Анонс


Ақтоғай музейінің директоры: Өркениет біздің өлкеде дамыған

Сейсенбі, 03 Қараша 2015 18:00
Ақтоғай музейінің директоры: Өркениет біздің өлкеде дамыған KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтоғай ауданы – қазақ даласындағы өркениеттің дамыған жері. Бұл пікірді Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала елі» экспедициясы барысында Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінің директоры, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Әдебиеттерде Ақтоғай ауданы – қазақ даласындағы өркениеттің ең дамыған жері, адамзат мұраларының жауһары деп жазылған. Ақтоғай ауданының негізі 1928 жылы қаланған. Алғашқыда аудан – Балқаш ауданы болып құрылған. 1929 жылы Тоқырауын ауданы болып өзгертілген. 1930 жылы Қоңырат ауданы болып өзгертіліп, орталығы Ақтоғай деген жерге көшірілген. Содан бастап 1963 жылға дейін Қоңырат ауданы болып келіп, сол жылы аудан Шет ауданымен біріктіріліп, Ақтоғай ауданы болып өзгертілген. Бұл жер тарихи ескерткіштерге өте бай. Ақтоғайда алты бабаның ұрпақтары, нақтырақ айтсақ Қарамеңді би баба, Жалаңтөс батыр, Жидебай батыр, Қабанбай би, Ағыбай батырдың ұрпақтары тұрады. Әлихан Бөкейхановтың бабалары да 1838 жылы Құла ауданы Қызылшілік деген жерден осы жаққа көшіп келген, содан осы жерде тұрған», - дейді өлкетанушы.

Оның айтуынша, осы ауданда 1866 жылы Әлихан Бөкейханов дүниеге келген. Әлиханнан басқа бұл жерде Алаш қозғалысының қайраткері, Алашорда үкіметінің вице-министрі, белгілі ғалым Әлімхан Ермеков туған. Ол кісінің туған жері Бөріктас деп аталады. Одан кейін осы жерде Жақып Ақбай туған. Бұл үшеуі де Алашорданың ұйымдастырушы көсемдері, жетекшілері болған. Сондай-ақ, бұл жер атақты, әйгілі, қазақтың бұлбұлы атанған Күләш Бәйсейітованың, Манарбек Ержановтың және Әсет Найманбаевтың туған жері. 

«Әсет Найманбаевқа Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауданы таласады. Оның тарихы бар. Әсет 4-5 жасқа келгенде, оның ата-бабалары осы жақтан Мақаншыға қарай көшкен. Сол жақта тұрған. Қазір Мақаншыда Әсеттің атындағы мұражай бар. Бірақ, оның туған жері Тасбұлақ деген жер. Ол осы Қызыларай тауында Жіңішке деген өзеннің жоғарғы жағында туған. Ал Кенесары ханның қолбасшы батыры Ағыбай батыр Шуыртпалы деп аталатын жерде туған. Балқаш көлінің жағасындағы Сарышаған деген жердің негізгі атауы ертеректе Ағыбай түбегі болған. Ағыбай батырдың мазары бетпақ далада жатыр», - дейді Тұңғышбай Мұқан.

 

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

3348 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper