлеріне, Жамбыл ауданындағы Ғабит Мүсірепов (Жаңажол ауылы), Сәбит Мұқанов (Сәбит ауылы), Иван Шухов (Пресновка селосы) музейлеріне, Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласындағы музейге т.б. жерлерге жасаған экспедицияларымыз Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолына қатысты тұлғаларды, олардың кіндік қаны тамған өлкені тану, ел көріп-жер көру, өзара тәжірибе алмасудың таптырмас мүмкіндігі болған еді.

 

Музей – қызғылықты идеялардың, өміршең жобалар генераторы

Жоғарыда атап өткеніміздей, Мәлік Ғабдуллин музейінің атқаратын мәдени-танымдық іс-шараларының ауқымы барынша әралуан болатын және қазір де солай. Жас ұрпақты патриотизмге баулуға, өнер мен білімге, шыныққан шымыр болуға жетелеуге бағытталған, бүгіндері республикалық ауқымда көрініс тауып жүрген мазмұны қызықты, ыңғайлы форматтағы қаншама іс-шаралар алғаш осы музейден қанат қаққан еді. Солардың бірі – Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми жұмысы тақырыбы болған «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтушылар сайысы болатын.Оныншы сыныптағы ер балаларға арналған «Мәлік Ғабдуллиннің Құрмет жұлдызы», өз аулының тарихын, ерлік жолын насихаттап танытуға арналған «Ауылым – алтын тұғырым!» т.б. іс-шаралар мен фестивальдер өзкезегімен қалың көпшіліктің қатысуымен өтіп жатады. Солардың ішінде өзім Елордадан әдейілеп барып, бастан-аяқ тамашалап қатысқан «Желтаудың желмаясы» атты этнофестивальдің орны ерекше еді.

Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен жүргізілген барлық ірілі-ұсақты іс-шаралардың басты мазмұны – ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастарды патриоттық тәрбиеге баулу, ұлтаралық татулықты нығайту, қазақ халқының бай салт-дәстүрінің өміршеңдігін дәлелдеп, олардың ұмытылмай қолданыста болуына күш салу, жаңғырту болып келетінін жақсы білеміз. «Көп естігеннен бір рет көрген артық» демекші, көзбен көріп, тікелей қатысып, игі әсерін сезінген сондай бір ауқымды іс-шара «Желтаудың желмаясы» фестиваліне тоқтала отырып, мазмұнын қысқаша баяндап өтуді жөн көрдік.

 

«Желтаудың желмаясы» этнофестивалі – кешегі мен бүгінгінің дәстүр сабақтастығы

Бұл этнографиялық фестивальдің «Желтаудың желмаясы» деп аталуы да бекер емес еді. Желтау – дүйім қазаққа аты мәшһүр Мәлік Ғабдуллиннің кіндік қаны тамған қасиетті топырақ. Батыр 1915-жылы осы таудың күңгейіндегі қыстақта дүниеге келген. Көкшетау қаласының оңтүстігінде, 30 шақырым жерде мұнарланған Желтаудың айналасында Мәлік Ғабдуллиннің арғы бабасы Қанай би Құттымбетұлының ұрпақтарынан құралған алты ауыл мекендейді. Осы алты ауылдың бесіктегі сәбиінен ақ сақалды қариясы, ақ жаулықты анасына дейін түгел қатыстыра отырып, қазақ халқының ізгі салт-дәстүрлерін ұлықтау, туған елі мен жерінің тарихын, онда өмір сүрген даңқты тұлғаларды танып білуге ықпал жасау, жалпы алғанда халықтың рухын оятып, рухани түлетуті мақсат еткен «Желтаудың желмаясы» этнофестивалі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 2016 жылдың шілде айында өткізілген еді. Мәлік Ғабдуллин музейінің бастамашылдығымен, Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен, көптеген мекемелер, ұжымдар, жеке адамдардың құлшына атсалысуымен өткен осы бір айтулы инновациялық жобаның шырайы ерекше еді.

Қырық күн шілде ортадан ауған осы бір тұста Көкшетаудың сұлу атырабы көгілжім мұнарға, таулары тұманға бөгіп тұрған еді. Желтау биігінің ағашы жоқ тазығыр тақыр биігіндегі аппақ тас кесектерімен жазылған «Қанай би» деген жазу алыстан айқын көрініп тұр. Жазудың үстіңгі жағындағы биікте Тәуелсіз Қазақстанның көк туы басына ілінер штандарт орнатылған. Етектегі Қойсалған аулына таяу, Өтес бұлағының үстіндегі қыратқа тігілген ондаған ақшаңқан киіз үйлер мен шатырлар ерекше бір сән-салтанаттың нышанындай. Киіз үйлердің іш-сыртын Қанай биден тараған ауылдар жеке-жеке безендіріп, әр ауыл өздеріне тапсырылған ұлттық салт-дәстүрлерді ашық аспан астында, кешегі бабалары өмір сүрген баспана – киіз үйде көрсету үшін барын салуда. Ауылдың ортасындағы алаңқайда алтыбақан құрылған. Желтау мен ауыл орналасқан қыраттың ортасындағы тай шаптырым жазықтың дәл жиегінде театрландырылған көрініске арналған сахна, LED-экран, қазақ күресі алаңы орналастырылып, көрермендерге арналған орындықтар қойылған. Қазақстан Тәуелсіздігі мен фестивальдің мәнін айшықтайтын баннерлер қойылған. Анадайда төрт түлік мал жайылып жүр. Қарағайдан қиып қалаған шарбақтардың жанындағы биебауда тай-құлындар жылқы шұрқырайды. Қазақы төбет пен тазы иттерін жетелеп, самдағай киінген аңшы жігіттер де жетіпті. Басына үкілі кәмшат бөрік киіп, қосетек көйлектің сыртынан қынай бел мешпет киген талдырмаш арулар мен құндыз бөріктерін шекелей қондырып, оюлы жұқа шапан киген сері жігіттер де тойдың сәнін келтіргендей.

Міне, қаншама уақыт бойы тынымсыз дайындалған фестиваль де басталды. Ұран күйі ойналып, атқа мінген жаршылар қазақтың ежелгі салтыменен, тойдың басталғанын хабарлады. Осылайша салтанатты ашылудан соң Қазақстан Республикасының Әнұраны ойнала бастаған кезде,  көк туымызды ат үстінде асқақтата желбіреткен топты жігіт арғымақтарын ойнатып сонау Желтау биігіне қарай шапқылаған күйі тұманға сіңе берді. Жіті қараған көзге, сәлден кейін тау басындағы биік тұрғыдағы көк ту желбірей көрініп тұрды.

Күңгейге жиналған қалың жұрттың назары осы өңірдің өркеш биігі Желтауға ауған. Бағзы бабалардың сарынын бебеулеткен қара қобыздың үні даланы кернеп кетті. Желтау қадір-қасиеті турасындағы толғаныс сөз сценарийдегі абыз қарияның аузымен айтылып, бүгінгі фестивальдің мән-мағынасын көпшіліктің санасына сіңіріп, тарихтың тереңіне бойлатуы тиіс болатын. Қаламымыздың сиясы болғандықтан, осы шолу мақаламызда толықтай бере кетуді жөн көрдік:

«Уа, қасиетіңнен айналайын, туған жер! Баурыңда балдай дәрі саумал бұлағың бұрқыраған, биігіңде Арқаның ерке самалы екпіндей соққан, сұлу Көкшенің жер кіндігі – Желтауым менің!

Түстігің текше-текше Сандықтау, батысың қара орманды Қошқарбай мен Зерендітау, терістігің бауыры самала Бұқпатау, шығысың Арқа аралы Бурабай – төрт тарапқа тең көсілген өзіңді жер кіндігіне баласам, несі айып?

Баурыңда өскен қазақ деген халқыңның ертегідей тамаша азат күндерінің де, етегі жасқа тола еңіреген азапты күндерінің де куәсі өзіңсің, Желтауым!

Сен – алты алаштың басын қосқан Хан Абылай ордасының іргелес қоңсысы, ту баста сол Абылайды хан көтерген шешен Қанайдың таңдап қонған қонысы едің, Желтауым!

Сен – аспандағы аққуға әнін қосқан, Сарыарқаны саз самалымен тербеген Біржан мен Ақанның, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың асқақ әнін де тыңдағансың, Желтауым!

Сен – ел күйзелген кезінде ерлік еткен, жау жағадан алғанда батырлық еткен Мәліктей ерді, қазақтың жұлдызды жылнамасын түгендеп, ғылымның шырағын жандырған Мыңбайдай ғалымды тал бесігінде тербеткенсің, Желтауым!

Сен – еңбегімен ер атанып, ғасырлық ғұмыры өнеге болған Баян Жанғаловтай ел ағасының; қайсарлықтың мысалы, асыл дініміздің діңгегі болған Өзбек Елемесовтей абыздардың өмір жолына да куәсің, Желтауым!

Сен – қазағымның, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі азат күніне, ғажап күніне куә, бауырың базарлы төңірегің думанды құтты қоныссың!

Ажарлы елің, базарлы елің бауырыңды дүбірге бөлемек бүгін, Желтауым!

Осы бір қуанышың мәңгілік болғай. Бүгінгі көш-замана көші. Қазақ халқының ғасырлар бойы өзімен бірге жасап келе жатқан руханиятының, мәдениетінің, салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарының көші. Мәңгілік Қазақ елінің көші! Оны қайыспай көтеріп келе жатқан Желтаудың желмаясы, Көкшетаудың киесі!»

Мінеки, осылайша, зерлі Зерендінің аймағындағы, Желтаудың баурайындағы жұрттың табиғи қатысуымен басталған этнографиялық фестиваль көріністен көрініске ұласып, баурап әкетті. Көкше өңірінің абыз қариясы мен ақ жаулықты әжесі, жалынды жігіті мен ибалы келіні, жеткіншек бүлдіршіні образындағы кейіпкерлер арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі, сөз саптау мәнері бірінен соң бірі табиғи сипатта көз алдыдан өтіп жатты. Арқаның арқалы әншілері мен күмбірлі күйшілері, қияғы шалымды қобызшылары даланы думанға бөледі. Бір уақытта күннің көзін бұлт тұтаса құрсап, таудан тұман шөгіп, төңірек түнере қалды. Сөйткенше болған жоқ, күннің көзі қайтадан ашылып, тұман сейіле түскенде Желтаудан бері қарай беттеп келе жатқан түйелі көштің сұлбасы жарқ етті. Көкшелік талантты әнші Аслан Мұхамедьяров Құдайберлі Мырзабектің «Ащылы-Жекебояқ» әнін шырқап жатқан сәт еді. Ән мәтініне үндескендей, алшаң басқан ақбоз арғымаққа нық отырып, балдағына бүркітін қондырған ақ сақалды қария көштің алдында келе жатыр. Ақ кимешек-шұлауышын қарқарадай қылып тартқан маңғаз бәйбіше бесік өңгеріп, маң-маң басқан ақ атанның бұйдасын жетелепті. Құмай тазысы сылаңдаған жас жігіттер мен салт атты бойжеткендер көштің думанын қыздырып келеді. Көштің алды-артын бес қаруы бойында батыр жігіттер қорғап келеді. Домбырасын делбеп, шалқақтай тартқан Көкшенің сері жігіті аспандағы аққуға әнін қосып шырқап келеді. Қолдарына көк қаршығасын құнтита қондырған жасөспірімдер де көш ішінде. Көштің дәл осы көңілді де салтанатты көрінісін көргенде, жиналған халық дүркірей шулап кетті. Көздеріне жас алып, тебіренгендер аз болған жоқ. Кеше ғана олардың ата-бабалары дәл осы жолмен салқар көштің сәнін түзеп, жайлауға шығып бара жататыны еш күмәнсіз еді. Әлдеқалай шетелден келген қонақтар бұл көрініске тіпті аң-таң. «Желтаудың желмаясы» деген, осы болар, сірә!

Әне-міне дегенше көш сахнаның жанынан өтіп барып тоқтап, түйе шөгеріліп, жаңа жұрт батасы беріліп, аластау жасалып, қария шаңырақты көтере ұстап, жастар кереге жайып, уық шаншылып, көпшіліктің көз алдында әп-сәтте киіз үй тігіліп үлгерді. Фестиваль – нағыз той. Той бұдан соң қыза түсті. Бура санды палуандар арысқа түсіп, желден жүйрік сәйгүліктер мен тайпалған жорғалар жарыс жолына шықты. Көкпар тартылып, аударыспақ ойнасып, аты шалымды азаматтар қыз-келіншектерді қызқуарға шақырып, ежелгі әскери ойынның жұрнағы теңге ілуге қатысушы жігіттер түлкі қаққан бүркіттей шүйілуде. Көктім аймақтың елінде бақ сынаған Қобыланды батырдың бүгінгі ұрпақтары да шапқылап келе жатып, биікте ілінген жамбыны дәл атып түсіруге тырысуда. Ен жазықта апшысын қуыра қоян қуған тазылардың әрекеті де көрген жанның делебесін қоздырарлық әрекет екен ғой.

Бала туғанда сүйінші сұрау, бата беру, қуаныш құрметіне көкпар беру, баланы бесікке бөлеу, тұсауын кесу, сүндетке отырғызып ашамайға отырғызу, ерулікке шақыру,

Қазақтың мұндай жиын-тойы айтыссыз өткен бе! Сахнаның төрінде жыр көкпарын қыздырған айтыскерлер аламанға шапқан жүйріктей көсілуде. Той-жиынның да аяқталар мәресі болады емес пе? Міне, нәтижелер қорытындыланып, марапаттар мен сыйлықтар тапсырылып, жеңімпаздарды анықтар сәт те келіп жетті. Жоғарыда аталған сайыстар мен жарыстарға қоса, сағыз қайнату, қымызмұрындық беру, табақ тарту, ыңғайлы ұлттық киім үлгілерін көрсету т.б. тапсырмалар бойынша үздік шыққан ауылдар, жеке адамдар марапаттарға ие болып мәре-сәре. Ең бастысы, бұлардың барлығы – жасанды қойылым емес, шынайы өмірдегі іс-әрекеттер ретінде басты қатысушы – ауыл халқының өзі болғандығы еді. Тойшыларға арналған түскі астан соң да «Желтаудың желмаясы» фестивалі жалғасын тапты. «Асық ату», «Арқан тартыс» т.б. ұлттық ойындар ойналып, кеш түсе ауыл жастары «Алтыбақан» маңына жиналды. Айлы кеште ақсүйек ойнап, алқа-қотан алаудың басында ән салып, ақындар жыр мүшәйрасын қыздырған осы бір сәт қатысушылардың есінде мәңгілік қалары анық.

 

Сөз соңы – ізгі тілек

Міне, Мәлік Ғабдуллин музейінің сан алуан мазмұндағы жұмыс бағыты туралы айтқанда, солардың ішінен біреуіне нақты тоқтала отырып, мазмұнын, идеясын ашуға тырысқанда осылай. Бір ғана фестиваль ауқымында жиырмадан астам ұлттық салт-дәстүр көрінісі шынайы түрде көпшілік қауымның өздері тікелей қатысуымен көз алдында өтуі – қаншама жанға ой салды, өзінің осынау кеңбайтақ даланың анық иесі екендігін анық мысалда сезіндірді десеңізші! Жасанды желіге, қансыз-сөлсіз жаттанды көрініске құрылған қойылымға емес, шынайылыққа негізделген осындай жобаларды туындатудан, осы арқылы кешегі «Алаш» зиялыларының әрекетінше, халықтың қалғыған рухын жағыртуға, қанындағы мәңгілік кодты оятуға күш салып, осы жолда аянбай қызмет істеп келе жатқан музей ұжымы қандай мақтауға болса да лайық емес пе! Себебі, өзге кейбір әріптес ұжымдар сияқты, тар аядағы жұмыс ауқымын белгілеп бекітіп алып, бір сарынды қызмет жүргізіп жатуына ешкім де кедергі болмас еді ғой. Бұл – басқа музейлер қызмет істемей жатыр деген сөзіміз емес, әрине. Бірақ Мәлік Ғабдуллин музейінің алымды-шалымды, ұтымды-татымды іс-қызметін айтпауға болмайды.

Мінеки, менің өмірімдегі Мәлік Ғабдуллин музейінің тарихи жолы осылай. Музей қабырғасында жұмыс істеген жылдарым текке өтпегеніне өзімнің шығармашылық ғұмырым куә. Мәлік Ғабдуллиннің ғұмыры мен шығармашылығына, өміріне батырдың шарапат сәулесі түскен жандарға қатысты ондаған танымдық, зерттеу мақалалар жазылды. Әлі де жоспарлаған дүниелер көп. Болашақта солардың басын қосып бір кітап жасау жоспарымызда бар. Бұл менің мәліктануға қосқан аз да болса үлесім болмақ.

Жиырма бес жылдық мерейтойын жаңарып-жаңғырған ғимаратта, осынау жылдар жүзінде ауыз толтырып айтарлықтай зор нәтижелермен қарсы алып отырған Мәлік Ғабдуллин музейі ұжымын алда талай биік белестер күтіп тұрғаны күмәнсіз. Ширек ғасырлық мерейтойларыңыз құтты болсын, қадірлі әріптестер!

 

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ,

әдебиеттанушы, журналист,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

 

2075 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper