Анонс


Республикалық дәрежедегі үздік 5 музей (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 06 Сәуір 2018 13:36
Республикалық дәрежедегі үздік 5 музей (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Жылдың І тоқсанының аяқталуына орай, “Kazmuseum.kz” сайты республикалық дәрежедегі музейлер мен қорық-музейлердің үздік бестігін жариялады. Үздік бестікті анықтау кезінде музейлердің жаңашылдығы, халықаралық ұйымдармен байланысы, қоғаммен қарым-қатынасы тәрізді критерийлер ескерілді.

Қазақстандағы музейлер басқарылу тәртібі жағынан республикалық дәрежедегі музейлер (ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне немесе республикалық мекемеге тікелей бағынатын) және жергілікті атқарушы органдарға (мәдениет басқармаларына) қарасты музейлер болып бөлінеді. Елімізде жалпы 240 музей болғанымен, оның ішінде республикалық мәртебесі бар музейдің саны 15 қана. Жылдың алғашқы тоқсанына жасаған рейтингімізде осы 15 музейдің ішінен “ең үздік” деп танылған бестікті назарларыңызға ұсынамыз. 

Жылдың алғашқы тоқсанында Республикалық дәрежедегі музейлердің ішінен ең үздік бестікке Қазақстанның әскери-тарихи музейі бесінші болып тұрақтады.  Музейдің жұмысы 2018 жылғы қаңтар-наурыз аралығында жауынгерлік тақырыпқа арналған көрмесімен, академиялық лекцияларымен, театрландырылған экскурсияларымен Астана тұрғындары мен қала қонақтарының есінде қалды. Бұл музейдің жұмыстары туралы ақпарат құралдары да оң пікірін білдірген болатын. Қоғамның сұранысын ескерген біз Әскери-тарихи музейді бесінші орыннан көріп отырмыз. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаған Әскери-тарихи музей үшін бұл екен жетістік екенін де атап өткіміз келеді.

Үздік бестікке төртінші болып Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қорық-музейі орналасты. 2018 жылдың  алғашқы тоқсанын жаңа инновациялық әдістерді меңгеруімен көпшіліктің есінде қалды. Музейдің экспозицияларын жаңартып, қонақтарына тың дүние ұсынған музей басшылығы бұқаралық ақпарат құралдарымен де байланысты жолға қойған. Ұжымның іскерлігінің нәтижесінде экспозициялары жаңарған музейдің ашылуын республикалық көлемде лайықты өткізе алғанын да ерекше бағалауға болады.

Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейге үздік бестігіміздегі үшінші орын тиесілі болды.  Жылдың алғашқы тоқсанында «Рухани жаңғыру» тақырыбына қатысты көрмелер өткізген ұжым музейсүйер көпшілікке ұнаған. Сондай- ақ, Орталық музей ұжымы үнемі отбасылық демалыстарға арналған шаралар өткізуімен өзге музейлерден ерекшеленетінін атап өткіміз келеді. Әлеуметтік желілерде де Орталық музейдің қызметі туралы оң пікірлер жиі байқалды.

Үздік бестігіміздегі екінші орын Әбілхан Қастеев атындағы Өнер музейіне бұйырды. Қастеев атындағы Өнер музейі жылдың алғашқы тоқсанында өзге музейлерге қарағанда халықаралық деңгейдегі жобаларды сапалы өткізді. Ресей, Германия, Франция, Қытай мемлекеттерінің шығармашылық ұжымдарымен бірлесіп өткізген көрмелері ерекше екенін атап өтуге болады. Жылдың алғашқы айында республика көлемінде мектеп оқушылары үшін акция жариялап, өнер туындыларымен танысуға жағдай жасаған да Қастеев музейі екенін айта кету керек. Музей ұжымы өзге әріптестеріне музыкалық вернисаждар, авторлық лекциялар, халықаралық ұйымдармен байланысы жағынан да жол көрсетіп жүр.

Республикалық музейлердің ішінен 2018 жылғы І тоқсандағы ең үздік музей аталымындағы бірінші орынға Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ие болды.  

Ұлттық музейде өткен мүсін өнері тақырыбына арналған шеберлік сабағы, киелі жерлердің географиясы тақырыбындағы республикалық форум, музейлік білім беруге арналған “Дана” студенттік клубының жұмысы және қайырымдылық шараларды сәтті ұйымдастыруы көпшілікке ұнаған.

Ең бастысы, Ұлттық музей биыл алғаш рет “Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі” атты жобаны бастады. “Алтын адам” көрмесі алғаш рет Минск, Мәскеу қалаларында қойылды. Алдағы уақытта Еуропаның Австрия, Франция, Польша, Испания, Азияның Қытай, Корея және сондай-ақ, мұхиттың арғы жағындағы АҚШқа да сапарлайтын болады. 2018 жылдың І тоқсанына арнап, біз жасаған үздік музейлердің көш басында Ұлттық музейдің орналасуы осы себептен екенін де айтқымыз келеді.

Қазақстанның республикалық дәрежедегі үздік музейлері жылдың алғашқы тоқсанын осылай қорытындылады. Алдағы шілде айының алғашқы аптасында Астана және Алматы мен облыстардың мәдениет басқармаларына қарасты музейлердің рейтингін жариялайтын боламыз. Ал, республикалық музейлердің кезекті рейтингі де шілде айының алғашқы аптасында жарияланады.

 

 

 

Фотосуреттер музейлердің сайттарынан алынды. Басты сурет hr-media.ru сайтына тиесілі. 

 

4641 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper