Анонс


Қазақстандағы 52 музейді жасауға қатысқан ұлт мәдениетінің қамқоршысы дүниеден өтті

Дүйсенбі, 06 Маусым 2016 03:42
Қазақстандағы 52 музейді жасауға қатысқан ұлт мәдениетінің қамқоршысы дүниеден өтті KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Дизайнерлер одағының вице-президенті, отандық ұлттық дизайн өнерінің майталманы, мәдениет қайраткері, профессор Аманжол Найманбай ұзақ науқастан дүниеден өтті, деп жазады kazmuseum.kz сайты журналист Мақсат Жақаудың әлеуметтік желідегі хабарына сілтеме жасап. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 6 маусым күні Алматы қаласында өтеді. 

Аманжол Найманбай - Қазақстанның музей саласына ерекше еңбек сіңірген тұлға. Ұлт мәдениетінің қамқоршысына айналған тұлғаның еңбегін еске түсіру үшін «Халық сөзі» газетінің тілшісі Жаннұр Жұмаштың  мұрағаттағы сұхбатынан үзінді ұсынамыз.

- Өнердің жанашыры, маған мұқалмас жігер берген Өзбекәлі Жәнібеков еді. Ол кісі Мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалған кезде, Сәбит Мұқановтың музейін ашу керек болды. Өзекең «музейден хабары бар кім бар?» деген кезде, мекеме басшылары мені жіберуді ұйғарды. Бардым. Өзбекәлі аға менімен көп сөйлескен жоқ. Мән бермегендей болды. «Сені жіберіпті ғой, бала. Жұмыс істей білесің бе? Бұрын музейде істеп көріп пе едің?», – деді. «Жоқ». «Онда неменеге келдің?», – деді. «Енді мені жіберген соң келдім». Жауабым ұнамаса керек. Үндемеді. Арада біраз уақыт өткенде С.Мұқановтың музейін жасатуға Мәскеуден В.Лозев деген архитектор-суретшіні шақыртты. Соның қасына ассистент қылып қосып қойды.  Екеуміз бірге жұмыс істедік. Ол маған бәрін түсіндіріп шықты. Түсінбесем, «сауатсыз екен» деп қалмасын деп, басымды шұлғи берем. Маған осы түсінгенің бойынша суретін сызып кел деп тапсырма берді. Бір аптадан кейін алып бардым. В.Лозев: «Сен менің айтқандарымды түсінген жоқсың. Білгем. Бірақ жасаған жұмыстарың мен айтқандағыдан да жоғары шығыпты», – деді. Маған «Мәскеуден бекер келіппін. Осында жақсы мамандар бар екен. Өзбекәліге айтам. Маған осы Алматыдан үй бермекші еді. Мен мұнда не істеймін? Мәскеуден келе алмаймын мұнда. Мына жұмыстарың жақсы. Өздерің-ақ істей алады екенсіңдер», – деді. Екі күннен кейін Өзекең маған: «Әй, мұрт, сенің жұмыстарың жақсы дейді ғой. Енді сен істейсің музейді», – деді. Сөйтіп 1976 жылы Сәбит Мұқановтың музейін жасақтап шықтым. Менің қалыптасуыма, тақырып таңдауыма Өзекең көп ықпал етті. Музей дегеннің не екеніне көзімді ашқан, батасын берген сол кісі болатын. Содан бері қарай, 40 жылдан бері 52 музейдің дүниеге келуіне атсалысыппын. Оның біразы авторлық, қалғандары басқалармен бірігіп жасаған жұмыстар. Жоғалып кетпесін деген ниетпен қазақтың тұрмыс салтында ерекше орын алатын киіз үйді дамытуға кірістім. 1988 жылы алғаш рет Алматыда Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Сол кезде киіз үй қою керек деген мәселе көтерілді. Соны өз мойныма алдым. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков: «Алматыда музей ашсақ, сонда киіз үйді дәріптесек оның түрі көп қой. Соның бәрін өзің дайындасаң дұрыс болар еді», – деген-ді. Сол кісінің аманаты, бір арманы болған істі орындамақ ниеттемін.
Өнер әрқашанда өркендеп, өрістеп отыруы тиіс қой. Киіз үйге де жаңаша жан бітіріп, жаңа дизайндық үлгімен әр беріп жарақтаймыз. Бұрын мұражайды біз мүлгіген, қозғалыссыз, жансыз дүние деп қабылдайтынбыз. Ал шын мәнінде мұражай – бұл өзгеше ғылым, бұл тарих, мәдениет ошағы, үлкен өнер. Экспонаттарды халыққа түсінікті етіп жеткізу үшін өнер керек. Егер ол тақырыпты ашып тұрмаса, онда көрме сияқты боп қалады. Ал көрме мен музейдің екеуі екі түрлі дүние ғой. Көрме уақытша қойылады. Ал музей ғасырларға лайықталып жасалады. Сондықтан әр музейдің өзіндік бет-бейнесі болуы керек. Музейге кіріп келген кезде, келушіні табалдырықтан бастап, барлық жәдігерлер өзіндік ерекшеліктерімен әсер етіп, арбап алуы керек. Ондағы тұрған құжат бола ма, жәдігер бола ма, ол өліні тірілтіп тұруы тиіс. Осы жерде біз Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған еңбегін ескергеніміз жөн. Сол кісінің айқайымен, талап қоюымен ширадық. Жетілдік. Шындығында жасаған макетіңе сын көзбен қарасаң, бірнеше қателік табасың. Музей мәдениетін, дәстүрін осылай үйреткен бізге. Сол Өзекеңнің мектебінен тәлім алған шәкірттері қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Менің таңғалатыным, музей саласында еңбек еткендердің ешуақытта аты шықпайтындығы. Ал екі ән айтып, аузын жыбырлатқанның бәрін ел таниды. Жұлдыз. Ал 52 музей жасаған мені ешкім танымайды. Менің сол 52 музейім 52 кітапқа татырлық дүние. Бізде жарнама жоқ, соған қарамастан бұл салада нағыз өнердің жанкүйерлері жұмыс істеп жүр. Мен өнер жұлдыздары сияқты атағым шықпады демеймін…Шымкенттегі Абай музейін, Отырардағы Әл-Фараби руханият музейін, Түркістандағы тарихи-этнографиялық орталықты жасап шықтық. Әр жәдігердің ар жағында халықтың тарихы, неше ғасырдың рухы, әруақтар тұр. Сол үшін жұмыс істейміз. Түркістанда ашылған Нәзір Төреқұловтың музейінде аудан, облыс басшыларының бірде-біреуі бізді ауыздарына алған жоқ, оған менің өкпем жоқ. Өйткені оның ар жағында Нәзірдің рухы тұр. Ол кісі 1932 жылы атылғаны белгілі. Біз үшін, келер ұрпақ үшін жанын қиған адам. «Айтпады, атақ бермеді» деп біз оны неге саудалауымыз керек? Музей  үнсіздікті қалайтын өзгеше әлем. Онда ерекше рухани әлем бар…  А.НАЙМАНБАЙ.

 

2823 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper