Анонс


Танымал зергер Берік Әлібай «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтарына арнап жеке музейін ашпақ (ФОТО) Таңдаулы

Сейсенбі, 09 Тамыз 2016 03:48
Танымал зергер Берік Әлібай «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтарына арнап жеке музейін ашпақ (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Танымал зергер, халықаралық Карл Фабержье «Құрмет» орденінің иегері Берік Әлібайдың қолынан туған құнды дүниелер қоры бір музей ашуға жетерлік. Осы мақсатта танымал зерген үйін музейге айналдырып, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында шетелдік меймандарды өз үйінде қонақ етпек. Үй жайындағы ерекше музейден күміспен күптелген сәукелені, асыл тастармен көркемделген қанжарды, ұлттық нақышта жасалған әшекей бұйымдарды кездестіре аласыз.

Берік Әлібай – дизайнерлер және суретшілер одағының мүшесі. Ол жастайынан зергерлік өнермен шұғылданып келеді.

«Менің атам Әлібай, оның інісі Әлімбай – өңірге танымал шебер болған. Мен суретші болуды армандадым. Бірақ, Алматы көркем өнер училищесіне түскен кезде, оқу орнында зергерлік өнер бөлімінің бар екенін білдім. Осы сәтте атамның жасаған дүниелері есіме түсті. Сөйтіп, атадан қалған кәсіпті жалғастыруды жөн көрдім. Әрі ұстазым Дүйсен Сейдәлиев осы өнерге икемім бар екенін байқап, осы өнерге баулыды», - дейді зергер.

Шебер қазіргі уақытта ҚР Ұлттық музейінде жұмыс істейді. Ол музейдің реставрация мен консервация бөлімін басқарады. Қарамағында 25-ке тарта маман бар. Олар ағаш, темір, мата, киіз керамика бұйымдарын өңдейді.

Бүгінде зергер Ұлттық музейдің бірнеше жәдігерін реставрациядан өткізген екен. Берік Әлібайдың жасаған бұйымдарын еліміздің кез келген музейінен табуға болады.

Бүгінгі таңда Берік Әлібай өз үйін арнайы жабдықтап, музейге айналдырған. Әрі шебер «ЭСКПО-2017» халықаралық көрмесіне келген шетелдік туристерді өз музейіне шақыруды жоспарлап отыр.

«Менің үйім – нағыз жәдіргерлердің ортасы. Мен үйді арнайы жабдықтадым. Бірақ, әлі де талай жұмыс бар. Мысалы, витриналар сатып алып, экспонаттардың санын көбейтуді жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесінде менің музейім туристер үшін жұмыс істейтін болады. Мен оларға өзімнің қолдан жасаған бұйымдарымды қуана-қуана көрсетемін», - дейді ол.

Алайда, зергер өзінің осы уақыт аралығында қанша әшекей бұйымдарын жасағанын нақты айта алған жоқ.

«Қазақ айтады: балаларыңды санауға болмайды» деп, сондықтан менде өз туындыларымды санамаймын» - дейді Берік Әлібай.

Шебер тек қана күміспен жұмыс істейді. Күміс – қазақ зергерлерінің көнеден келе жатқан қастерлі материалы. Осы металл қазақтар үшін ерекше маңызды. Оның жалтыры мен түсі ай жарығына ұқсас. Оның үстіне, күмістің емдік қасиеті де бар. Бір қызығы, Берік Әлібай алтынмен жұмыс істемейді.

«Себебі, алтын жүрген жерде, шайтан жүреді. Рас, шетелдегі әріптестерім маған күледі. «Сен сияқты қолынан өнер тамған шебердің алтынмен жұмыс істемеуі ерсі көрінеді» деп. Бірақ, бұл – менің жеке ұстанымым. Алтынға жоламаймын. Тек қана күміспен, асыл тастармен жұмыс істеймін», - дейді шебер.

Шебердің қолынан шыққан өнер туындарылырының басым бөлігі ұлттық нақышта жасалған әшекей бұйымдар. Көбі күміспен күптеліп, асыл тастармен әшекейленген.

Сонымен қатар Берік Әлібайдың жеке музейінен өзі жасаған қазақ жауынгерлерінің қару-жарақтарын көруге болады. Оның ішінде, аңшылық мәнерде жасалған қанжар пен қылыштар да бар. Олардың барлығы асыл тастармен көмкерілген.

Зергердің қолынан шыққан бұйымдардың кейбірі аса қымбат.

«Бағасы 5 млн теңгені құрайтын бұйымдар бар. Олардың бағасы қандай заттан жасалғанына және оған қанша уақыт кететініне байланысты. Ең қымбат жұмыстар – гауһар тастармен әшекейленген белдік пен асатаяқ», - дейді шебердің өзі.

 

Бір атап өтерлігі, мына сәукелені шебер осыдан 4 жыл бұрын қызының ұзатылу рәсіміне арнайы жасаған. Мұндай өнер туындысын жасауға бір жылдай уақыт кеткен. Әрі сәукелені әсемдеу үшін күміс, інжумен тігілген барқыт, құндыз материалдары пайдаланылған. Әлібайдың айтуынша, бұл оның жәдігерлерінің ішінде ерекше орынға ие. «Бұл бұйымға ат басындай алтын берілсе де, сатылмайды», - дейді шебер.

Сонымен қатар, зергердің мақтан тұтар асыл заттарының бірі – 1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартылған, көгілдір ақықпен безендірілген күміс асатаяқ. Мемлекет басшысына сыйға тартылған асатаяқ бүгінде ҚР Тұңғыш Президенті музейіне қойылған.

«Мен өзім музей қызметкерімін. Қазақ халқының этнографиясы өте бай. 17-18 ғасыр – қазақ жерінде зергерлік өнердің дамыған тұсы. Мен тек ата-бабамнан келген ежелгі дәстүрді жалғастырып келемін. Ойдан ешнәрсе шығарған жоқпын», - деді Б. Әлібай.

Сондай-ақ, талантты зергер Берік Әлібайдің жасаған әшекейіне Иордания патшайымының да көзі түскен. Әлеуметтік желідегі фотосуреттерден Рания ханым қазақы өрнекпен зерленген бойтұмар мен бедерлі білезікті әспеттеп тағып алғанын көруге болады. Расында да, фотосуреттерде патшайымның қазақы бояумен зерлеп, таза күмістен жасалған әшекей бұйымдар ерекше көзді тартады. Осыдан-ақ, ұлтымыздың ғасырлар бойы өз әсемдігімен ерекшеленген зергерлік өнері әлемдік деңгейде насихатталып жатқанын байқай аласыз.

«Мен де Иорданияның ханымы тағып жүрген әшекей бұйымдарды фотодан көргенде таңырқап қалдым. Суреттен ол бұйымдарды мұқият қарадым. Әр шеберге өз қолымен жасаған дүниелері ыстық. Оларды толық менікі деп айта аламын. Өзің жасаған дүниелеріңді білесің ғой. Бірақ та оның Иордания патшайымының қолына қалай түскенін білмеймін.Нақты айту қиын. Қазақтың күміспен көркемделген әшекейлері осындай деңгейге көтерілгені, мені қатты қуантты», - деп түйіндеді ойын, шебер.

Дәурен ЕРБОЛАТ, фото: Шыңғыс ҚАППАРОВ, bnews.kz

6793 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper