Анонс


Батыс Қазақстан облысында жаңадан тарихи-өлкетану музейі ашылды

Сейсенбі, 13 Желтоқсан 2016 20:21
Батыс Қазақстан облысында жаңадан тарихи-өлкетану музейі ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында  Батыс Қазақстан облысында Жаңақала аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Музейдің ашылуына Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Иманқұлұлы, «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдырының докторы Әнес Ғарифолла, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев, еңбек ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты, деп хабарлады «ЖайықПресс».

Қонақтар алдымен музей ауласында ұйымдастырылған  өткен өмірімізді, бабаларымыздың тұрмысын бейнелейтін  «Қамыс-Самар» жәрмеңкесін аралады. Жәрмеңкеге қатысушылар ХІХ ғасыр базарынан төрт түлік малдың, құстар мен балықтың, қазір ұмыт бола бастаған сол замандағы әр түрлі ұлттардың тағамдары мен тұрмыстық бұйымдарының саудасын тамашалады.

Музейдің ашылу рәсімде тоқсанның төріндегі шежіре ақсақал, соғыс және еңбек ардагері Мәжит Жаданов сөз алып, барша жаңақалалықтарды мерекелерімен құттықтап, ақ батасын берді. Құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы Л.Хайретдинов музейді жасақтауға қол ұшын берген облыстық музей директоры Мирболат Ерсаев пен Бөкей ордасы тарихи музей кешені директоры Ғайса Махимовке алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, аталмыш музейді жабдықтауға, жөндеуге ат салысқан барша азаматтар мен азаматшаларға ризашылығын білдірді.

Салтанатты шара қонақтары тас дәуірінен бастап қазіргі таңдағы аудан тарихын бейнелейтін жеті залды аралап, көне жәдігерлерді тамашалады.

Айта кететін жәйт, биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жергілікті бюджеттен бөлінген 3,5 млн. астам қаржыға  бос тұрған ескі ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, Жаңақала аудандық тарихи-өлкетану музейі болып қайта жасақталды.

Нұрғали Ғаббас

Жаңақала ауданы

 

3459 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper