Анонс


Бозоқ музейі қандай болады? (ФОТО)

Сәрсенбі, 12 Маусым 2019 01:51
Бозоқ музейі қандай болады? (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Бозоқ археологиялық ескерткіші 1998 жылы танымал ғалым және белгілі археолог Қемал Ақышевтың Есіл өзенінің жоғарғы жағалауын зерттеуі нәтижесінде табылды. Қазіргі уақытта Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Есіл стационарлық археологиялық экспедициясының жетекшісі Марал Хабдулинаның басшылығымен 1999 жылдан бері зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Ескерткіш 40 гектар аумақта орналасқан. Зерттеу нәтижелері тұрғынжай, шаруашылық және жерлеу ғимараттарынан тұратын ескерткіштің күрделілігін көрсетті. Орналасқан жердің құрылымдық бөліктері түркі және түркі дәуірінен кейінгі кезеңдеріндегі осы ескерткіштің тарихының әр кезеңін көрсетеді, оның ішінде ерте ортағасырда Қазақстан аумағында болған түркі қағанаты (VI-VIII ғғ.), Қыпшақ хандығы (X-XII ғғ.), Алтын Орда ( XIII-XIV ғғ.) және Қазақ хандығы  (XV-XVI ғғ.). VII ғасырда қоныс аумағында түркілердің қасиетті жері болып саналған. X-XII ғасырларда қыпшақ тайпаларының әскери басшысының ордасы. Алтын Орда дәуірінің кесенелері (XIII - XIV ғғ.).  Моңғол және түркі элиталарының жерлеу орындары бар.

Орта ғасырда (XV-XVII ғғ.) мазарлар салынған  [1, 2]. ХҮІІІ-ХІХ ғғ. қыстаулары табылған. Ескерткіш айналасында ежелгі суару жүйесі анықталды [3].

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ескерткіштің зерттеуіне тікелей қатысқан. 2003 жылдың ақпанында Қ.Ақышев Президентті ескерткіштің төрт жылдық жұмыстардың нәтижесімен таныстырды. Кездесу барысында ескерткіш этимологиясы, ашық аспан астындағы музейді құру арқылы оны сақтау мәселелері талқыланды. Семантикалық мазмұндағы ескерткіш атауы Бозок  - ашық түсті оқ деп аталатын болды. Н. Назарбаев Бозоқ туралы мәліметті «Еуразия жүрегінде» атты кітабында ерекше атап өтті [3, 76 б.].

2004 жылы Бозок қалашығында шетелдік сарапшылардың қатысуымен халықаралық ғылыми форум өтті. Форумның қорытындысы бойынша резолюция қабылданды және Бозоқ қалашығының ғылыми және мәдени маңызы туралы сараптамалық пікірге қол қойылды [4]. Бозоқ қалашығы материалдары Еуразияның ғылыми археологиялық кеңістігіне еңді.

Тәуелсіздік жылдарында Н.Назарбаев бірқатар ірі бағдарламаларды қабылдап,  жүзеге асырды. 2004 жылдан бастап Қазақстан аумағында тарихи және мәдени ескерткіштер мен объектілерді қалпына келтіруге бағытталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. «Мәдени мұра» бағдарламасына (2006 жылғы 22 маусымдағы № 70-15.6 хаттама) сәйкес, «Бозоқ» археологиялық ескерткіші негізінде Ұлттық табиғи-тарихи саябағын құру жоспарланған. 2017 жылғы 12 сәуірде Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық  мақаласы жарық көрді, онда жаңғыртудың бірінші шарты - өз мәдениетін, өз ұлттық кодын сақтау. Бағдарламалық мақалада көрсетілген алты жобаның («Сакралды Қазақстан») бірінің құрамында «Бозоқ» музей-қорығын құру жоспарланған. Президент Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстан тарихын зерттеу және Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттау басты назарда болады [5].

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 наурыздағы № 150 қаулысымен «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Ұйымда танымал ғалымдар, археологтар мен музей қызметкерлері істейді. Ғалымдар «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында сипатталған ата-бабаларымыздың жетістіктерін бейнелейтін «Бозоқ» музей-қорығының сәулет көрінісін құру тұжырымдамасын қалыптастырды [5].

 Сақтар қонысы осындай жобамен қалпына келтіріледі

 «Бозоқ» музей-қорығы жобасының негізгі мақсаты - Бозоқ ортағасырлық қалашығын қалпына келтіру және Ботай, Сақ, Хұн, Түркі және Қазақ хандығының 5 хронологиялық тарихи кезеңдері бейнелейтін қоныстарын  археологиялық саябақ кешенінде көрсету. Бұл ежелгі дәуірдің сол кезеңдегі ортасына енуге мүмкіндік беретін жанды музей болады. Әлемдік тәжірибеде соңғы жарты ғасырда осындай музейлердің өркендеуі байқалады. Қазақстанда 240-тан астам музейдің ішінде тек 12 қорық-музей бар, ол музейлердің жалпы санының 5%-ын құрайды. Елімізде республикалық мәртебесі бар археологиялық және этнографиялық профильді музейі жоқ [5].

Бозоқ музей-қорығының жобасын жүзеге асыру үшін ғылыми-зерттеу қызметімен қатар ойын-сауық пен демалыс, спорт пен денсаулық функциялары маңызды болатын сапалы жаңа форматты жанды музейін құру.

 Шеберхана жобасы

Археологиялық саябақты қалпына келтіру Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихында отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне негізделетін болады. Бозоқ қалашығының қалпына келтіру жұмыстары ескерткіштің археологиялық зерттеулері нәтижесі бойынша жасалады.

Энеолит кезеңінде Ботай қонысының тұрғын үйлері қалпына келтіріледі. Бұл - тас дәуірден металл өңдеуге дейінгі технологиялық серпіліс кезеңі - Қазақстан далаларында (Ботай мәдениеті) мыс және жылқы өсіру мәдениетін қалыптастыру дәуірі.

Ерте темір дәуірі б.з.д. VIII - V ғғ.–Атқа міну мәдениетінің қалыптасу уақыты. Сақ кезеңінің қоныстандыру Қазақстанның танымал археологиялық ескерткіштерін: Шірік-Рабат, Бәбіш-Мола, Баланды-2 (Қызылорда облысы), Рахат, Боролдай (Алматы облысы) қалпына келтіріледі. Қала инфрақұрылымы әртүрлі әлеуметтік топтардан, ғибадатхана (Баландай-2), сондай-ақ металлургиялық (Атасу-1, Мыржық, Семиозерное, Талдысай-1) және қыш (Бәбіш-Мола-7) шеберханаларын қайта құруды қамтиды (балқыту, құю, соғу) және қыш (эксперименттік археология әдісі бойынша).

Хұндар қонысында Еуразияда (қорғаныс, стационарлық және жылжымалы үйлер, ғибадатханалар) орналасқан бекіністі қалаларды қалпына келтіру ұсынылады.

Ежелгі түркі мәдениетінің жазбаша және археологиялық дереккөздер негізінде түркі қаласын қалпына келтіру, оның ішіндеқаған сарай кешені, тұрғын үйлер, қолөнершілер кварталы, монша, петроглифтер ораналастыруды  көздейді.

Қазақ хандығының дәуірі еліміздің орталықтарын - Сауран, Сығанақ, Сарайшық және Түркістан қалаларын зерттеу барысында ашылған құрылымдардың тарихи қалпына келтіруі таныстырылады.

 Ғұндар қонысын осындай жобамен қалпына келтіру жоспарланған

Бозоқ музей-қорығында археологиялық парк, музей-ғимараты, отбасылық демалыс орталықтары, балаларға арналған жасөспірімдер лагері, амфитеатр, биопарк, левадалар, саябақ аймақтары, шығыс базарлары, қолөнер шеберханалары, тақырыптық дәмханалар, шәйхана, алма бақшалары болады. Толық кешен 300 гектар аумақта орналасады.

Осылайша, Бозоқ ексерткіші ашылғаннан кейін 20 жыл өткен соң, еліміздің ежелгі және ортағасырлық тарихының жарқын беттерінің бірі болатын, ғылыми және шығармашылық жобаларды іске асыру үшін платформа негізінде саналатын Археологиялық саябағы салынатын болады. Инновациялық жоба ретінде, Бозок елдің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылымға айналады.

Бұл 1990-шы жылдардың соңында Кемаль Ақышұлының бастаған шағын археологтар тобының зерттеуі толығымен бағаланып, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың қалыптасуына, сондай-ақ  ата-бабаларымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын Бозоқ музей-қорығында таныстыру үшін, жалғастыру керек.

Айнагүл Ғаниева,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

Басты суретте: М.Хабдуллинаның жобасы бойынша тұрғын-жайды қалпына келтіру жоспары. Суреттерді мақала авторы ұсынды. 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Акишев К.А., Хабдулина М.К. Средневековое городище Бозок: семантика планиграфии и функции // Этнические взаимодействия на Южном Урале: Материалы II региональной научно-практической конференции. - Челябинск, 2004. - С.13-16.
  2. Акишев К.А., Хабдулина М.К. Результаты раскопок городища Бозок (1999-2003 гг.) // Известия НАН РК.  Серия общ.наук. – 2004. – С. 48-57.
  3. Гаврилов Д.А. Предварительные результаты изучения оросительной системы раннесредневекового городища Бозок // Роль степных городов в цивилизации номадов: Материалы Международной конференции, посвященной 10-летию Астаны. - Алматы, 2008. - С. 371-377.
  4. НазарбаевН.А. В сердце Евразии. - Астана, 2005. -  192 с.
  5. Бозок в панораме средневековых культур Евразии // Материалы международного полевого семинара, 29-30 июля 2004 г. - Астана: ЕНУ, 2008. - 208 с.
  6. Концепция созданияисторико-культурного, рекреационного комплекса под открытым небом «Бозок». – Астана, 2018.
4138 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper