Анонс


Қазақстан музейлерінің үздіктері анықталды (ФОТО) Таңдаулы

Сенбі, 26 Мамыр 2018 00:39
Қазақстан музейлерінің үздіктері анықталды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Астанада «Рухани қазына-2018» фестивалі аясында қазақстанның үздік музейлері мен музейлердің үздік қызметкерлері анықталды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Фестиваль аясында өткен конкурстың ұйымдастырушысы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, конкурсқа 53 өтінім келіп түскен. Конкурс 2 кезең бойынша ұйымдастырылды. Оның алғашқысы облыстық, екіншісі республикалық кезең болып бөлінді. Облыстық байқаудан өткендер республикалық байқауға қатыстырылды.

Биыл алғаш рет өткен бұл фестивальге музей ісі бағыты бойынша ҚР Ұлттық музейі мен Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған «Kazmuseum.kz» қоры ресми серіктес болды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі келіп түскен құжаттарды 2018 жылғы 18 мамыр күні қазылар алқасына ұсынды (Алқа төрағасы - профессор Ғарифолла Есім, алқа мүшелері – С.Қозыбаев атындағы СҚО университетінің проректоры, т.ғ.д. Ақмарал Ибраева, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева, ҚР Әскери-тарихи музейінің басшысы Перизат Сейдімбек, Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс).

Қазылар алқасы келіп түскен өтінімдерді қарастырып, құжаттарды рәсімдегенде жіберілген қателіктерге, аты-жөні анық жазылмаған портфолиоға, конкурстың мәнін түсінбеген үміткерлердің құжаттарына кезікті.

«Үздік музей» номинациясына үміткерлердің көбі музейдің тарихы мен қорын көрсетумен шектелген. Музей ұжымының біліктілігі, жаңа инновациялық технологияларды игеруі, сайты, қоғаммен жұмысы көрсетілмеген. Музей жұмысын көрсеткенде экскурсиялардың немесе танымал азаматтардың музейге қонақ болып келген фотосуреттерін ғана ұсынғандары да болды.

«Музейдің үздік қызметкері» номинациясына қатысушылардың арасында да көптеген кемшілік кездесті. Министрлік ұсынған үлгі бойынша құжаттар дұрыс рәсімделмеген. Үміткерлердің белгілі бір ғылыми тақырыптарының да жоқтығы байқалды. Ежелгі дүние тақырыбынан бастап, кеңестік саясатқа дейінгі аралықты қамтып мақала жазатындары кездесті. Еңбек өтілі 30 жыл болатын қызметкерлердің осы уақытқа дейін бір жоба жасай алмағандығы өкінішті болды. Әсіресе, «Аудандық/қалалық музейдің үздік қызметкері» номинациясына тапсырылған жұмыстардың бірде біреуі номинация талаптарына сай келмеген. Қазылар алқасы бұл номинацияны «Аудандық/қалалық үздік музей» номинациясына алмастыруды шешті. Яғни, үздік қызметкер шықпағандықтан, үздік музейлердің біріне берілетін болды.

Жоғарыда аталған жалпы екі номинациядан байқалғаны, музей қызметкерлері музей жұмыстарына тарихи, әдеби тұрғыдан ғана маңыз беріп, музеологиялық, көркемдік тұстарын ескере бермейтіндігі анықталды. Қазылар алқасы осыны ескере келе, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы ұсыныс әзірлеу керек деп шешті. Қазіргі уақытта ұсыныс жан-жақты саралануда. Дайын болған уақытта министрлік жергілікті мәдениет басқармаларына жіберіп, аудандық/қалалық музей қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға қатысты шараларды жүзеге асыру туралы тапсырма беретін болады (Редакция бұл шешімді министрліктің рұқсаты негізінде сайтқа жариялайтын болады).

Қазылар алқасының алты сағатқа созылған отырысы үздіктерді республикалық дәрежедегі қаланың немесе облыс музейлерінің арасынан таңдап алды. Үздік қызметкерлер де облыстық музейлердің арасынан шықты. Аудандық/қалалық деңгейден үздік қызметкер шықпағанымен, қоры және зерттеу жұмыстары, инновациялық технологияларды қолдануы өзгелерден озық болған екі музейді анықтады.

Үздіктер қатарынан көрінген музейлер мен музей қызметкерлері фестивальдің жабылу салтанаты кезінде диплом, ақшалай сыйақы және ескерткіш сыйлықпен марапатталды.

Жабылу салтанатына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев музей және кітапхана саласының қызметкерлеріне ерекше алғысын жеткізді. Музей және кітапхана мамандарының қоғамдағы орны ерекше екеніне тоқталған жауапты хатшы мәдениет саласы мамандарының әлеуметтік проблемаларын шешу жолдарының қарастырылып жатқанын айтты.

«Облыстық/республикалық маңызы бар қаланың  үздік музейі» номинациясы қорытынды баллдары бірдей болған екі музейге бөлінді.  Нәтижесінде Алматы қаласының музейлер бірлестігіне қарайтын Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейі марапатталды. 

«Облыстық/республикалық маңызы бар қаланың  үздік музейі» номинациясы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне де табысталды.

Жоғарыда аталған екі музей номинацияға бөлінген 1 млн теңгені 500 мың теңгеден бөлісті. Марапатты ҚР Мәдениет және спорт министрінің жауапты хатшысы Қ.Уәлиев табыстады.

Номинацияны бөлу тәртібі  «Облыстық/республикалық маңызы бар қала  музейінің үздік қызметкері» номинациясына да қолданылды. Нәтижесінде «Облыстық/республикалық маңызы бар қала  музейінің үздік қызметкері» номинациясына Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Нәзима Оташева лайық деп саналды.

Дәл осы номинация бойынша Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жұлдыз Алманқұлова марапатталды.

Жеңімпаз атанған екі үміткерге номинацияға бөлінген 500 мың теңге 250 мың теңгеден берілді. Марапатты ҚР Әскери-тарихи музейінің басшысы Перизат Сейдімбек пен "Kazmuseum.kz" қорының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыс табыстады. 

«Аудандық/қалалық маңызы бар үздік музей» аталымы бойынша Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі (Батыс Қазақстан облысы) лайық деп танылды. Жеңімпаз музейге  1 млн теңге ақшалай сыйлық тағайындалды. Марапатты ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев тапсырды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Аудандық/қалалық маңызы бар музейдің үздік қызметкері» номинациясына лайықты үміткер болмауына байланысты қайта қаралып, қазылар алқасының шешімімен музей қызметкеріне емес, балл жағынан Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінен кейін тұрған музейге берілетін болып шешілді.

Қазылар алқасының шешімімен «Аудандық/қалалық маңызы бар үздік музей» номинациясына Ілияс Есенберлиннің Атбасар қаласындағы мемориалдық музейі лайық деп танылды (Ақмола облысы). Номинация иегеріне 500 мың теңге ақшалай сыйлық пен арнайы диплом, ескерткіш сыйлық табысталды. Марапатты ҚР Әскери-тарихи музейінің басшысы Перизат Сейдімбек пен "Kazmuseum.kz" қорының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыс тапсырды. 

Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған «Kazmuseum.kz» қоры жеңімпаздарды лайықты жеңісімен шын жүректен құттықтайды!

«Kazmuseum.kz» қоры ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне фестивальді жоғары деңгейде өткізгені үшін алғысын білдіреді.

3375 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper